Ертеңнен бастап Түркістан облысы карантинге жабылады

Ертеңнен бастап Түркістан облысы карантинге жабылады

Ертеңнен бастап Түркістан облысы карантинге жабылады
ашық дереккөзі
Түркістан обылысында 19 сәуір сағат 00:00-ден бастап, карантин режимі енгізіледі. Бұл туралы Ахуал орталығында облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов мәлімдеді.  Сәкен Қалқамановтың айтуынша, өңірде COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар саны 50-ден асқан. Сондықтан азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау, халық арасында коронавирустық инфекцияның кеңінен таралуының алдын алу мақсатында карантин режимі енгізіледі. «Атап айтқанда, көрші аймақтармен шекарадағы санитарлық блок-бекеттер жұмысы күшейтіледі. Тұрғындарға қалааралық, ауданаралық және елдімекендер арасында қатынауға шектеу қойылып, елдімекен ішіндегі қоғамдық көліктер мен жеке тасымал қызметінің жұмысы тоқтатылады. Санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтылығы үшін қоғамдық орындар мен демалыс орындары, саябақтар жабылады. Азық-түлік және киім-кешек базарлары, тұрмыстық заттар сататын базарлар жұмысы тоқтатылады. Сондай-ақ, әлі күнге алаңсыз есік алдында ойнап жүрген балалардың ойын алаңдарында, көп қабатты үйлердің аулаларында ойнауға тыйым салынады. Тұрғылықты жерде отбасылық мерекелер, туған күн, той-жиын өткізуге шектеу қойылады. Үш адамнан артық топтың көшеде және қоғамдық орындарда жиналуына тыйым салынады. Жасы 65 жастан асқан азаматтар үйден шықпай, оқшаулануы тиіс. Тұрғындарға тек қажетті азық-түлік, дәрі-дәрмек алуға үйге жақын жердегі дүкендер мен дәріханаларға баруына рұқсат. Азық-түлік дүкендерінің жұмысы сағат таңғы 9 бен кешкі 8 аралығында шектеледі», – деді облыс әкімінің орынбасары. Сәкен Қалқаманов сондай-ақ, халықтың тіршілігін қамтамасыз ету үшін қажетті азық-түлік, заттар мен өнеркәсіп, құрылыс нысандарындағы және көктемгі егіс жұмыстарына қажет өндірістік тауарлар мен материалдар, медициналық заттар тасуға рұқсат қағазы бар автокөліктер мен азаматтар және медициналық көмек қажет болған азаматтар ғана облыс аумағына кіріп-шыға алатынын жеткізді. Атап өтерлігі, аймақта құрылыс саласы, көктемгі егіс науқаны, жұмыспен қамту жол картасы, тіршілікті қамтамасыз ету нысандары карантиндік режимге қарамастан жұмысын тоқтатпайды.