«Нар мойыны Бердібекте кесілді» деген сөздің мәні
«Нар мойыны Бердібекте кесілді» деген сөздің мәні
Алтын Орда тарихына қатысы бар ескерткіштің біріне «Нар мойыны Бердібекте кесілді» деген тарихи мәтел жатады. Хронологиялық жағынан алғанда мазмұнына Алтын Орда тарихының бір ғасырдан астам уақытын сыйдырған бұл тарихи ескерткіш алғаш рет XVII ғасырдағы Хиуа ханы әрі тарихшысы Әбілғазы ханның еңбегінде кездеседі. Тарихи мәтелдің қысқаша анықтамасы «Жошы ұлысы мен Алтын Орда тағында болған Батый хан және оның ұрпақтарының билігі Бердібек ханмен аяқталды» дегенді білдіреді. Енді осы тарихи ескерткішке айналған сөйлемнің мазмұнымен танысып көрелік.
Ресми түрде Батый ханның Жошы ұлысына билікке келген жылы – 1227 жыл, ал Батый хан әулетінің соңғы өкілі Бердібек ханның қастықпен өлтірілген жылы – 1359 жыл. Әулет билігінің Алтын Ордада Берке ханның (1256-1266) онжылдық билігімен қоса есептегенде ұзақтығы 132 жыл екен. Ал Алтын Орданың туы құлаған жылға 1502 жылдың жататыны белгілі. Осы даталарды негізге ала отыра, Жошы ұлысы мен Алтын Ордада билік еткен Жошы ұрпақтарының мерзімі 278 жыл болса, оның жартысына жуығы, яғни 132 жылы Батый әулетіне тиесілі екен. Ал қалған 146 жылы Жошының қалған ұлдарының ұрпағына жатады.
Енді «Нар мойыны Бердібекте кесілді» деген тарихи сөздің мазмұнына назар аударсақ.
132 жыл ішінде Батыйдың інісі Беркені қоса есептегенде 12 хан ресми түрде билікте болып, тақта отырған екен. Олардың ішінде Батыйдың ұлдары Сартақ пен Ұлақшының және Өзбек ханның ұлы Тыныбек ханның билік ғұмыры өте қысқа болғандықтан, сол заманның тарихшыларының өздері олар туралы мәліметтерді жазба тарихқа енгізе қоймаған.
Батый ханнан кейінгі Алтын Орда хандарының тарихында тақты иелену үшін ашық және жасырын түрде аяусыз күрестер жүргенін жазба дерек мәліметтері баяндайды. Осы аяусыз күрестің алғашқы құрбаны Батый ханның ұлы Сартақ болды. Араб, парсы және түрік тілдеріндегі жазба деректерде Сартақтың кенеттен қайтыс болғаны жөнінде тек айтылып қана өтілсе, армян деректері кім өлтіргенін ашық баяндайды. Авторы белгісіз, Себастаци қаласының тұрғыны, Себастаци деген атпен белгілі армян тарихшысы өзінің «Жылнамасында» өзіне дейінгі армян тарихшыларының мәліметтеріне сүйеніп, ХІV ғасырға дейінгі көптеген оқиғаyы баяндай келе, 1256 жылғы Батыйдың мұрагері Сартақтың өліміне тікелей кінәлілер деп, сол кездің өзінде исламды қабылдап үлгерген Берке мен Беркежарды (деректерде Беркечаллин делінеді) атап көрсетеді. Сөйтіп, Батый ханның ұлы Сартақ Сарайдағы тақ үшін күрестің алғашқы құрбаны болып есептеледі. Сартақтың қазасынан кейін Батый ханның Тоған атты ұлының әйелі Борақшын хатын Ордадағы өзінің зор беделін пайдаланып, өз ұлы Тұда Менгуді билікке әкелмек болады да, Ирандағы Төленің ұлы Құлағудан көмек сұрайды. Оның астыртын әрекеті ашылып қалып, сол үшін ол тақ үшін күрестің екінші құрбанына айналады. Одан кейін Батый ханның туған інісі Берке хан Сарай тағын он жыл, Тоғанның ұлы Менгу Темір хан 16 жыл, оның інісі Тұда Менгу 5 жыл тақ иесі болады.
