Нұрлан Ноғаев ОПЕК+ министрлерінің телеконференциясына қатысты
Нұрлан Ноғаев ОПЕК+ министрлерінің телеконференциясына қатысты
ОПЕК+ елдерінің бірқатар министрі телеконференция өткізіп, мұнай нарығындағы ахуалды талқылады.
ҚазАқпараттың хабарлауынша, телеконференцияға ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев қатысты.
«Ықпалдастық туралы Декларацияға қол қойған ОПЕК және ОПЕК-ке енбейтін елдердің бірқатар министрі мұнай нарығында қалыптасқан ағымдағы жағдайды талқылау үшін ресми емес телеконференция өткізді. Министрлер 12 сәуір күні министрлер деңгейінде өткен ОПЕК-тің 10-конференциясында (кезектен тыс) қабылданған шешімді жоғары бағалады. Олар мұнай өндірісінің көлеміне түзету енгізу туралы аталмыш видеоконференцияда қол жеткізілген келісімге бейілділігін қуаттады», - делінген ОПЕК+ ұйымының Facebook-тегі парақшасында.
ВВС хабарлауынша, сейсенбі күні кешке Brent маркалы мұнайдың бағасы бір баррелі үшін 18 доллардан төмендеді. Бұл 2002 жылдан бері алғаш болып отыр. Лондонның ICE Futures сауда-саттық нарығында Brent мұнайының маусым айындағы фьючерстері Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен 22 сәуір түнгі сағат 00:00-дегі жағдай бойынша бір баррель үшін 17,78 долларды құрады. Оның алдыңғы сессиямен салыстырғанда баға 7,79 долларға немесе 30,47% арзандады.
Бұған АҚШ-тың мамыр айында жеткізілетін WTI мұнайына келісім-шарт бағаларының құлдырауы себеп болды. Осы марка бағасы дүйсенбі күні кешке баррель үшін минус 40 долларға дейін түсті. Келісім-шартты жасасқандар оларды сатып алуға ниет білдіргендерге үстінен ақша қосып беруге дайын болды. Қазір маусым айында жеткізілетін WTI мұнайының фьючерсі бір барреліне 7 доллардан да төмен.