Зейнетақы жинағының сомасы неге азайды? – БЖЗҚ түсіндірді

Зейнетақы жинағының сомасы неге азайды? – БЖЗҚ түсіндірді

Зейнетақы жинағының сомасы неге азайды? – БЖЗҚ түсіндірді
ашық дереккөзі
«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ салымшылардың жинақ шотындағы қаражаттың «азаюына» қатысты пікір білдірді. БЖЗҚ-ның Instagram-дағы ресми парақшасында: «Соңғы күндері бізге «Жинақтарымның сомасы неге азайып кетті?» деген сауалдар көп қойылады. Мәселенің басын ашып алайық. Зейнетақы жинағы дегеніміз жарналар мен оларға есептелген инвестициялық кіріс сомасы. Жарналар ешқашан азаймайды, олардың сақталуына мемлекет кепілдік береді», – делінген. Жалпы жарнаның 3 түрі бар. Біріншісі – міндетті зейнетақы жарналары (табыстың 10%). Екіншісі – міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (табыстың 5%, еңбек жағдайы зиянды өндірісте жұмыс істейтін қызметкерлер үшін жұмыс беруші өз қаражаты есебінен төлейді). Үшіншісі – ерікті зейнетақы жарнасы, адам өз еркімен төлейді (ол кез келген сомада болады және төлеу кезеңін де өзі таңдайды). Инвестициялық кіріс дегеніміз зейнетақы жинағы қаражатын инвестициялау нәтижесінде алынған табыс. Зейнетақы активтерін ҚР Ұлттық банкі басқарады. «Зейнетақы жинағы бағалы қағаздар, шетелдік валюталар секілді әртүрлі қаржы құралдарына инвестицияланады, олардың құны әлемдегі экономикалық жағдайға байланысты үнемі өзгеріп отырады. Сондықтан инвестициялық кіріс ұлғаюы, азаюы мүмкін. Инвестициялық табыс күн сайын есептелетін болғандықтан, зейнетақы жинағының жалпы сомасы да өзгеріп отырады. Сондықтан инвестициялық кіріс төмен болған кезде, зейнетақы жинағының сомасы азаяды, инвестициялық табыс жақсы болса, зейнетақы жинағы да ұлғаятын болады», – деді зейнетақы қорынан. Бұл жерде инвестициялау табыстылығын бірнеше күн сияқты аз уақыт емес, бір жыл тәрізді ұзағырақ уақыт үшін қарау керек. Жыл басынан бергі инвестициялық қызмет нәтижесі оң үрдісті көрсетіп отыр – салымшылардың шотына 661,7 млрд теңгеден астам инвестициялық табыс есептелген. Бұл жыл басындағы көрсеткіштен 6 пайызға және соңғы 12 айдағы табыстан 12 пайызға жуық мөлшерге артық. «Құрметті салымшылар! «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР заңына сай сіздің жинағыңыз тек сіздердің меншігіңіз болып есептеледі», – деп мәлімдеді Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан.