Несіпбек Дәутайұлы: Адамды құлдыраудан алып шығатын пәрмен – әдебиет

Несіпбек Дәутайұлы: Адамды құлдыраудан алып шығатын пәрмен – әдебиет

Несіпбек Дәутайұлы: Адамды құлдыраудан алып шығатын пәрмен – әдебиет
ашық дереккөзі
Кейде адаммен тілдеспей тұрып, оның болмысы жайлы қате ой түйетініміз бар. Белгілі жазушы Несіпбек Дәутайұлын жақын танымайтындардың көбі оны тәкаппар, кісіге жылуы жоқ қатал адам деп ойлайды. Сырт қарағанда солай көрінетіні рас. Алайда ол кісімен сөйлесіп, ішкі сарайына үңілсең, адам атаулыны алаламайтын кеңдікті, ілім-білімді шекарамен шектемейтін тереңдікті, сүреңсіз сөз, сүйкімсіз іске жуымайтын биіктікті көресің. Қазағына жүрегін жұлып беруге даяр тұратын мәрттік, жағымпаздық пен жалтақтыққа төзбейтін тік мінез, туғаным демейтін турашылдық та менмұндалап тұрады. Өз бойынан ғана емес, шығармаларынан да. Көрнекті қазақ қаламгері Несіпбек Дәутайұлының туындыларын көптің арасынан бірден тани қоятынымыз сондықтан болар.  – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қа­зақстан Жазушылар одағы бас­қармасының төрағасы Ұлық­бек Есдәулет жолдаған эстафетаны қабыл алып, қа­зіргі уақытта өзі оқып жат­қан кітаптар мен газет-жур­налдарының тізімін жа­рия­лады. Президент қазақ­стан­дықтарды кітап оқуға үндеу ар­қылы нағыз қазыналы бі­лім қағазда қатталғанын ұқтырғандай... – Адамдар түрлі қиын-қыстау ке­­зеңдерде өз тамырына үңіліп, рухани құндылықтарға бет бұра бастайтыны белгілі. Себебі рухани құндылықтардың қай-қайсысын алсаң да – мейлі тарих, әдебиет, өнер­ге үңілсең де, тарихымыздың т­а­ғылымды сабақтары, ата-ба­ба­мыз­дың ұлтқа, ұрпаққа арналған ескертулері мен өсиет-өнегесі жи­нақ­­талған. Соларға уақыт өткен сайын оралып, ойы мен бойын тү­зеу – адам баласының ертеден қа­лыптасқан әдеті. Қаршадайынан осы­нау құндылықтарды бойына сіңіріп өскен, қаламгердің, зия­лы­ның баласы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір жағы елмен етене екенін ұқтырып әрі қо­ғам­ға, ұлтқа пайдалы іспен ай­на­лысуға үндеуі мына ауыртпалық кезінде көңілімізге демеу болғаны рас. Жас-кәрі интернетке телмір­ген заман болса да, ілім-білімнің ба­ғалысы кітапта, ақпараттың тұ­шым­дысы газет-журналда екенін уа­қыт әлдеқашан дәлелдеген. Кі­тап­ты парақтап, әр бетінде жа­зыл­ғанды байыппен бойға сіңіргенге не жетсін?! Қағаздың иісін сезініп отырып оқығанның өзі жан ра­ха­ты емес пе?! Президент ұсынған газет-жур­нал­дар арасынан Turkistan-ды кө­ріп, қатты қуандым. Демек, бұл га­зетте көтерілетін өзекті мәсе­ле­лерге Мемлекет басшысы қанық де­ген сөз. Билік пен халықтың ара­­­­сына көпір болудан, елдің мұң-мұқ­тажын жазудан жалықпаңдар. Қа­ламдарың мұқалмасын! – Рақмет! Өзіңізбен соң­ғы рет 2017 жылдың қыр­күйе­гінде сұхбаттасыппыз. 