Министр 42 500 теңгенің жырына нүкте қойды

Министр 42 500 теңгенің жырына нүкте қойды

Министр 42 500 теңгенің жырына нүкте қойды
ашық дереккөзі
Бірде-бір адам 42 500 теңге алғаны үшін, тіпті жіберген қателігі үшін қылмыстық жазаға тартылмайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты. ҚазАқпараттың жазуынша, министр: «Бүгінгі таңда төтенше жағдай салдарына байланысты табысынан айырылған 3 млн 960 мың адамға әлеуметтік төлем тағайындалды. Оларға 157 млрд теңге төленді. Өкінішке орай соңғы 4-5 күн бойы әлеуметтік желілерде, қоғамда «42 500 теңге алғаны үшін қылмыстық тұрғыда жазалайды екен» деген әңгіме көп таралып жатыр. Біз бәрін қарап шықтық. 5 сәуірден бастап заңгерлер осы мәселеге қатысты пікірін айта бастаған. Оның ішінде ерекше таралғаны сол күні Закон.кз порталында орыс тілінде Данияр Нұрланұлы мен Руслан Қожахмет есімді заңгер-адвокаттардың Қылмыстық кодекстің алаяқтыққа қатысты баптарын талдап, соны 42 500 теңге төлеміне қатыстырып жазған мақаласы болды», – деп атап өтті. Ведоства басшысының айтуынша, аталған мақалада ол азаматтар «министр Нұрымбетовтің ешкімді жаппай тексермейміз деген сөзін жұмыс берушілер пайдаланып, жалған мәлімет беруі мүмкін» дегенге келтірген. «Осыған байланысты, құрметті қазақстандықтар, ағайындар! Бірде-бір адам 42 500 теңге алғаны үшін, тіпті жіберген қателігі үшін қылмыстық жазаға тартылмайды. Оған негіз жоқ. Осыған нүкте қояйық. Ешкім жауапкершілікке тартылмайды. Оны ана талқылап жатқан заңгерлер де біледі. Біз ешкімді тексермейміз. Себебі бұл – әлеуметтік төлем. Бұл – әлеуметке бағытталған төлем», – деді министр. Біржан Нұрымбетов халықтың басым бөлігінің табысы аз, жалақы мөлшері төмен, зейнетақы, жәрдемақы көп емес екенін баса айтты. «Сондықтан көпшілік осы төлемді алғысы келеді. Өткен брифингте де айтқанмын, біз ешкімді жаппай тексеріп жатпаймыз. Жеке тұлғаларды, ресми не бейресми болсын жұмыс істеп жүргендерді үйлерді аралап, тексермейміз. Ештеңеге уайымдамаңыздар. Сіздерге төленді ме? Алыңыздар, жаратыңыздар. Тексеру болса да бізді тексереді», – деді Еңбек министр.