1290 жылдан бастап Сарай тағы үшін Менгу Темір хан ұлдары арасында күрес жүріп, ол күрес Жошы ханның сол жылдардағы ең беделді ұрпағы, жалғыз көзді Ноғайдың белсене араласуымен өтеді. 1292 жылы Менгу Темірдің бір ұлы Тоқта хан Ноғайдың көмегімен бауыры Тұлабұқадан тақты тартып алып, оның және тағы бес бауырының қанын төгеді де, жеке дара билікке келеді. Ал басқа бір дерек мәліметінде оның тақтан үміткер барлық сұлтандарды өлтіріп, таққа келгенін және шексіз билікке ие болғаны баяндалады.
Өтеміс қажы дерегінде Тоқта ханның өз туыстарын өлтіруі туралы мынадай мәліметтер айтылады: «Ол өзі қайтыс болғаннан кейін ұлы Эль-Басармен (Ильбасар) тақ үшін ешкім таласпас үшін туыстары мен ұрпақтарын қырды». Ал 1300 жылы Тоқта хан Ноғаймен күресіп, оны жеңеді де, «ұзаққа созылған «Ноғай бұлғағына» нүкте қояды.
Қарап отырсақ, Батый хан ұрпақтары Алтын Орда тағын иелену үшін және оны ұрпағына мұра етіп қалдыру үшін небір аяусыз қатыгездікке барып отырған екен. Тоқта ханнан кейін билікке келген Өзбек хан да бұл үрдісті одан әрі жалғастырады.
1312 жылы Өзбек хан таққа отырысымен Тоқта ханның бір ұлы мен оның жанындағы 120 Шыңғыс хан әулетінің өкілін өлтірсе, басқа бір деректе Тоқта ханның 2 ұлы мен 20 сұлтанды о дүниеге аттандырады. Өзбек ханның Алтын Ордадағы билігі 30 жылға созылып, сол жылдары мемлекеттің қандай деңгейге жеткенін жоғарыда айтып өттік.
Өзбек ханның үш ұлы болған. Олар: Тінібек, Жәнібек және Хызырбек. 1342 жылы Өзбек хан қайтыс болып, орнына үлкен ұлы Тінібек отырады. Жәнібек пен Хызырбек оған қарсы бас көтеріп, жеңіске жетеді де, оны өлтіреді және көп ұзамай сол жылы Жәнібек інісін де ағасының соңынан жібереді. Туған бауырларын өлтіріп, 15 жыл хан болған Жәнібек ханның өзі 1357 жылы 22 шілдеде ұлы Бердібектің қолынан қаза табады. Тарихта әкесін өлтіріп таққа келгендерді «Жүзі қара хан» деп атайтыны белгілі. Бердібек хан да сондай «атаққа» лайықты деп санаймыз. Сөйтіп, таққұмар Бердібек хан қанды жолмен арманына жетеді.
Осылайша, алдыңғы беттердегі қысқаша шолудан көргеніміздей, Берке ханнан Бердібек ханға дейінгі Алтын Орда хандарының бәрі дерлік билік үшін бауырлары мен туыстарының сүйегін аттап өтіп, тақты иеленген екен. Тақ үшін күресте сарай әмірлері, ханның әйелдері, жергілікті тайпа бектері және әртүрлі топтар өз мүдделері үшін аса зор белсенділік танытады. Ал Бердібек ханның екі жылдық билігі тұсында өз туыстарына жасаған қатігездігі өзіне дейінгі хандардың бәрінің әрекетінен асып кетеді. Сол туралы төменде тереңірек қарастыралық.
