Қиындықта көрген қамқорлық ұмытылмайды
Қиындықта көрген қамқорлық ұмытылмайды
Шағын және орта бизнес өкілдеріне қазіргідей күрделі кезеңде мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп отырғаны үлкен демеу. Біз карантин кезіндегі ахуалын білу мақсатында ұлттық бұйымдар жасайтын EL-QUTKZ ЖШС директоры Қайнар Кемелбекұлына хабарласқан едік.
Ұлттық қолөнер бұйымдарын әлемдік брендке айналдырсақ
Әлемдегі ұлт пен ұлысты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе өнері мен білімі болса, ал оларды даралап айшықтап көрсететін нәрсе – ұлттық құндылық, әдет-ғұрып, салт-дәстүр. Демек, өзегіне құрт түспеген, мәйегін былғамаған халықтың болашағы нұрлы, ғұмыры ұзақ болмақ. Мұнымен не айтқым келеді? Өйткені біздің қазіргі айналысып отырған шаруа халқымыздың ұлттық құндылығын дәріптейтін сала және біздің алға қойған мақсатымыз – сан ғасырдың сынынан сүрінбей өткен, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан көмескіленіп қалса да көркі көз тартатын жауһар құндылығымыз ұлттық қолөнерімізді әлем таныған брендке айналдыру. 2016 жылы қыркүйекте бір жарым жыл нарықты зерттей отырып, қолөнер кәсібіміздің алғашқы іргетасын қаладық. Құжаттар дайын болғанша жұмысты отбасымызда бастадық. 2017 жылдың сәуір айында жеке кәсіпкер (ИП) ретінде тіркелдік. Нұр-Сұлтан қаласы BIG Шанхай сауда үйінен бір дүкенді жалға алып өз жұмысымызды бастап кеттік. Көбінде ұлттық бұйымдарды жасап сатумен айналысудамыз. Құдайға шүкір, жылдан-жылға қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей болса да, ілгерілеу бар. Өткен жылы наурыз айында шаруашылықтың ИП мәртебесін өзгертіп EL-QUTKZ ЖШС-не айналдырдық. Бір дүкеніміз тағы бір сату орны және бір кіші тігін салонымен толықты. Біз өз өнімімізді насихаттау арқылы ұлттық қолөнер кәсібін де насихаттап келеміз. Шаруа отбасылық бизнес болғандықтан, көп нәрсе отбасы мүшелерінің жеткен жетістіктерімен өлшенді. Әкем мен анам 2018-2019 жылдары қатарынан екі жыл Қазақстанда телерадио корпорациясы «Балапан» телеарнасы «Алтын қазық» этнотанымдық бағдарламасына қатысып, балаларға ұлттық құндылықтарымызды насихаттады. Сонымен қатар ұлттық бізкесте өнері, байырғы шикілем тоқу өнері, қазақтың ат әбзелдерін жасау, өрім өнері қатарлы қазақтың қолөнері және дастарқан мәдениеті, киізүй тігу мәдениеті секілді 25 түрлі құндылықтарымызды 26 бөлімге кірістіріп, бүкіл қазақ еліне таныстырумен бірге еліміздің алтын қорына бабалар мұрасының қосылуына өз үлесін қосты. Қазақта «базар бір, бақ бөлек» деген сөз бар. Сол айтқандай, кейінгі кездері бәсекелестіктің дамығаны рас. Оған қуану керек, бәсеке болған жерде сапа және өсу болады. Істеп отырған жұмысыңа деген сенімділік оянады. Осыған байланысты халықтың сұранысы күннен-күнге артпаса кеміген жоқ. Өйткені қазір Қазақстанда рухани жаңғыру мен қайта түлеу, ұлттық құндылыққа көңіл бөлу кезеңі жүруде. Сондықтан сұраныс толастамайды деп айтуға әбден болады.Ұлттық өнерді ұлықтауға ықылас мол
Өткізген көрмелерім біршама бар. Мәселен, 2017 жылы EXPO көрмесіне қатыстық. Сонымен қатар Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Нұр-Сұлтандағы бөлімімен бірге Хан шатыр сауда кешенінің алдына жаз бойы екі киізүй тігіп, шетелден отызға жуық шеберлер шақырып, мастер кластар өткіздік. 2018 жылы наурызда кезекті Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығымен бірге халықаралық қазақ қолөнер шеберлерінің байқауы мен көрмесін өткіздік. Еліміздің ең үлкен байырғы жәдігерлер орталығы Ұлттық музейге 300 жыл болған 15 түрлі экспонаттың өз Отанына оралуына, тегін өткізуге біздің шаруашылық бар күшін салды. Қазақтың шетте қалған төл мұрасын өз елімізге қостық. Одан басқа да азды-көпті көрмелерге қатысып, бәріне тегін мастер кластар өткіздік. Қазірге дейін алыс-жуықта біраз шәкірттер тәрбиелейміз. Осылайша өзіміздегіні елімізге берумен бірге өнерімізді де әйгіледік.