Қазақстанның бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі коронавирус жұқтырды

Қазақстанның бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Қамалжан Надыровтан коронавирус инфекциясы анықталды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Елжан Біртанов мәлімдеді.

«Алматы қаласында коронавирустық инфекция кеңінен тарап, жағдай қиындаған соң Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қазіргі басшысы Тілеухан Шілдебайұлы Әбілдаев отставкаға кету туралы өтініш білдірген болатын. Қаладағы команданы күшейту мақсатында басқарма басшысы лауазымына К.Т. Надыровты тағайындау жоспарланған еді. Алайда, кеше кешкісін К.Т. Надыровқа коронавирустық инфекция жұқтырған деген диагноз қойылды, қазір ол емделу үшін ауруханаға жатты. Әріптесім Камалжан Талғатұлының тез сауығып кетуіне тілектеспін және қолдау білдірімен! Осы жағдайға байланысты Алматы қаласы әкімінің келісімімен Т.Ш. Әбілдаевтың отставкаға кету туралы өтініші тоқтатылды» деп жазды министр Facebook парақшасында.

Соңғы мәлімет бойынша,  Алматыда 678 адам инфекция жұқтырған. Ал елімізде коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны 2025-ке жетті. Індеттен 489 адам емделіп шықты. 19 адам көз жұмды.

Back to top button