1357 жылы 22 шілдеде бірден Алтын Орда тағының иесі болған Бердібек хан ең алдымен, болашақта өзіне қауіп төндірер туыстарын қырудан бастайды. Тарихшы Әбілғазы Бердібек ханның адами қасиеттері туралы: «Бердібек хан өте залым және пасық, іші қара адам еді», – деп жаза келе, «Аға-інісі, барлық туыстарынан ешкімді қалдырмай, бәрін өлтірді» деп мәлімет қалдырады. Оның өз бауырларын қалай өлтіргенін «Ескендірдің анонимі» дерегінің авторы былайша баяндайды: «Ол (Бердібек) өзіне барлық сұлтандарды шақырып, бәрін бір сәтте өлтірді. Өзінің 8 айлық інісін Тайдұлла бегім қолына алып келіп, нәрестенің жанын қия гөр деп жалынып сұрағанда, Бердібек оның қолынан сәбиді алып, жерге ұрып өлтіреді». Ал Өтеміс қажының еңбегінде Бердібек ханның өз туыстарына жасаған жауыздығы төмендегідей баяндалады: «Бұл Бердібек хан өте ақылсыз және мейірімсіз болды. Ол өз ұлдары мен жақын туыстарын хандыққа таласады деп өлтірді. Жұрттың айтуынша, қаңлы Төлебай (Туғлы бай, Тулубай) деген саны да көп әрі күшті туыстары бар адам болыпты. Ол ханның аталығы екен. Ол не айтса да, хан орындап отырыпты». Одан әрі Төлебайдың Самай атты ұлы болып, оның әрі батыр, әрі мерген болғаны, Жәнібек хан заманында оның қарақшы болып, хан жарлығымен өлтірілгені айтылады. «Төлебай ұлының кегін қайтару мақсатында Бердібек ханға мынадай кеңес беріп, оны сендіреді. «Сен қазір жассың. Қазір сенен туылған ұлдар сенімен қатар есейеді. Сен күн сайын қартайған сайын, олар ержете бастайды. Қартайған кезіңде олар сенімен тақ үшін таласып, тақты тартып алады. Сол себепті сен қазірден бастап оларды өлтіре бер». Сөйтіп бұл залым оны тыңдап, өз ұлдарын өлтірді». «Сол кезде Өзбек ханның әйелі, Жәнібек ханның анасы, өте беделді Тайтұғлы бегімнің көзі тірі еді. Сайын ханның (Батый хан – Б.К.) ұрпақтарынан ешкім қалмаған кезде бегім: «Енді хандық пен жұрт Шайбан ұрпақтарының қолына өтеді», – деген екен». Орыс жылнамаларының мәліметтерінде Бердібек хан өзінің 12 бауырын өлтірді деп айтылады. Бердібек ханның билігі екі жылға созылып, ақыры ол аталығы Төлебай және басқа да әмірлермен қоса Сарай әмірлерінің қастандығының нәтижесінде қаза табады.
Тағы да Әбілғазыға жүгінсек, мынадай мәліметтерді кездестіреміз: «Бұл пәниден өзі (Бердібек ханды айтып отыр. – Б.К.) өтпейтіндей көрінді. Ақыры патшалығы ұзаққа бармады, екі жылдан кейін 762 жылы опат болды. Сайын хан әулеті Бердібекпен аяқталды. Өзбек ішінде, «Нар мойыны Бердібекте кесілді» деген мысал бар. Бұдан соң Жошы ханның өзге балаларының әулеті патшалық құрды».
Осылайша, жоғарыда айтқанымыздай, Бердібек ханның тақ үшін таластағы қатігездігі өзіне дейінгі барлық хандардан асып түседі. Бердібек ханға дейінгі Алтын Орда билеушілері тақ үшін таластарда аға-інілерін, немере туыстарын қырса, билікте ұзақ отырғысы келген Бердібек хан екі жыл ішінде туыстарымен бірге өз ұлдарын да аямаған. Соның нәтижесінде 1359 жылы Батый хан әулетінен ер адам қалмайды. Тайтұғлы бегімнің айтқан сөзі дәл келіп, Бердібектен соң Алтын Ордадағы хан тағы Батый әулетінің қолынан кетіп, Жошы ханның басқа ұлдарының ұрпақтарына ауысады. Бердібек ханның өлтірілуімен Алтын Орда тарихында келесі кезең басталып, тарихта оны «Ұлы дүрбелең» жылдары деп атайды.
Берекет Кәрібаев,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры,
тарих ғылымдарының докторы