Тұтқындар тарихы

Тұтқындар тарихы

Тұтқындар тарихы
ашық дереккөзі
Жақында Ұлы Отан соғысы жеңісіне 75 жыл толады. Соғыстың тұтқынсыз бол­майтынын ескерсек, бұл соғыста миллиондардың тағдыры концла­герь­лерде өтіп, әскери тұтқындардың тәніне де, жанына да жазылмас жара салды. Тұт­қындар мәселесі И.Сталин дәуірінен кейін басты тақырыптардың бірі­не ай­нал­ды. Қазақстанда да жау қолына түсіп, тұт­қындар тозағынан өткен адам аз болмады.

 Тұтқынға  түскен кеңестік әскерилер саны

 Кеңес Одағы мен Германия ара­сында ұрыс майданы бас­талғаннан Қызыл Армияның көп­теген жауынгері мен коман­дир­лері әртүрлі себептермен жау­дың қоршауына түсті. Тұтқынға түс­­кендер қатарында қазақ­стан­дықтар да аз болмады. Олардың көп­шілігі қиян-кескі ұрыстарда жа­­рақат алғанына немесе сырқат­та­нып қалғанына, оқ-дәрі, отын және азық-түліктің таусылуына не­месе қоршауда қалуына бай­ла­нысты жаудың қолына түсіп қал­ды. Кеңестік әскерилердің басым көп­шілігі соғыстың алғашқы жыл­дары неміс әскеріне тұтқынға түс­кен. 1941 жылдың 22 маусымынан 1942 жылдың 10 қаңтарына дейін әскери тұтқындар саны 3,9 млн адам болса, олардың 0,4%-ын, яғни 15,2 мыңын офицерлер құраған. 1942 жылдың басында лагерьлерде олардан 1,1 млн адам қалған. 1943 жылы − 487 мың, 1944 жылы − 203 мың, 1945 жылы 40,6 мың адам тұт­қынға түскен. Ресейлік ресми деректерде әскери тұтқындардың саны 4,559 млн адам деп көрсетілсе, шет­елдік зерттеушілердің көп­ші­лігі тұтқындардың саны 5,7 млн, ал олардың ішінде қаза тапқандар саны − 3 миллионнан астам адам. Олар­дың тұжырымы неміс әскер­лері штабтарының құжаттарына негізделгендіктен, осы тұжырым шындыққа жанасады. Тұтқыннан 1 836 562 адам босап қайтты. Олар­дың ішінде 1 миллионға жуы­ғы әскери қызметін одан әрі жал­ғас­тыруға, 600 мыңы еңбек ба­тальон­дары құрамындағы өнер­кә­сіп­те жұмыс істеуге, 339 мыңы (оның ішінде 233,4 мың бұрынғы әс­кери қызметшілер) – Ішкі істер Халық комиссариатының (НКВД) лагерьлеріне аттандырылды. Қазақстандағы соғыс мәсе­ле­сімен айналысатын зерт­теу­­шілер мәліметі бойынша, ша­мамен 200 мыңдай қазақстандық жауынгер тұтқынға түскені айты­ла­ды. Ал тұтқындардың ұлттық құра­­мына қатысты анықталғаны со­ғыс аяқталған соң, елге қайтқан со­­ғыс тұтқындарының қатарында 23 143 қазақ болған деп көрсе­ті­леді.

