Жаңалықтар

Лицензиясыз маман дайындаған медициналық колледж анықталды

ашық дереккөзі

Лицензиясыз маман дайындаған медициналық колледж анықталды

Тараз қаласында Ибн-Сина атындағы медициналық колледж бір жылдан  астам уақыт бойы лицензиясыз маман дайындап келген. Бұл туралы 24.kz арнасы хабарлады.

Аталмыш медициналық білім ордасы бұған дейін оқу процесінің талаптарына сәйкес келмегендіктен лицензиясынан айырылған. Ибн-Сина атындағы колледжде арнайы жабдықталған ғимарат та, оқу қоры да, қажетті зертхана да жоқ екен. Сонымен қатар, студенттерге медициналық білім беретін штатта арнайы маман да болмаған. Прокуратураның мәлімдеуінше, колледж басшылығы талапқа сай келмесе де, студенттер мен олардың ата-аналарын алдап, оқу процесін жалғастырып келген. Тексеру кезінде анықталғандай, колледжде қазір 170-ке жуық студент білім алып жатыр. Қазіргі уақытта прокуратура аталмыс дерек бойынша қылмыстық іс қозғап, студенттер өзге колледждерге ауыстырылды. Жамбыл облысы прокурорының аға көмекшісі Еркін Қаунышевтың айтуынша, қазір ірі көлемде алаяқтық жолмен ақша иемдену дәйектері анықталған. «Қазіргі кезде алдын ала тергеу амалдары жүргізілу үстінде. Балалардың оқуын  тоқтатпадық. Олар өздерінің оқуын екінші семестрден жалғастырып жатыр.  Емтихандарын қайталап тапсырды. Содан кейін арнайы студенттер  арасындағы бақылау жұмыстарын толығымен тапсырып шықты», – дейді Еркін Қуанышев.