«Нар мойыны Бердібекте кесілді» деген сөздің мәні

«Нар мойыны Бердібекте кесілді» деген сөздің мәні

«Нар мойыны Бердібекте кесілді» деген сөздің мәні
ашық дереккөзі
Алтын Орда тарихына қатысы бар ескерткіштің біріне «Нар мойыны Бердібекте кесілді» деген тарихи мәтел жатады. Хронологиялық жағынан алғанда мазмұнына Алтын Орда тарихының бір ғасырдан астам уақытын сыйдырған бұл тарихи ескерткіш алғаш рет XVII ғасырдағы Хиуа ханы әрі тарихшысы Әбілғазы ханның еңбегінде кездеседі. Тарихи мәтелдің қысқаша анықтамасы «Жошы ұлы­сы мен Алтын Орда тағында болған Батый хан және оның ұрпақтарының билігі Бердібек ханмен аяқталды» де­генді білдіреді. Енді осы тарихи ескерткішке айналған сөй­лемнің мазмұнымен танысып көрелік.  Ресми түрде Батый ханның Жошы ұлысына билікке келген жы­лы – 1227 жыл, ал Батый хан әуле­ті­нің соңғы өкілі Бердібек ханның қас­тықпен өлтірілген жылы – 1359 жыл. Әулет билігінің Алтын Ордада Берке ханның (1256-1266) он­жыл­дық билігімен қоса есептегенде ұзақ­тығы 132 жыл екен. Ал Алтын Ор­даның туы құлаған жылға 1502 жыл­дың жататыны белгілі. Осы да­таларды негізге ала отыра, Жошы ұлы­сы мен Алтын Ордада билік ет­кен Жошы ұрпақтарының мер­зі­мі 278 жыл болса, оның жартысына жуығы, яғни 132 жылы Батый әуле­тіне тиесілі екен. Ал қалған 146 жы­лы Жошының қалған ұлдары­ның ұрпағына жатады. Енді «Нар мойыны Бердібекте ке­сілді» деген тарихи сөздің маз­мұ­ны­на назар аударсақ. 132 жыл ішінде Батыйдың інісі Бер­кені қоса есептегенде 12 хан рес­ми түрде билікте болып, тақта отыр­ған екен. Олардың ішінде Б­а­тыйдың ұлдары Сартақ пен Ұлақ­шының және Өзбек ханның ұлы Ты­ныбек ханның билік ғұмыры өте қысқа болғандықтан, сол заманның тарихшыларының өздері олар ту­ралы мәліметтерді жазба тарихқа ен­гізе қоймаған. Батый ханнан кейінгі Алтын Орда хандарының тарихында тақ­ты иелену үшін ашық және жа­сы­рын түрде аяусыз күрестер жүр­ге­нін жазба дерек мәліметтері баян­дай­ды. Осы аяусыз күрестің алғаш­қы құрбаны Батый ханның ұлы Сар­тақ болды. Араб, парсы және тү­рік тілдеріндегі жазба деректерде Сартақтың кенеттен қайтыс болғаны жөнінде тек айтылып қана өтілсе, армян деректері кім өлтір­генін ашық баяндайды. Авторы белгісіз, Себастаци қаласының тұрғыны, Себастаци деген атпен бел­гілі армян тарихшысы өзінің «Жыл­намасында» өзіне дейінгі ар­мян тарихшыларының мәлі­мет­тері­не сүйеніп, ХІV ғасырға дейінгі көп­теген оқиғаyы баяндай келе, 1256 жылғы Батыйдың мұрагері Сар­тақтың өліміне тікелей кінә­лілер деп, сол кездің өзінде ислам­ды қабылдап үлгерген Берке мен Беркежарды (деректерде Бер­кечал­лин делінеді) атап көр­сетеді. Сөй­тіп, Батый ханның ұлы Сартақ Са­рай­д­ағы тақ үшін күрестің алғашқы құр­баны болып есептеледі. Сар­тақ­тың қазасынан кейін Батый хан­ның Тоған атты ұлының әйелі Бо­рақ­шын хатын Ордадағы өзінің зор бе­делін пайдаланып, өз ұлы Тұда Мен­гуді билікке әкелмек болады да, Иран­дағы Төленің ұлы Құлағудан кө­мек сұрайды. Оның астыртын әре­кеті ашылып қалып, сол үшін ол тақ үшін күрестің екінші құр­ба­ны­на айналады. Одан кейін Батый хан­ның туған інісі Берке хан Сарай та­ғын он жыл, Тоғанның ұлы Менгу Те­мір хан 16 жыл, оның інісі Тұда Менгу 5 жыл тақ иесі болады. 