Қанат Айтбаев: Димаш елордада шығармашылықпен айналысып жатыр
Қанат Айтбаев: Димаш елордада шығармашылықпен айналысып жатыр
– Димаштың әлеуметтік желіде ата-әжесімен бірге түскен суретін көрген жұрт оны карантин жағдайында Ақтөбе қаласында деп топшылап жатыр. Димаш қазір қай қалада?
– Қазір біз барлығымыз отбасымызбен, ата-анамызбен елордаға қоныс аудардық. Димаш үлкен шығармашылық ізденіс үстінде жүр. Өзінің шығармашылық бөлмесінде күндіз-түні фортепианода отырып, тыңдармандарын жаңа әндерімен қуанту мақсатында жұмыс істеп жатыр.
Сонымен қатар, шығармашылық үлкен жетістікке жеткен тұлғалардың өмір жолдарын, өнер жолдарын саралап, соларға арналған фильмдерді, әртүрлі баспасөз беттеріндегі мақалаларды оқып, екеуіміз талқылаған сәттеріміз көп. Димаш кеше ғана Джеймс Кэмеронның әрбір түсірген фильмдерін, жеткен жетістіктерін, ой-толғамдарын үлкен қызығушылықпен әңгімелеп берді. Ұлым «Ерекше, біртума таланттардың ой-толғамдары мен пайымы терең болады екен. Үлкен дүниелерді жасау үшін адамның ойы да сондай терең болу керек екен ғой» деп сүйсінуін жасырмай, ағынан жарылып айтып берді.
– Карантин жағдайы Димаштың шығармашылығына қалай әсер етіп жатыр?
– Карантин жағдайында үйден шықпай отырғанымызбен, интернет желісі әлем бойынша кеңістікті кеңейтіп тұр ғой. Қазақстан, Қытай, Америкадағы бірнеше композиторлар өздерінің әндерін жіберген. Димаш сол шығармаларды тыңдап, әріптестерімен онлайн бағытта жұмыстарын жалғастыруда. Димаштың өзі де әдемі бір-екі ән жазып жатыр. Осы сізбен сұхбаттасардың алдында ғана екеуміз сол әндерді талқыладық. Ойы да, жазылу құрылымы да маған ұнады. Әндерін тыңдап, өзім соған қуанып тұрған жайым бар.
Кейінгі 4 жылдың ішінде әртүрлі байқауларға, концерттерге дайындықпен бір қаладан екінші қалаға, бір елден екінші елге, тіпті бір континенттен келесі континентке ұшуға көп уақыт жұмсаған Димаштың карантин жағдайында жаңа әндерді қарап талқылауға, ойын жинақтауға уақыты көбірек болып тұр. Карантиннің алғашқы екі аптасында алаңсыз демалып, шаршаған ағзасын тынықтырды. Өйткені әрбір жеке концерт өткізу – үлкен қобалжу, тынымсыз еңбек, зор жауапкершілік, үнемі дайындық. Оркестрдің, band-топтардың сүйемелдеуімен сахнаға шығу сенімділікті, тиянақтылықты талап етеді. Әрбір концертке апталап, айлап, күні-түні дайындалады. Осындай кезеңдердің барлығы да адамға оңай соқпасы анық. Димаш карантин жағдайында біраз қарбалас тірліктен тынығып, шығармашылық ізденіске уақытын арнап жатыр.
– Пандемия салдарынан Димаштың қай елдегі концерттері кейінге шегерілді?
– 2017 жылы елорда төрінде басталған Bastau атты концертіміз біраз жерде жалғасын тапты. Атап өтсек, 2018 жылы Қытайдың 4 қаласында және Лондонда үлкен концерттер ұйымдастырылды.
2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында «Астана арена» стадионында «Қазақстан» ұлттық арнасымен бірлесе отырып «Арнау» атты концерт өткізген болатынбыз. Осы бағдарлама аясында жоспарланған концерттер Киев, Мәскеу, Санкт-Петербор, Екатеринбург, Краснодар, Қазан, Рига қалаларында өтті. Сонымен қатар биыл Минск, Штутгарт, Дюссельдорф, Прага қалаларында концерт өткізу жоспарланған болатын. Еуропалық турлардың 6-7 концертін жасап үлгердік. Қалғандары карантин шараларының енгізілуіне байланысты денсаулықты сақтау, өзге де адамдардың өміріне қауіп төндірмеу мақсатында ұйымдастырушылармен ақылдаса отырып тоқтатылды. Әлемді шарпыған індет адамдардың өміріне, жасаған жоспарларына көптеген өзгерістер енгізді. Бірақ өмір мұнымен тоқтап қалмайды. Бұйырса, індет басылғаннан кейін жұмыстың барлығы әрі қарай жалғасын табады. Жоспарланып қойған елдерде, одан бөлек тағы да басқа жерлерде концерттер өткізу ойда бар. Бұл концерттердің негізгі мақса-ты – біздің қазақ елінің өнерін, мәдениетін басқа елдерге насихаттай отырып, тыңдармандарды біріктіру. Тыңдармандарды музыканың аясында бір-біріне табыстыру, достастыру.
Бір қуанарлығы, қазір көптеген елде Димаштың өнеріне құштарлық танытатын фан-клубтар құрылған. Фан-клубтардың барлығы өзара байланыста. Интернет желісі арқылы зер сала қарасақ, әрқайсысының өзінің командалары, қауымдастықтары бар екенін көруге болады. Фан-клуб мүшелерінің бір-біріне қонаққа барып, байланыс жасап жататын кездерін сырттан көріп, сүйсініп отыратын кездеріміз аз емес.
