Жаңалықтар

Заң жобасы мақұлданды: Мәжіліс пен мәслихаттарда әйелдер мен жастардың үлесі артады

ашық дереккөзі

Заң жобасы мақұлданды: Мәжіліс пен мәслихаттарда әйелдер мен жастардың үлесі артады

Бүгін Мәжілісте "Сайлау туралы" Конституциялық заңға толықтырулар енгізу туралы заң жобасы мақұлданды. Жаңа құжат бойынша бұдан былай партиялық сайлау тізіміндегі азаматтардың 30 пайызын міндетті түрде әйелдер мен 29 жасқа дейінгі жастар құрамақ.  "Заң жобасында партиялық сайлау тізімдерінде әйелдер мен жастар үшін 30% квота қарастыру ұсынылады. Осы мақсатта "Сайлау туралы" Конституциялық заңда әйелдер мен жастарға арналған квоталарды партиялық тізімге енгізу туралы талап қойылады", - деді Әділет министрі Марат Бекетаев. Заң жобасы халықаралық тәжірибе негізінде әзірленген. "Ұсынылып отырған жаңа нормалар әйелдерді елдің қоғамдық-саяси процестеріне белсенді тартуға мүмкіндік береді. Біз жастардың парламентке және жергілікті өкілетті органдарына келуіне ықпал етуге тиіспіз. Осы бөліктегі заңнамалық түзетулер қоғамдық әлеуметтік проблемаларды шешу үшін қабілетті жастарды да саясатқа белсенді тартуға мүмкіндік береді", - деді ведомство басшысы. Заң жобасын талқылаған депутаттар 30 пайыздық үлесті әйелдер мен жастар арасында бөлу тетігі жайла сұрады. Мәселен, кейбір партиялық тізім 29 пайыз  әйелдерден және тек 1 пайыз жастардан құралуы мүмкін екеніне алаңдады. Министрдің айтуынша, бұл мәселені партиялар өздері шешеді.   Сонымен қатар, 29 жасқа дейінгі әйелді қай категорияға жатқызатыны да партиялардың өз құзырында. Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин жастар квотасы партиялық тізімде міндетті түрде заң бойынша болуы керек екенін ескертті. Оның айтуынша, жастар тың идеяларға толы, заманға сай ұсыныстары бар. Сондықтан оларды жауапты жұмысқа тартудан қорықпау керегін жеткізді.