3 жыл­ға жуық уақыт зулап өте шығыпты. Ақын-жазу­шы­дан өз жағдайынан бұ­рын қаламының қуатын сұ­райтын халықпыз ғой. Жазу үстелінен жырақтаған жоқсыз ба? – Жазушылық дегенің жазу үс­теліне жабысу емес-ау, сірә. Осы кү­ні со шіркінге жолай бермеймін. Түй­сігіңнен түтеп шығып, айтпа­сыңа жаныңды қоймайтын ой ағысы оң жамбасқа келе қоймайды. Жазу қолымнан келгенімен, не жа­зу­ды білмесең қаламды қайтесің, қағаз­да нең бар? Халықтың, жалпы бүгінгі оқырманның сұранымы мүл­де бөлек. Оларды үсті-үстіне қы­рнап-сырнай беретін сұлу сөй­лем­дер қызықтыра бермейді. Ол­пы-солпылау жазылса да, ондыққа дәл тиетін әсер керек. Стиль дегені­міз – әлгіндей сұлу сөйлемдердің тіз­бегі емес, оқыс оятып жіберетін ой-жүйе. О, шіркінің қаперіңе оп-оңай орала берсе, қане. Осыдан кейін оқырманның обалы деген ойың­нан шықпайды. – Қазір кітабы оқыл­ма­ған жазушы оқырманның тал­ғамы төмен дегенді алға тар­татын болды. Сонда оқыр­ман талғамының қа­лыптасуына қаламгерлер­дің қатысы болмағаны ма? – Біз, жазушылар, тұтас болма­са да, үлкен бөлігіміз уақыт туды­рып жататын дүние, қоғам және адамтану тұрғысында, заманауи оң өз­геріске бет алған заңдылық­тар­мен есептесе бермейміз. Жазудың бая­ғы үлгісі. Маған бір қаламгер аға­мыз жаңа жазған романынан үзін­ді жібергені бар. Соның алғаш­қы 15 беті елдімекеннің табиғаты, то­пырағы, суы, желі, жаңбыры, қа­­ры, құсы... Ол оқырманға қан­ша­лық­ты қажет? Қазіргі оқырманға ке­р­егі – айтпақ болып отырған ойыңа да, оқиғаға да бірден килік­кені. Ауыл айналып жүріп оты­ра­тын ауызекі көп әңгіменің дәурені өткен. Кітабы оқылмайтын жазу­шы­ның сыры осы ақиқатты айна­лып өте беретінінде. Оқырман тал­ғамының да ойсырап жатқан же­рі осы тұс. Қазіргі оқырман шы­ғар­мадан жан дүние жұмбағы мен құпиясының шындығын іздейді. Адалдықты арда емген ақиқатты көксейді. Шындығы шыңыраудан шырқау биікке дейін көтеріліп тұратын әдебиетке үздігеді. Ондай көркем шығармалар жоқ емес бар, тек оны көрсетіп беретіндер жоқ­тың қасы. Есімдері дардай бол­ға­нымен, еңбектері ескіріп бара жат­қандардың етегінен шыға ал­май­ды. – Халық жазушысы Шер­хан Мұртазаның рухани досы, үнемі жанынан та­был­ған інілерінің бірі бол­дыңыз. Сіздің де ағалық ақы­­­­­­лыңызды сұрап, рухани қол­дауыңызға сүйенетіндер бар шығар? Әдебиетте буын­дар сабақтастығының сар­қы­ты да қалмады деп жүр­ген­дердікі жалған сөз бе? – Шерағаң «олай жазу керек, бы­лай жазу керек» деген әңгіме айт­пайтын. Ол кісінікі өмірдің са­бақтары еді. Ар-намысты көп қоз­ғайтын. Қазақ деп қайысатын қа­быр­ғасы. Тектілікпен тебіренетін. Қа­ғазға түсіруі мүмкін емес, ауыз­бен айтылатын серіліктің серпіні семсердей жарқыраған сериялы әңгімелеріміз болды. «Кетші, ей!» деп жарыла күліп отыратын, жа­рық­тық. Жазушылық ұстаным­да­рымыздың сорпасы қосылмайты­нын екеуіміз де білдік. Біздің ара­жі­гіміз тектік танымдағы туыстық­та болды. Бүгін мен де айнала қор­шап келіп отыратын қаламгер іні­лермен осындай қарым-қа­ты­нас­тамын. Реті келіп тұрғанда ат­та­­рын атап, түстерін түстей кет­ке­нім