18 сәуір – халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні

18 сәуір – халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні

18 сәуір – халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні
ашық дереккөзі
Бұл мереке елімізде 1984 жылдан бері атап өтіліп келеді. 1983 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылған Халықаралық ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі кеңес ассамблеясы бекіткен бұл күннің тәуелсіз еліміздің тарихында алар орны ерекше. Бүгінгі таңда халықаралық ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі кеңес ассамблеясы ұйымының қатарында әлемнің 175 мемлекеті бар. Қазіргі таңда 175 мемлекет 1972 жылы қабылданған «Мәдени және табиғи мұраны сақтау жөніндегі дүниежүзілік конвенцияның» қатысушысы болып табылады. ЮНЕСКО-ның тізіміне әлемнің 122 елінде орналасқан дүниежүзілік мұраның 754 нысаны енгізілді, олардың арасында отандық ескерткіштер де бар. Елбасының осыдан 17 жыл бұрын, яғни 2003 жылдың сәуірінде халыққа жолдауында арнайы бекітілген «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы – бүгінгі және келешек ұрпақты тарихи-мәдени мұрамен хабардар етіп қана қоймай, сонымен қатар болашақта болатын жағдайды да басты назарға алады. Ол – адам парасатының дамуы мен құрылуының бастауы, тарихи естеліктердің маңызды қоймасын жасау және қорғау бағдарламасы болып табылатын ел тарихындағы елеулі оқиғалардың көрінісі. Ежелгі тарихтың негізін бүгінгі күнмен қосатын жолды құрап, уақыттың үзіліссіз байланысын көрсететін қазіргі дау-дамайдағы адамзатқа қажетті көп қырлы қоғамның тарихи тәжірибесін де осы тың бағдарлама терең  зерттеумен айналысып келеді. Бағдарлама әлемге ұлттық рухани ескерткіштер байлығын паш етеді. Жоба қабылдағаннан кейін бірден 2004 жылы 51 тарихи және мәдени ескерткіштің реставрациялық жұмысы аяқталып, 39 қалашық пен қорғандарға археологиялық зерттеулер жүргізілгендігінің өзі – соның жемісі. Көптеген маңызды нысандарды қамтыған Қазақстанның тарихи-мәдени және тарихи ескерткіштерінің мемлекеттік тізімі дайындалып,  ұлттық мәдениет үшін аса маңызды  сәулеттік және археологиялық қосымша ғылыми зерттеулер де қолға алынды. Ұлттық мәдени мұраны толық зерттеу жүйесінің құрылуы бағдарламаны құруда аса маңызды рөл атқарды. Республика тәуелсіздік алғаннан кейін толық гуманитарлық білім беру қорын құру мақсатында мемлекеттік тілде алғашқы қадамдар жасалды. Қытай, Түркия, Моңғолия, Ресей және Өзбекстан, Армения, Құрама Штаттар және Батыс Еуропа елдеріне ғылыми зерттеу экспедициялары ұйымдастырылды. Олардың қорытындысы бойынша ғылыми топтарда бұдан бұрын белгілі Қазақстанның сәулеті, этнографиясы, тарихы бойынша шамамен бес мың жазба және баспалар алынды. Бағдарлама басталғалы бері сан мыңдаған кітаптар, олардың ішінде этнография, археология, тарих бойынша сериялар, жаңа энциклопедиялық сөздіктер басылып шығарылды. Демек, тарих толқынында елдің кешегісі мен бүгінін байланыстырып, ұлтымыздың ұлылығын танытатын, мәдени мұрамыз бен ұлы дала тарихындағы маңызды ескерткіштер –  өркениетті қоғамның өзіндік рухани – өнегелілік және материалдық құндылықтардан тұратындығын түсіндіреді. Көне тарихымыздан бастау алған мол мұралар ұрпақтан-ұрпаққа  жай өтіп қана қоймай, оларды жоғалтып алмас үшін, ұлттық, мемлекеттік масштабтағы үлкен күш пен құралдарды салуды талап етеді. Сондықтан да Елбасының жолдауымен қабылданған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қазіргі Қазақстанның әлемдік өркендеуінің айқын дәлелі. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Мәдени мұра» бағдарламасын мемлекеттің мәдениетіне қолдау көрсететін стратегиялық ұлттық жоба деп атап көрсетуінің өзінде қаншама мән жатыр. Бағдарлама халықтың  тарихи тәжірибесін байытып, болашақтың сенімді тірегі болып жалғасып қала да бермек. Әсел Жақсыбай