«Қазақы терминдерді халық жасайды» байқауының жеңімпаздары анықталды
«Қазақы терминдерді халық жасайды» байқауының жеңімпаздары анықталды
«Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы 2020 жылдың 1-18 сәуір аралығында «Қазақы терминдерді халық жасайды» республикалық байқауын өткізді.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру, қазақ тіліндегі терминдердің үлес салмағын арттыруға үлес қосу мақсатында ұйымдастырылған байқауға 14 талапкер қатысты.
Байқауға қатысушылар бірінші кезеңде (1-5 сәуір аралығы) өздері жасаған 5-10 терминді ұсынды. Сайтта, әлеуметтік желіде көпшіліктің дауыс беруі және қазылар алқасының шешімімен 5 байқау қатысушысы келесі кезеңге өтті.
Екінші айналымда (7-12 сәуір аралығы) қатысушыларға 10 шеттілдік терминнің қазақ тіліндегі сәтті аудармасын жасау тапсырылды. Бұл кезең қорытындысы бойынша Серік Ерғали, Нұрлан Шүленов, Ақылбек Шаяхмет қорытынды кезеңге жолдама алды. Үшінші кезеңде (13-18 сәуір аралығы) қатысушылар мәтін ішіндегі шеттілдік салалық терминдердің қазақша баламасын жасады.
Байқау шартына сай қазылар шешімімен 362 ұпай жинаған Ақылбек Шаяхмет ІІІ орынды иемденді. Ал ІІ орынды 367 ұпаймен Гұрлан Шүленбаев еншілесе, І орынға 370 ұпай алған Серік Ерғали лайық деп танылды.
Онлайн марапаттау рәсіміне ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің вице-министрі Н.Дәуешов қатысып, жеңімпаздарға құттықтауын жеткізді.
"Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты онлайн ұйымдастырлыған бұл шара да оң нәтижесін көрсетті. Байқау қатысушылары термин сөздердің мағынасына үңіліп, ұтымды ұлттық атаулар ұсына білді. Талапкерлердің термин табиғатын түсініп, сөзжасам, терминжасам тәсілдерін дұрыс пайдаланғандықтарын мамандар жақсы бағалауда. Сондықтан осындай білім мен біліктілікті қажет ететін байқауға қатысып, үздік нәтижеге жеткен жеңімпаздарды құттықтаймын. Алдағы уақытта да ұлттық терминқордың дамуына үлестеріңізді қосатындықтарыңызға сенімдімін", - деді ол.
Шара барысында байқаудың екінші кезеңінде белсенділік танытқан талапкерлерге де министрдің арнайы алғысхаты табысталды.