1290 жылдан бастап Сарай тағы үшін Менгу Темір хан ұлдары ара­сын­да күрес жүріп, ол күрес Жошы хан­ның сол жылдардағы ең беделді ұр­пағы, жалғыз көзді Ноғайдың бел­сене араласуымен өтеді. 1292 жы­лы Менгу Темірдің бір ұлы Тоқта хан Ноғайдың көмегімен бауыры Тұ­лабұқадан тақты тартып алып, оның және тағы бес бауырының қа­нын төгеді де, жеке дара билікке ке­леді. Ал басқа бір дерек мәлі­ме­тін­де оның тақтан үміткер барлық сұлтандарды өлтіріп, таққа келге­нін және шексіз билікке ие болға­ны баяндалады. Өтеміс қажы дерегінде Тоқта хан­ның өз туыстарын өлтіруі ту­ралы мынадай мәліметтер ай­ты­ла­ды: «Ол өзі қайтыс болғаннан кейін ұлы Эль-Басармен (Ильбасар) тақ үшін ешкім таласпас үшін туыстары мен ұрпақтарын қырды». Ал 1300 жылы Тоқта хан Ноғаймен күресіп, оны жеңеді де, «ұзаққа созылған «Но­ғай бұлғағына» нүкте қояды. Қарап отырсақ, Батый хан ұр­пақ­тары Алтын Орда тағын иелену үшін және оны ұрпағына мұра етіп қал­дыру үшін небір аяусыз қаты­гез­дікке барып отырған екен. Тоқта хан­нан кейін билікке келген Өзбек хан да бұл үрдісті одан әрі жал­ғас­ты­рады. 1312 жылы Өзбек хан таққа оты­­­­рысымен Тоқта ханның бір ұлы мен оның жанындағы 120 Шыңғыс хан әулетінің өкілін өлтірсе, басқа бір деректе Тоқта ханның 2 ұлы мен 20 сұлтанды о дүниеге аттан­ды­рады. Өзбек ханның Алтын Ор­да­дағы билігі 30 жылға созылып, сол жылдары мемлекеттің қандай дең­гейге жеткенін жоғарыда айтып өттік. Өзбек ханның үш ұлы болған. Олар: Тінібек, Жәнібек және Хы­зыр­бек. 1342 жылы Өзбек хан қай­тыс болып, орнына үлкен ұлы Ті­ні­бек отырады. Жәнібек пен Хы­зыр­бек оған қарсы бас көтеріп, жеңіске же­теді де, оны өлтіреді және көп ұза­май сол жылы Жәнібек інісін де ағасының соңынан жібереді. Ту­ған бауырларын өлтіріп, 15 жыл хан болған Жәнібек ханның өзі 1357 жылы 22 шілдеде ұлы Берді­бек­тің қолынан қаза табады. Тарих­та әкесін өлтіріп таққа келгендерді «Жүзі қара хан» деп атайтыны бел­гі­лі. Бердібек хан да сондай «атаққа» лайықты деп санаймыз. Сөйтіп, тақ­құмар Бердібек хан қанды жол­мен арманына жетеді. Осылайша, алдыңғы беттердегі қысқаша шолудан көргеніміздей, Берке ханнан Бердібек ханға дейін­гі Алтын Орда хандарының бәрі дерлік билік үшін бауырлары мен туыстарының сүйегін аттап өтіп, тақ­ты иеленген екен. Тақ үшін кү­ресте сарай әмірлері, ханның әйел­дері, жергілікті тайпа бектері және әр­түрлі топтар өз мүдделері үшін аса зор белсенділік танытады. Ал Бер­дібек ханның екі жылдық билігі тұсында өз туыстарына жасаған қатігездігі өзіне дейінгі хандардың бәрінің әрекетінен асып кетеді. Сол ту­ралы төменде тереңірек қарас­тыралық. 