Сонымен қатар Тынық мұхиты, Шығыс Азия аймағындағы, Латын Америкасындағы елдерден бірнеше концертке шақырып, ұсыныстар түскен-ді. Індетке байланысты ол жоспарымызға да өзгерістер енгізілді. Бірақ алдағы уақытта олардың барлығы жүзеге асатын болар деген ойдамыз.
– Әншілер карантин жағдайында онлайн концерттер ұйымдастырып жатыр. Сіздерде мұндай жоспар бар ма?
– Онлайн концерт жасау үшін біраз дайындық керек. Біздің сүйемел жасайтын ансамбльдің мүшелері Испанияда, Германияда, Мәскеуде тұрады. Тіпті, Кубадан келген жігіттер болды. Олар карантин жағдайының енгізілуіне байланысты өз елдеріне кетті. Сондықтан ансамбль мүшелерінің бәрінің басын біріктіру, онлайн режимде тоғыстыра қою оңай шаруа емес.
Айтып өткенімдей, Димаш карантин жағдайында біраз демалыс мүмкіндігін алсын, шығармашылыққа уақыт бөліп, ойын тынықтырсын деп жағдай жасағанбыз. Бірақ оның қарымына еуропалық турдағы концерттердің бірін эфирге шығарамыз деген жоспарымыз бар. Үлкен шығармашылық ізденіспен Киевте өткен концертті түгелдей түсірген болатынбыз, қазір шығармашылық студиядағы жігіттер осы концерттің телевизиялық нұсқасын дайындау үстінде. Карантин кезінде тыңдармандарына жақсы сыйлық болсын деп отырмыз. Жақын күндері концерт Димаштың ресми YouTube каналына жүктеледі және өзі әлеуметтік желі арқылы концерттің жүктелгені жөнінде хабарлайтын болады.
– Еліміздің өңірлеріне барып концерт қою жоспарларыңызда бар ма?
– Біз 2016 жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Қазақстанның қалаларын аралап, «Ұмытылмас күн» деген атаумен 25 концерт өткізген болатынбыз. Осы орайда бүкіл облыс орталықтарында, еліміздің ірі қалаларында, сосын көршілес Уфа мен Қазан қалаларында концерт бердік. 2017 және 2019 жылдары елордамызда ауқымды екі концерт өтті.
Қазір халықаралық бағытта жоспарланған біраз елдерде өткізетін концерттер бар. Оны дайындау, келісу жұмыстары біраз уақыт алады. Сондықтан жоспарланған шаруаларымыздың бәрін тиянақтағаннан кейін Қазақстанда да концерт өткізудің кезегі келер деп ойлаймын. Алматыдағы концертті жоспарлаймыз дегенде мынадай жағдай болды. Алдағыны уақыт көрсетер, мұның барлығы да болашақтың еншісіндегі шаруа.
– Димаштың бұқаралық ақпарат құралдарында жиі көрінбеуі, сұхбат бермеуі белгілі бір уақыт аралығына ғана қойылған шектеу ме?
– Димаш сахнада жүретін әнші, жасы 25-ке енді келді. Өзі халық менің әндерімді тыңдаса, сахнадағы өнерімді білсе деген мәселені бірінші орынға қояды. Ал қазір айтары көп адамға ұқсап, басылым беттеріне қайта-қайта шыға бергенім жөн емес-ау деп есептейді. Біз де Димаштың тыңдармандары ең алдымен сахнадағы әншілік өнеріне көз тіксе деп ойлаймыз.
– Жалпы, отбасыларыңызбен карантин жағдайын қалай өткізіп жатырсыздар?
– Үйде айналысатын шаруа көп болып тұр. Мына жағдай ойыңды толықтыру, біліміңді тиянақтауға біраз мүмкіндік беріп тұр. Кейде осындай қиын сәттерден де жақсылықты іздеп табуға болады. Жақын күндері отбасымызбен Рүстем Әбдірашевтің «Алмас қылыш» фильмін қайтадан көріп шықтық. Қысқа ғана уақытта жақсы дүние түсірілгенін көріп, көңіліміз толып, отбасымызбен риза болып, біраз серпіліп қалдық. Романовтар әулетінің тарихы жөніндегі телевизиялық сериалдарды көріп шықтық. Рим империясының құрылуы, шарықтау шегін бейнелейтін көптеген деректі фильмдерді қарадық. Ақын Бауыржан Бабажанұлының өлеңдер жинағын оқып шықтым. В.Гюгоның «Собор Парижской Богоматери», К.Маккалоудың «Поющие в терновнике» кітаптарын бұрын оқыған болсам да, қазіргі көзқарасыммен қайтадан оқып шығуға мүмкіндік алдым. Сол секілді өзіміздің қазақтілді басылымдар арасынан «Айқын», «Қазақ үні», сіздердің басылым Turkistan газеттерінен экономикалық, саяси тақырыптағы тұшымды дүниелерді іздеп оқимын. Сөзі оралымды, ойы көңілге қонымды жандардың пікірлерін қарап, ой толғауға толық мүмкіндік болып тұр.
Осы күндері үйдегі балалардың онлайн сабақтарына сырттан көз тастап, мұғалімдер мен балалардың арасындағы қарым-қатынастарын қарап сүйсініп жүрмін. Біздің Раушанымыз Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқиды. Мен олардың сабақтарына қарап әбден тәнті болып отырмын. Ұстазбен оқушы арасындағы тығыз қарым-қатынас, достық ниетті көріп қуанып жүрген жайым бар. Өйткені бізде осыған дейін балалардың сабағына қатысатын мүмкіндік жоқ еді. Ал онлайн сабақ бізге сондай мүмкіндікті беріп отыр. Карантин жағдайы өмірдің басқа қырларына да көңіл аударуға мүмкіндік беріп отыр.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