Жаңалықтар

Шымкентте індет жұқтырғандар саны 131-ге жетті

ашық дереккөзі

Шымкентте індет жұқтырғандар саны 131-ге жетті

Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстарында және Шымкент қаласында коронавирус инфекциясын жұқтырудың жаңа оқиғалары туралы деректер жарияланды.  22 сәуір сағат 22.50-дегі соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда індетті жұқтырудың бірден 65 оқиғасы тіркелген болатын. Оның ішінде Шымкент қаласында - 28, Маңғыстау облысында - 2, Шығыс Қазақстан облысында - 1, Қостанай облысында -1, Павлодар облысында - 1. Шымкент қаласында вирус жұқтырған 28 азаматтың барлығы – науқас адамдармен қарым-қатынаста болуына орай карантиндік стационарда жатқандар. «Қазіргі таңда жағдайлары қанағаттанарлық. Бекітілген хаттамаға сәйкес тиісті емді қабылдап жатыр. Олармен байланыста болған адамдар анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынуда. Ауру ошақтарында зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілуде», - делінген Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы таратқан мәліметте. Соңғы мәліметтерге сәйкес, Шымкент қаласында індеттің 131 расталған жағдайы тіркелген. Маңғыстау облысында коронавирус жұқтырғандар - 73 және 21 жастағы Ақтау қаласының тұрғындары. Олар науқас адамдармен қарым-қатынаста болуына байланысты карантиндік стационарға жатқызылған болатын. Зертханалық сынама алынған. «ПТР диагностикалық зерттеу нәтижелері бойынша COVID-19 диагнозы нақтыланды. Казіргі уақытта науқастар облыстық жұқпалы аурулар бөліміне орналастырылды. Ауру ошақтарында дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді. Эпидемияға қарсы іс-шаралар қолға алынған», - делінген ақпаратта. Соңғы деректерге сәйкес, Маңғыстау облысында коронавирус індеті барлығы 18 адамнан анықталды. Павлодар облысында коронавирус инфекциясы Екібастұз қаласының 50 жастағы тұрғынынан табылды. Ер адам дене қызуының көтеріліп, өзін жайсыз сезінуіне байланысты медициналық көмекке жүгінген. «Сол себепті ауруханаға жатқызылған. Кейін оған пневмония диагнозы қойылды. 21 сәуір күні COVID-19 вирусын жұқтырғаны белгілі болды. Онымен байланыс жасаған адамдар ортасы анықталып, оларды оқшаулау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Эпидемияға қарсы шаралар қолға алынған», - делінген хабарламада. Павлодар облысында инфекция жұқтырған жалпы 38 адам тіркелген. Қостанай облысының Жітіқара қаласында коронавирус инфекциясын тағы 1 адамның жұқтырғаны анықталды. Ол 46 жастағы әйел, өзіне дейін науқас адаммен байланыста болған. Оның қарым-қатынас жасаған адамдары анықталып, оқшаулау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ауру ошақтарында дезинфекциялау жұмыстары жүргізілді. Эпидемияға қарсы іс-шаралар қолға алынған. Осы уақыттағы ресми мәліметтер бойынша, Қостанай облысында індет барлығы 35 адамнан анықталды. Шығыс Қазақстан облысында қауіпті инфекция Өскемен қаласының тұрғынынан анықталып отыр. 49 жастағы азамат 21 сәуірде COVID-19 диагнозы қойылған адаммен жақын байланыста болғандықтан, тексеруден өткен. 22 сәуір күнгі анализ қорытындысы оның да коронавирус жұқтырғанын көрсетті. «Эпидемиологиялық анамнез бойынша облыстан тыс жерлерге, басқа елдерге шықпаған. Науқас оқшауланып, тиісті ем қабылдап жатыр. Жағдайы орташа дәрежедегі ауырлықта. Қазіргі уақытта онымен қарым-қатынас жасаған азаматтарды анықтау және оқшаулау, эпидемиологиялық тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр», - делінген мәліметте. Соңғы деректерге сәйкес, ШҚО-да жалпы 12 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған. Айта кетейік, елімізде коронавирус жұқтырғандар саны 2135-ке жетті. Індеттен 515 адам емделіп шықты. 19 адам көз жұмды.