Тұтқындар туралы халықаралық конвенция

 Фашистік тұтқында болған кеңес жауынгерлерінің қиын жағдайына гитлерлік бас­шы­лық КСРО-ны айыптады. Өйт­кені КСРО 1907 жылғы «Құрлықтағы со­­­ғыс­тың заңдары мен талаптары» ту­ралы Гаага конвенциясын мойын­дамады және әскери тұт­қын­дардың құқықтық мәртебесін анықтайтын 47 ел қол қойған 1929 жылғы Женева конвенциясына қосылмады деп түсіндірді. Женева кон­венциясында соғыс тұтқын­дары туралы заңдық талаптар көр­­­­­сетілді. Онда соғыс тұтқыны­ның беталды азапталуына жол берілмеуі, тұтқындарды қорғаудың бел­гілі бір халықаралық-құқықтық мін­деттерінің сақталуы, соғысушы ел­дердің үкіметтеріне соғыс тұт­қындарын қорғау ережелерін бұз­ғаны туралы бір-біріне айып тағуға мүм­кіншілік берілуі, Қызыл Крест қо­ғамы арқылы арыздануға, дәрі-дәр­мек алуға және т.б. қарас­ты­рылды. Ал КСРО-ның конвенцияға қол қоюдан бас тартуы кеңес тұт­қын­дарын Халықаралық Қызыл Крест ұйымының көмегінсіз қалуы­на және фашистердің ша­ма­дан тыс азаптауына мүмкіндік бер­ді. Кеңес Одағы соғыс тұтқын­дары мәселесiнде ең соңғы, жаңартылған және мемлекеттердiң басым көпшiлiгi қолдаған Женева ке­лiсiмiн қолданғысы келмедi. Оның орнына КСРО мемлекеттік қор­ғаныс комитетінің төрағасы И.Сталин 1941 жылы 16 тамызда №270-бұйрыққа қол қойды. Бұл бұй­рық бойынша кеңес әскер­ле­рі­не тұтқынға түсуіне тиым салын­ды. «Тұтқынға түсіп қалу жағдайы туын­дағанда ондайларды коман­дир­лер мен комиссарлар сол жерде атып тастауы қажет» деген тапсыр­ма берілді. Алайда Кеңес өкіметінің Же­нева конвенциясынан мүл­де бас тартуы фашистер үшін өте қолайлы сылтау болды. 1941 жыл­дың 8 қыркүйегiнде кеңестiк тұт­қын­дарға өте қатал түрде қарау, оларға ешқандай аяушылықтың болмауы туралы фашистер әске­рi­не де бұйрық келдi. Екінші дүние­жүзі­лік соғыс кезінде Шығыс май­дан­дағы КСРО-да, Германия да Гаага және Женева конвенция­ла­рының талаптарын сақтамады.

Тұтқындар тұрақтаған лагерьлер

Әсіресе, тұтқынға түскен ал­ғаш­қы күндер мен айлар тұт­қындар үшін аса қиын, ауыр бо­л­ды. Бастапқыда олар дивиз­ия­лық жинақтау бекеттеріне, содан соң «дулагтарға» (айдауға жөнел­те­тін аралық лагерьлер) жинақталды. Содан соң қатардағы жауынгерлер мен кіші командирлер «шталаг­тар­ға», ал офицерлер «офлаг» деп ата­ла­тын арнайы лагерьлерге жө­нел­тілді. Ал «шталагтар» мен «офлаг­тар­дағы» әскери тұтқындар кон­центрациялық және жұмыс ла­герьлеріне айдалды. Әскери тұт­қын­дардың саны аса көп болған кезеңде Остланд, Украина, Польша генерал-губернаторлығы, Австрия, Чехословакия, Германия, Норвегия, Финляндия және Румыниядағы рейхскомиссариаттардың аума­ғында әскери тұтқындарға арнал­ған лагерьлердің саны 2 670-ке жуық болды. Кейінірек тұтқындар топтастырылып, неміс әскері ба­сып алған бүкіл Еуропа аумағына та­ратылды. Әсіресе, Смоленск, Каунас ла­г­ерьлерінде, сондай-ақ Бяла-Подляска, Бобруйск, Иван-город, Кельце, Острув-Мазовецки жә­не басқа да елді мекендердің тү­­бінде орналасқан лагерьлерде жағдай аса қиын болды. Острув-Ма­зовецки қаласы маңындағы бір лагерьде ғана 1941 жылы күзде ажал құшқан әскери тұтқындар­дың саны тәулігіне 1 000 адамға дейін жетті. Ал немістердің құжат­тарындағы деректер соғыс бас­тал­ған күннен 1942 жылы жазға дейін­­­­гі аралықта күн сайын 6 мың­ға жуық кеңестік әскери тұт­қын қаза тапқанын көрсетеді. 1941 жылы 14 желтоқсанда оккупацияға түскен шығыс аумақтарының рейхсминистрі А.Розенберг Гит­лерге: Украинадағы лагерьлерде «аштық нәтижесінде күнделікті 2 500-ге жуық әскери тұтқын қайтыс болады» деп мәлімдеді. Немістердің әскери тұт­қын­дарға арналған лагерьлері белгіленген халықаралық норма­лар мен конвенцияларға сай кел­ме­ді. Соғыстың алғашқы жылдары тұт­қындар жай ғана далада, тікенді сым­нан жасалған қоршауда ор­на­ласты. Кейбірде олар мал қора­лар­ға, қоймаларға, фермаларға, ста­дион­дарға, жарылыстан бұзылған ка­зармаларға және тіпті шіркеу­лер­ге қамалды. Күн суыған кезде олар жерге ін қазып, сол індерге жа­татын болды. Кейіннен, 1942 жы­лы Германия жұмыс күшіне мұқ­таж болғаннан бастап тірі қал­ған тұтқындардың жағдайы жақ­сара бастады, яғни олар от жағыл­майтын болса да, жатын орындары бар жабық жайларға орналастыры­лып, олардың күндік тамақтану мөл­шері 2 540 калорияға дейін артты. Фашистік лагерьлердегі кеңес­тік әскери тұтқындардың өлімі 57,8%-ға жетті.

