COVID-19: Соңғы тіркелген 39 науқасқа қатысты деректер жарияланды

COVID-19: Соңғы тіркелген 39 науқасқа қатысты деректер жарияланды

COVID-19: Соңғы тіркелген 39 науқасқа қатысты деректер жарияланды
ашық дереккөзі
Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтыру бойынша соңғы анықталған 39 жағдайға қатысты деректер жарияланды. Сoronavirus2020.kz сайтының мәліметі бойынша, 18 сәуір күні (сағат 22:30-дағы жағдай бойынша) - 15 жағдай, 19 сәуірде (сағат 09.00-дегі мәлімет) 24 жағдай тіркелген болатын. Оның ішінде Қостанай облысында – 6, Батыс Қазақстан облысында – 7, Ақмола облысында – 1, Қызылорда облысында – 4 және Павлодар облысында 4 науқас анықталды. Қостанай облысында 77, 71, 70, 33 және 3 жастағы 5 адам науқас адамдармен көршілес болған. Олар Жітіқара инфекциялық бөлімшесіне жатқызылып, қажетті ем қабылдауда. Алтыншы жағдай Арқалық қаласының 48 жастағы тұрғынынан анықталды. Ауруханаға жатқызылып, індетті қалай жұқтырғаны анықталып жатыр. Батыс Қазақстан облысында анықталған 7 науқастың барлығы Ресей Федерациясында вахталық әдіс бойынша жұмыс істейтін өңір тұрғындары. Олардың ең кішісі – 20 жаста, ең үлкені - 47-де. «Оларды эпидемиологтар «Тасқала« санитарлық-карантиндік өткізу пунктінде контактісіз термометрия жүргізу кезінде анықтады. Дене қызуы болмаған, алайда алгоритмге сәйкес барлық азаматтар карантиндік стационарға жатқызылды. ПТР диагностикалық зерттеу нәтижелері бойынша 7 пациентте КВИ диагнозы нақтыланды. Науқастар облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілді. Қазіргі уақытта жағдайлары қанағаттанарлық», - делінген ақпаратта. Ақмола облысында тіркелген науқас – Целиноград ауданында тұратын 20 жастағы қыз бала. Ол бұған дейін анықталған науқаспен бір үйде тұрады. Карантинге оқшауландырылған болатын. Қызылорда облысында 4 науқастың екеуі Қызылорда қаласынан, екеуі Жаңақорған ауданынан анықталды. Олар 27 және 68 жастағы әйелдер, 19 және 65 жастағы ер адамдар. «Үшеуі КВИ жұқтырғандармен байланыста болған. Бұған дейін карантинге оқшауландырылған. Ал төртінші адамнан індет пневмония симптомдарына байланысты сынама алынған кезде анықталды», - делінген мәліметте. Павлодар облысында 4 науқастың екеуі – 32 және 25 жастағы Павлодар қаласының тұрғындары. Қалған екеуі – 65 және 59 жастағы Екібастұз қаласының тұрғындары. Барлығы ауырған адамдармен байланыста болғандар.