1357 жылы 22 шілдеде бірден Ал­тын Орда тағының иесі болған Бер­дібек хан ең алдымен, бола­шақ­та өзіне қауіп төндірер туыстарын қырудан бастайды. Тарихшы Әбіл­ғазы Бердібек ханның адами қа­сиеттері туралы: «Бердібек хан өте залым және пасық, іші қара адам еді», – деп жаза келе, «Аға-інісі, бар­лық туыстарынан ешкімді қал­дырмай, бәрін өлтірді» деп мәлімет қалдырады. Оның өз бауырларын қалай өлтіргенін «Ескендірдің анонимі» дерегінің авторы былайша баяндайды: «Ол (Бердібек) өзіне барлық сұлтандарды шақырып, бә­рін бір сәтте өлтірді. Өзінің 8 айлық інісін Тайдұлла бегім қолына алып келіп, нәрестенің жанын қия гөр деп жалынып сұрағанда, Бердібек оның қолынан сәбиді алып, жерге ұрып өлтіреді». Ал Өтеміс қажының еңбегінде Бердібек ханның өз туыс­тарына жасаған жауыздығы тө­мендегідей баяндалады: «Бұл Бер­дібек хан өте ақылсыз және мейі­рім­сіз болды. Ол өз ұлдары мен жа­қын туыстарын хандыққа тала­са­ды деп өлтірді. Жұрттың айтуын­ша, қаңлы Төлебай (Туғлы бай, Тулу­бай) деген саны да көп әрі күш­ті туыстары бар адам болыпты. Ол ханның аталығы екен. Ол не айтса да, хан орындап отырыпты». Одан әрі Төлебайдың Самай атты ұлы болып, оның әрі батыр, әрі мерген болғаны, Жәнібек хан заманында оның қарақшы болып, хан жарлығымен өлтірілгені ай­тылады. «Төлебай ұлының кегін қай­тару мақсатында Бердібек ханға мы­надай кеңес беріп, оны сендіреді. «Сен қазір жассың. Қазір сенен туылған ұлдар сенімен қатар есейеді. Сен күн сайын қартайған сайын, олар ержете бастайды. Қар­тайған кезіңде олар сенімен тақ үшін таласып, тақты тартып алады. Сол себепті сен қазірден бастап олар­ды өлтіре бер». Сөйтіп бұл за­лым оны тыңдап, өз ұлдарын өлтірді». «Сол кезде Өзбек ханның әйелі, Жәнібек ханның анасы, өте бе­делді Тайтұғлы бегімнің көзі тірі еді. Сайын ханның (Батый хан – Б.К.) ұрпақтарынан ешкім қалмаған кез­де бегім: «Енді хандық пен жұрт Шай­бан ұрпақтарының қолына өте­ді», – деген екен». Орыс жылна­ма­­лары­ның мәліметтерінде Берді­бек хан өзінің 12 бауырын өлтірді деп айтылады. Бердібек ханның билігі екі жылға созылып, ақыры ол аталығы Төлебай және басқа да әмір­лермен қоса Сарай әмірлерінің қастандығының нәтижесінде қаза табады. Тағы да Әбілғазыға жүгінсек, мынадай мәліметтерді кездестіре­міз: «Бұл пәниден өзі (Бердібек хан­ды айтып отыр. – Б.К.) өтпей­тін­дей көрінді. Ақыры патшалығы ұзаққа бармады, екі жылдан кейін 762 жылы опат болды. Сайын хан әулеті Бердібекпен аяқталды. Өзбек ішінде, «Нар мойыны Бердібекте кесілді» деген мысал бар. Бұдан соң Жошы ханның өзге балаларының әулеті патшалық құрды». Осылайша, жоғарыда айтқаны­мыз­дай, Бердібек ханның тақ үшін таластағы қатігездігі өзіне дейінгі барлық хандардан асып түседі. Бер­дібек ханға дейінгі Алтын Орда би­леу­шілері тақ үшін таластарда аға-інілерін, немере туыстарын қыр­са, билікте ұзақ отырғысы кел­ген Бердібек хан екі жыл ішінде туыс­тарымен бірге өз ұлдарын да ая­маған. Соның нәтижесінде 1359 жылы Батый хан әулетінен ер адам қалмайды. Тайтұғлы бегімнің айтқан сөзі дәл келіп, Бердібектен соң Алтын Ордадағы хан тағы Батый әулетінің қолынан кетіп, Жошы ханның басқа ұлдарының ұрпақтарына ауысады. Бердібек ханның өлтірілуімен Алтын Орда тарихында келесі кезең басталып, тарихта оны «Ұлы дүрбелең» жылдары деп атайды.

Берекет Кәрібаев,

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,

 әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры,

тарих ғылымдарының докторы