Тұтқындарға  жасалған зорлық пен қорлық

Тұтқынға түскен Қызыл әс­кер жауынгерлері мен ко­ман­дирлерінің тағдыры әрқилы бол­ды. Немістің әскери қызмет­кер­лері ызаланған кезде немесе жай көңіл көтеру үшін болмаса жинақ­тау бекетіне апаруға ерінгендіктен ғана әрбір тұтқынды ешбір заңды жауапкершіліксіз ата салуы мүмкін болған. Соғыстың алғашқы күндері ғана емес, кейіннен де тұтқынға тү­сіп қалған жауынгерлерді негіз­сіз, себепсіз өлтіру жағдайлары көп болған. Тұтқында озбырлық, зор­лық пен қорлық, тіпті хайуан­дық жиі кездескен. Мысалы, 1942 жылы қырым трагедиясының бір куә­гері мынадай суреттеме берген: «Тұт­қындар өткен жердің үсті тол­ған қан, өлген және өлтірілген мәйіт­терге толы болған». Әскери тұтқындар терең тыл­ға платформасы ашық те­мір­жол вагондарымен және жа­бық тауар вагондарымен тасы­мал­данған. Оларды малға ұқсатып, 40-50 адам сыятын бір вагонға 80-100 адамнан кіргізген. Ол вагон­дарда не жатын орын (төсек), не пеш, не су құйылған ыдыстар, не қол жуғыш, тіпті дәретханалар да бол­маған. Жол бойы адамдарға та­мақты өте сирек берген, 3-5 тәу­лік бойы аш болған. Жазда тұт­қын­дар ыстық пен оттегінің жетіс­пеу­шілігінен қысылса, қыста суық­тан тоңып, қатып жатқан. Стан­ция­ларға барып жеткен эшелон­дар­да ондаған, тіпті жүздеген мәйіт­тер болған. Поляк тарих­шы­сы Ш.Датнердің пікірінше, «та­сы­малдау кезіндегі шығынның» 200-250 мыңы кеңестік әскери тұт­қын­дары құраған. Жүздеген шақырымды жаяу жүріп, аш-жалаңаш болса да, тірі қалған тұтқындар әскери тұрақ­ты лагерьлерге барып, тағы да сынаққа түсті. Олардың өмірі кө­­бінесе күзетшілердің іс-әрекет­тері­не байланысты болды. Ал кон­центрациялық лагерьлерде күзетті СС әскері жүргізді. Көптеген жағ­дай­да әскери тұтқындардың ара­сын­да болып жатқан жағдайды ұғып-түсініп жатпай-ақ, автоматты қару­дан оқ атқан, топтасқан адам­дардың арасына гранат лақтырған, кейде тіпті көңіл көтеру үшін олар­ды негізсіз өлтірген. Соғыстың соңғы кезеңінде де Германияның түпкі аймақтарына эвакуациялау кезінде көптеген әскери тұтқындар неміс жауынгерлерінің жауыз­ды­ғынан қаза тапқан. Әскери тұт­қын­­дарға арналған неміс лагерь­ле­рін­де 1941 жылдың соңы мен 1942 жыл­дың басында орын алған аш­тық­тан адамдар шөп, құрғақ жа­пы­рақ, ағаштардың қабығын, өл­ген жануарлардың етін жеп, түр­лі қор­лықтарға көнген.

