Жаңалықтар

42 500 теңгені тағайындау кезінде жұмысшының табысы неге тексерілмеді? – министр жауап берді

ашық дереккөзі

42 500 теңгені тағайындау кезінде жұмысшының табысы неге тексерілмеді? – министр жауап берді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов фейсбук-парақшасында 42 500 теңгені заңсыз алған азаматтардың әрекетіне қатысты пікірін білдірді. Ведомства басшысы ел тұрғындарының жиі жолдайтын «неліктен сіздер өтінімді қараған кезде оның бәрін тексеріп алмадыңыздар?» деген сұрағына жауап берді. «Біз оны тексере алмадық. Себебі мынада: (Әлеуметтік төлемді тағайындау туралы – ред) ереженің алғашқы нұсқасында біз жұмыс берушіден жұмысшыларды айлығының сақталуынсыз демалысқа жіберетіні туралы бұйрықтың көшірмесін немесе ақшаның жоғынан жұмысшыларға айлық төлей алмайтынын дәлелдейтін басқа да бір құжатта жолдауды талап еттік. Екінші күні жұмыс берушілер, жұмысшылар, қоғам өкілдері, кәсіпкерлер палатасының өкілдері бұл тәсілдің тым бюрократиялық сипатқа ие екенін, жұмыс берушілер үшін egov арқылы сканерленген құжатты бекіту қиынға соғатынын жеткізді. Бұл ескертпені назарға алып, аталған талапты алып тастадық. Тек өтінім беруші ТЖ-ға байланысты кірісін жоғалтқанын және келтірілген мәліметтердің шынайылығы үшін өзіне жауапкершілік алатынын растайтын өтінімді қалдырдық», – дейді ол. Б.Нұрымбетов бұл ретте жұмысшылардың көбінің талап-тілегі (жұмыс берушілер олар үшін өтінім беруге асықпаған) ескерілгенін де айтады. Себебі жұмысшыларға еңбек ететін компаниясының БИН нөмірін көрсете отырып, өтінім беру мүмкіндігі берілген. «Қоғам өкілдерінің бұл ретте ескертпесін тыңдап, дұрыс істедік деген ойдамын. Осыдан кейін сіздің айлық сақталмайтын демалысқа шығатыныңыз туралы бұйрықты қалай тексере аламыз? Мүлде тексере алмаймыз. Сіз өтінім беру арқылы мәлімет бердіңіз, біз оны қабылдадық. Көп адам «мәліметтер базасы болғаннан кейін бұл ереже бұзушылықтың бәрін тексеру кезінде анықтауларың керек еді» дейді. Алайда біздің базада сізді айлықсыз демалысқа жіберу туралы бұйрық жоқ. Өйткені, сіздердің талабыңыз бойынша аталмыш бұйрықты тапсыру ережесін алып тастап, хабарландыру сипатына ауыстырдық. Оның үстіне, мүлде шықпаған бұйрық бізде қайдан болсын (сіз демалысқа кетпей, жұмысыңызды жалғастырып, айлық алып жүрсіз, яғни сіз ТЖ кезінде табысыңызды жоғалтпадыңыз)», – деп жазады министр.