дұрыс шығар. Олар – Хамит Еса­ман, Табиғат Абаилдаев, Арайлы Жақ­сылық, Жанғазы Ахмет, Да­нияр Әлімқұл, Нұрболат Жолдас­бек сынды жас ақындар. Алды лау­реат, екі-үшеуінің тұңғыш кі­тап­­тары жарық көрді. Өлеңшілер емес, поэзияның өскіндері. Ше­ті­нен келіп тұрады маған. Кейде то­бымен. Олармен де әңгіме Ше­ра­ғаңмен болған үрдіс. Кісіліктің, азаматтықтың мәселесі. Табиғи та­ланттарға ақыл айтудың қажеті жоқ. Бір-бірінің қадіріне жетіп жү­рудің, озғанға қол соғып тұрудың өне­гесі мен өрісін көрсету арқылы аға­лық парызыңды алға саласың. Білім­ді, талантты, танымды, есті. Ама­н­дық болса, әдебиеттің төрінде отыр­са да, төменде отырса да сөз­сіз төбелері көрініп отыратындар. Жал­ғыз Әулиеата өңірі өз алдына, Қа­зақстанның шығысы, баты­сы­нан да жастар келіп жүреді. – ҚазҰУ-дың Филология фа­культетінде әдебиет тео­рия­сына қатысты пәндерде сіздің шығармаларыңыз жайлы жеке дәріс оқыла­ты­нын естіп едік. Өскелең буын туындыларыңызды қа­­­­лай талдап-таразылап жүр­­­геніне қанықсыз ба? – Мен де естимін. Қайсыбірде ҚазҰУ-дың мәжіліс залында «Қазақ әдебиеті» газетінің мерейтойына арналған жазушылар жиыны өтті. Сон­да бір топ студент қоршап алып, сұрақтың астына алған. Сөйт­сек, сол менің шығар­ма­шы­лығым туралы дәрісті тыңдайтын Журналистика мен Филология факультетінің студенттері екен. Түркістандағы Халықаралық Қ.Яссауи университетінің жоға­ры­дағы тектес факультеттерінде де осын­дай оқиғаның бар екенін естігенмін. Бірақ қалай талдап жүр­гендерінен хабарым жоқ. Жал­пы, өзім туралы мейлі жақсы, мей­лі басқа әңгімелермен әуестене қой­маймын. – Ф.Достоевскийдің «Адам­­­­­­­­дар әбден азғында­ғанда әдебиетке бет бұрады» де­ген сөзі бар. Қазақ қоға­мы­ның рухани деңгейі, әде­би сауаты қазір қай сатыда? – Меніңше, әдебиет – көркем шындығымен адам, қоғамтану ілімі. Ф.Достоевский қатыгез орта­ның қысымы салдарынан жас тұл­ғаның құлдырауы және онымен бір мезгілде гуманистік идеямен адам­гершілігі арқылы қайта өр­леуін кемелдендіріп көрсетеді. Яғ­ни, жалғыз әдебиет адамды құл­дыраудан алып шыға алатын пәр­мен. Ол үшін әрине, қазақ, тұтас­тай алғанда қоғам әдебиеттің құн­­­­дылығына ден қоюы ләзім. Өкі­нішке қарай, біздің сана оны сырт айналып өтіп жатыр. Егер әр қазақ, әсіресе жас ұрпақ ұлттың ру­хани әлеміндегі ең құнды қа­зына – әдебиетке еркімен енуді ес­кермесе, саналық тұрғыда сапа­сыз болып қала береді. – «Еңбекқорлық пен та­лант­ты қатар қою көрген­сіз­дік» деген сөзіңізді түртіп ал­ған едім. Көп жазу мен дөп жазудың салмағын ба­ғам­дай алмай жүргендердің әу­решілігін көргенде қан­дай күй кешесіз? – Сол көргенсіздіктің көкесін кө­ріп те жүрміз. Азғындаудың ең ас­қын­ған түрі – әлгі білмейтін­дер­дің әлегі. Роман дей ме, повесть дей ме, әңгіме дей ме, қойдан жаман қоз­датып жатыр. Қиқым-сиқым, қы­рық жамау жазбаларын кітап қы­лып бастырып, қиқу салып, қы­рып кете жаздап жүр. Жаның аши­ды. Қалған көңіл – қара жер. Сонда Ш.