Түркістан  легионы

Фашистер Кеңес Одағы ха­лықтары арасында орыс емес ұлттардың соғыс тұтқын­д­а­ры­­на сүйене отырып, этникалық араз­дықты қоздыруға тырысты. 1941 жылдың күз айының басында не­­міс лагерьлерінде кеңес әскери тұт­­қындарына арналған комис­сия­­лар құрылып, Қызыл Армия­ның «түркі-мұсылман» әскери тұт­­қындарының тізімі жасалды. Түр­­кістан легионын құру туралы бұй­­рық 1941 жылы 17 желтоқсанда шы­ғарылды, легион құрамына түрік­мендер, өзбектер, қазақтар, қыр­ғыздар, қарақалпақтар қабыл­данды. 20 желтоқсанда А.Гитлер неміс армиясында бұрынғы КСРО азаматтарынан славян емес ұлт­тар­дың қарулы құрамаларын құру­ға рұқсат берді. 1942 жылдың ба­сын­­да ең алғашқы Түркістан ба­тальондары құрылып үлгерді. Ең алдымен оларға Кеңес Ода­­ғының саны аз халықта­ры­ның – Орта Азия, Кавказ ұлтта­ры­ның, сондай-ақ Поволжье, Урал және Крымды мекендейтін, ислам ді­ніндегі халық өкілдері кірді. Не­міс-фашист қолбасшыларының пи­ғылы ұлты орыс емес әскери тұт­қындарға сүйеніп, Кеңес Одағы ха­лықтарының арасына іріткі салу еді. Адам төзгісіз жағдайларға тап бол­ған лагерьлердегі тұтқындарға ле­гиондарға қатысу туралы ұсы­ныс жасалды. Қатысқандарға ыс­тық тағам беріліп, жылы киім үлес­­тірілетіні, қорлықтан құтқа­ры­латыны және т.б. мүмкін­шілік­тер жасалатыны ескертілді. Тұт­қын­дардың бір бөлігі бұл уәдеге сен­се, қалған бөлігі сенбесе де ла­герьде қиналып өліп кеткенше, тірі қалудың амалы үшін легионға қа­тысуға келісім берді. Неміс тарихшысы И.Хоф­фманның пікірінше, бүкіл со­ғыс кезеңі ішінде неміс армия­сын­да 90 батальон болған, соның ішін­де 26 Түркістан батальоны (20,5 мың адам), 15 Әзірбайжан ба­тальоны (36,6 мың адам), 13 гру­зин батальоны (19 мың адам), 12 армян батальоны (7 мың адам), 9 солтүстік кавказдық батальон (15 мың адам), крым татарларының 8 батальонында (10 мың адам), Вол­га татарлары және Поволжье мен Уралдың халықтары біріктірілген 7 батальонда (12,5 мың адам) бол­ған. 1942 жылы «А» тобындағы ар­миялардың іс-әрекет аймағында 5 мың адамнан калмақ кава­ле­рия­лық корпусы құралған. Қарулы бө­лімдермен қатар вермахт құра­мын­да марштарды толықтырудың негізін құраған 11 тұрақты ба­тальон, сондай-ақ 15 запастағы, құ­­­­рылыс және көлік батальоны және 202 жеке рота (атап айтқанда, 111 түркістандық, 30 грузин, 22 ар­мян, 21 әзірбайжан, 15 татар жә­не 3 солтүстік-кавказ ротасы) бол­ған. 162-ші (түркі) жаяу әскер ди­ви­зиясы құрамының бір бөлігін осы бөлімшелер құраған. Соғыс тақырыбының ма­ма­ны, тарихшы ғалым Қ.Ал­да­жұма­новтың еңбектерінде: «КСРО-ның Еділ бойы, Қазақстан, Орта­лық Азия және Кавказ ұлттарынан 310 мыңнан 325 мыңға дейін же­тетін адамдар Шығыс легион­да­рын­да болған. Таратып айтсақ, олар­дың қатарында: 180 мың өз­бек, қазақ, қырғыз, ұйғыр, тәжік, тү­рікмендер, Солтүстік Кавказ ұлт­тарынан 28-30 мыңдай адам, 20 мыңдай грузин, 18 мыңдай армян, 25-55 мыңдай әзірбайжан, 40 мың­дай татар, башқұрт, чуваш, мордва, удмурт, марилер осы Шығыс ле­гион­дарының сапынан өткен» де­ген мәліметтер айтылады.

