Пітір садақа мен зекетті мобильді қосымша арқылы аударуға болады

Пітір садақа мен зекетті мобильді қосымша арқылы аударуға болады

Пітір садақа мен зекетті мобильді қосымша арқылы аударуға болады
ашық дереккөзі
Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты Рамазан айында берілетін пітір садақасы мен зекетті kaspi.kz мобильді қосымшасы арқылы аударуға болады. Елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен онлайн режимде өткен төралқа мәжілісінде осындай шешім қабылданды. ҚМДБ және банк басшылығы арасында жасалған келісімге сәйкес, бұл жоба қасиетті Рамазан айында жүзеге аспақ. Бүгінде ортақ жобаның қосымша жұмыстары қалды. Жұмыс толық аяқталған соң жақын күндерде онлайн садақа беру жобасы іске қосылады. Бұл туралы қосымша хабарланады. Мобильді қосымшаға әр облыс пен республикалық маңызы бар қалалардағы орталық мешіттердің есепшоты енгізіледі. Әр азамат өз өңіріндегі мешіттің есепшотына пітір садақасы мен зекетін үйден шықпай онлайн режимде аудара алады. Айта кетсек, ҚМДБ Төралқа мәжілісінің шешімімен биыл бір адам атынан берілетін пітір садақа мөлшері 370 теңге деп бекітілді. Пітір садақаның құны екі келі ұнның республика бойынша есептегенде нарықтық орташа бағасымен шығарылды. Ал материалдық жағдайы бар азаматтар пітір садақаны мейіз немесе құрма құнымен бергені абзал. Өз қажеттілігін қоспағанда мал-мүлкі, дүниесі күміс нисабына жеткен, яғни 127 мың теңгесі бар адам Рамазан айында өзі және жанұясы үшін пітір садақасын беруі – уәжіп (міндет). Пітір садақасы пенденің ораза кезінде жіберіп алған қате-кемшіліктерінің өтеуі үшін және көмекке мұқтаж жандарды материалдық қолдау мақсатында беріледі. Биыл қасиетті Рамазан айы 24 сәуірде басталады. Төтенше жағдайға байланысты жұқпалы індеттің алдын алу үшін мешіттерде жұма, тарауық, күнделікті жамағат намаздары уақытша оқылмайды. Сонымен қатар, мешіт пен қоғамдық орындарда ауызашар берілмейтін болды.