Айтматовтың бір шығарма­сын­дағы «Япыр-ау, бұл қайдан біткен?» дейтін жаныңды суырып алатын сұра­ғы есіме түседі. Әдебиетті ұятқа қалдырып, ба­ға­сын түсіріп жүрген осындай но­қай­лар. – Бүгінгі қаламгерлер жаз­ғанын жер-көкке сый­ғыз­­бай жарнамалап, қолдау күту­ге, жүлде сұрауға бейім. Бұл мұқтаждықтан туған әдет пе, әлде тәуелділіктің түп-тамыры басқа ма? – Жазғандарының жарнамасы ту­­ралы әркім-ақ ойлар. Алайда жаз­ғаның жарнамаға қаншалықты лайықты? Қолдауға немесе жүлде сұ­рауға да тиесілі сұрақ бұл. Шы­ғар­маларында өмір сабақтарынан өріліп шығатын гуманистік идея, жан-жағына жалт қарай алатын жан тебіренісі жарық әлемнің пар­қын танитын пайым, терең түйсік, ақыл­ды жүректің азап-шері қан­ша­­лықты?! Күнкөріс мұқтаждығы бір басқа, ал атаққа мұқтаждық – аз­ғын­даудың бір көрінісі. Арлы жазу­­шы өзіне ғана тәуелді, оның түп-тамыры – текті мінез. – Жүлде демекші, Қа­зақ­стан­­ның әдебиет саласын­да­­ғы бас бәйгесі «Абай атын­да­ғы мемлекеттік сыйлық» деп аталатын болды. Аты ас­­­қақтаған марапаттың за­ты­­нан қандай өзгеріс күте­сіз? – Әрине, әділетті. Оған ел Пре­зи­дентінің қызметіндегі рефор­ма­лық пәрмендер әсер етер. Ар-ұят, обал-сауап осы шығар. Әдебиетті қа­ралай беруге жол берілмес. – Әдебиет қана емес, қа­зақ жур­налистикасының да өз адам­ы­сыз. Өмірбая­ныңыз­ға үңілсек, 25 жа­сыңыз­дан бері осы салада ең­бек етіп келеді екенсіз. Ғұмырнамаңыз жыл­дар мен оқиғаларды жіпке тіз­гені­мен, көргеніңіз бен түй­ге­ніңіз­дің түймедейін де жет­кізе алмасы анық. Баспасөз десе, ойыңызға ора­латын ерек естеліктермен бө­ліс­сеңіз... – Көзімді журналистикамен аш­тым ғой. «Қызыл алма» деген очерк жазып, «Лениншіл жастың» (қазіргі «Жас алаш») арнайы жа­рия­лаған бәйгесінде жеңімпаз атанғаным бар. Ұлттың тарихы мен тағдыры жайлы сериялы пуб­лицистикалардан тұратын «Ойын­ды етім он бөлек» деген кітабым да жа­­рық көрген. Жариялылық бас­тал­ғанда талай сай-сүйектерін сыр­қыратып сын мақалаларды үйіп-төккенбіз. Асыра сілтеп, ал­ды­на келгенді тарпып, артына кел­­генді теуіп жүретін атқа­мі­нер­лер төбесінен төмен түсіп кететін. Ол кез журналистика ақиқаттың ақ семсері болған шақ қой. Осы өнер кейіндегі өткірлігін жоғал­тып, өресі тарылып, өкпесі қа­бы­нып қалды. Ауқымы тарылды, ақ­па­рат беруден ары аса алмайды. Бәл­­кім, заман ағымы. Бәлкім, қабі­лет­сіздердің көбейіп кетуі. – Бір ғана шығар­ма­сы­мен әлемді аузына қаратқан колумбиялық жазушы Габ­риэль Гарсиа Маркесті жиі ауыз­ға аласыз. Қазақ әде­бие­тінің шеңберінен асып, әлем әдебиетінің көкжиегін бойлағысы келетін жастар қан­дай тақырыпты қаузап, қай ұғымды ұлықтағаны жөн? – Габриэль Маркесті айрықша жазу­шы көрсем, әдебиеттің ең бас­ты құндылығы, көркі – көркем шын­­дықтың асқан шебері. Өзге­лер­ді қайдам, өзіме жеткізе қой­май­тын үздік. Жалпы, адамзат ру­ханиятындағы қараүзгендер. Әде­биеттегі