 Тұтқында болған әкемнің естелігі

Әкем Санабай Сайланов 1939 жылы қызыл әскер қа­­­тарына шақырылып, екі жыл По­льша маңайында қызмет еткен. Елге қайтар кезде, 1941 жылы со­ғыс басталып, Белосток-Минск май­данында фашист басқын­шы­лары­ның қолына тұтқынға түседі. Тө­беден төніп, қарғаша қаптаған не­міс ұшақтарының атқылауы бұ­ларға соғысуға мұрша бермейді. Ар­тынша бақайшағына дейін қаруланған немістің моторлы-жаяу әскері бұларды тырп етуге мұр­ша бермей, Белосток облысы ау­ма­ғында қолға түсіреді. Кеңестік тұтқындардың көп­шілігі соншалықты неміс­тер алғашқы кезде оларды қайда сый­ғызарын білмеген. Алғашында те­мір сыммен қоршалған ашық алаң­­да мыңдаған кеңестік тұтқын­дар­дың арасында өзінің болғанын, иін тіресетін жер болмай қысы­лып-қымтырылып жатқандарын, орнынан тұрған адамның қайта өз орнын таппай қалатынын еске ала­тын. Сол жерде, одан кейінгі ла­герьлерде тұтқындар аштықтан, шөлден, аурудан және азаптан мың­дап қырылған. Кейіннен олар­ды Германиядағы лагерьлердің бі­ріне әкелген. Аяқтарына ағаш бә­тің­ке кигізген. Мұстафа Шоқайдың әс­кери тұтқындарды аралап, олар­дың алдында сөз сөйлегені рас бол­ғанымен, әкем оны тікелей көр­меген. М.Шоқаймен қатар тұт­қын­дар арасында Уәли Каюмхан есі­мі жақсы жайылған. Тұтқында­ғы­лардың мақсаты жан сақтау бо­лып, егер майдан даласына шы­ғып жатсақ, жан пида етіп кеңес жағына өтіп кетеміз деген ой еді. Бұл жерде өмір мен өлімнің қатар қақ­тығысқа түскен кезі болды. Әкем­нің айтуынша, олар 1943 жыл­дың басындағы ұрыстың бірін­де аман қалғандары кеңестер жа­ғына түгел батальон болып өтіп кет­кен.  width= Қазіргі мұрағат құжат­та­рын­дағы мәліметтерге қарасам, әкемді кеңес өкіметі 1943 жылы 2 сәуірде тұтқындағаны жазылып тұр. ІІХК-ның сол жылғы 11 жел­тоқ­сандағы айрықша мәжілісінің ше­шіміне сәйкес КСРО заңының 58-бабымен соттаған. Сонда қолы­на қару ұстап, Отан қорғауға бар­ған әкем және оның қаруластары тұт­қынға түскені үшін осы баппен сот­талып кете барды. Сотталып Мор­доводағы еңбекпен түзеу ла­геріне айдалды. Әйтеуір елге аман орал­ды. Ол кейіннен 1963 жылы 22 маусымда Еділ әскери округінің әс­кери трибуналы шешімімен ақ­талды.

Соғыстан  кейінгі тұтқындар тағдыры

1944 жылы Кеңес Одағына орал­­ған әскери тұтқындардың ағы­ны күрт өсті. Осы жылы жазда бар­лық елге оралған тұтқындарды сүз­гіден өткізу мен тексерудің жаңа жүйесі енгізіліп, мемлекеттік қауіп­сіздік органдарымен тексе­ріл­ді. Тұтқыннан босатылған кеңестік азаматтар 1944 жылдың соңынан 1950-жылдардың ортасына дейін Отанына қайта оралған. КСРО Ха­лық комиссарлары кеңесінің жауын­­герлерді өз еліне қайтару ісі жө­ніндегі уәкілетті басқар­ма­сының мәліметтері бойынша, 1945 жылы қазан айында босатылған кеңестік әскери тұтқындардың есепке алынғандарының жалпы саны 2 016 480 адамды құраса, оның ішінде 1 730 181 адам Гер­ма­н­ияда және өзге елдерде, тағы 286 299 адам жау басып алған одақтас республикалардың аумағында бол­ды. Сонымен қатар 1947 жылы олар­дың 1 836 мыңы, соның ішін­де жаудың әскери және полицай қыз­метіне кіргендер де Отанға қайта оралған деген мәлімет те бар. Олардың тағдырлары әрқилы бол­ған. Біреулері қамауға алынып, сот­талып кетсе, тағы біреулері 6 жыл­ға арнайы қоныстарға жөне­л­тілген, кейбіреулері еңбек армиясы батальондарының құрамына кір­ген. Сонымен бірге 1946 жылғы 1 тамыздағы деректер бойынша 300 мың бұрынғы тұтқын үйлеріне жіберілген. Кеңестік және ресейлік әскери тарихшы Г.Кривошеев ІІХК мәліметтеріне сүйене отырып, тұт­қыннан оралған 1 836 562 жауын­гер­дің 233 400-і жаумен ынты­мақ­тастық жасады деген айыппен сот­талғанын және Гулаг жүйесінде жазасын өтегенін айтады. Сайып келгенде, тұтқындар со­ғыстан кейін өзін күтпе­ген, сенбеген Отанына оралды. Олар­ды тексеріп, лагерьлерде ұс­тап, тексергеннен және адалды­ғы­на көз жеткізгеннен кейін еркін­дік­ке жіберді. Енді біреулер Ота­нында күтіп тұрған ащы тағдырды сезіп, жат елде қалып қойды. Кеңес тұтқындары екі тоталитарлық мем­лекеттің, екі диктатордың ара­сында көселген отқа күйді, жан­дары жаншылып, қорғансыз күй кешті.

Болат САЙЛАН,

Әль-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры,

тарих ғылымдарының докторы,

Ауған соғысының ардагері