қауымның концептуалдық же­тістікке жету мектебі. Мұны ай­наламдағы жас таланттар жақсы бі­леді. Мәселен, Муракамиді алайық­шы. Оны дәуірдің өзекті әлеу­меттік проблемалары зама­науи қоғамдық қатынастарды, адам­гершілікті айналамен тол­ға­нысқа тудырып, былайғы жұртты жө­ніне қойғанда танымдық та­лан­ты кемшін қаламгерге түсініксіз бо­лып көрінеді. Ал біздің жастар ара­сында айтыс-тартысты қоздыра тү­седі. Мәртебелі әдебиеттің әсері де­ген әңгіме, міне осы. Төлен Әбдік, Тынымбай Нұрмағамбетов, Мар­ха­бат Байғұт, Жүсіпбек Қорғасбек, Ра­­­хымжан Отарбаевты ауыздан тас­тамайды. Бірақ біздің про­за­мыз­да жаңа тұрпатта жазатын мық­тылар мүлде аз ғой дегенді де ай­тады. Ақындардан Есенғали Рау­шановты пір тұтады. Мендегі «Қара бауыр қасқалдақ» кітабын кезек-кезек алып келіп, алма-кезек алып ке­тіп оқып, жұлым-жұлымын шы­ғарды. Светқали Нұржанның да екі то­мын солай етті. Ғалым Жай­лы­бай­дың поэмалары жайында пор­талға жарыса жазып жатыр. Та­ғы­сын тағылар... Иосив Бротскийдің өлең­деріне тамсанады. Анна Ах­матованың ақындығына аң-таң. Де­мек, біздің балалар әлемдік әде­биетке жақындай түсуге пейілді. Олар­дың тақырыбы ауыл-аймақта қаптап бара жатқан құрау-жамау, арнау-сарнауларды басқа теппек. Бас­ты, баянды тақырып – Адам! Оның тағдыр тәлейі. Атқан таңы мен батар күніне дейінгі ара­лық­тағы биігі мен тереңі, қарама-қай­шы­лықтары, азабы мен шері, шыр­қауы мен құлдырауы, жеңісі мен жеңілісі... Осы жолда әрине, сәт-сапар! – Коронавирус індетіне бай­ланысты жарияланған тө­тенше жағдай режимі мем­лекеттің эконо­ми­ка­сы­на айтарлықтай салмақ түсіруде. Бұл күрделі кезең­нен елдің руханияты сүрін­бей өте ала ма? – Адамзат өз тарихында біздің білетініміз бар, білмейтініміз бар, не зобалаңды көрмедік. Қайта-қай­та қайталанған қантөгістер, ашық­қан аштықтар, жарық дүниедегі жан бағып жүргендерді жаппай жай­лап кеткен індет-дерттер... Бі­рақ қандай зобалаңдардан да адам­дар жоғалып кеткен жоқ. Мына әлем­нің үрейін алған коронавирус адамзат басына түскен кезекті зо­балаң. Онымен күрес жүріп жатыр. Біз­дің елімізде де солай. Билік бұ­қа­раның амандығы үшін қолынан кел­геннің бәрін істеуде. Оның сер­гектігі мен пәрмені, қажыр-қай­раты айрықша айтарлықтай. Со­ны­мен бір мезгілде ол атадан қал­ған ұлттық күрескерлік рухына се­неді. Иә, рас көптің аты – көп. Көп­тің ішінде тұтастай елдің әр­біріне адамның амандығы үшін жа­салып жатқан мемлекеттік тәр­тіп пен талапты баса-көктеп, ке­ке­тіп жүргенін көрген кезде сана­мыз­да кінәратымыздың бар екенін бай­қадық. Бұл – тұтастай қоғамға, оның идеологиясына, соның ішін­де ел руханиятына ескертпе. Біз, қа­зақ кім болғанбыз, кім болдық, кім боламыз? Осы сұрақтардың бар­шаның бетін бері қарататын жауа­бы көптің жүрегінде бірге со­ғып тұрса дейсің. Індет те өтер, оның сабақтары есті жұрттың жадында қала береді.  

Сұхбаттасқан  Анар ЛЕПЕСОВА