Мақсұт ТЕМІРБАЕВ, академик: Қоғам ел үшін жанын қиған ерлерді білуі тиіс

Мақсұт ТЕМІРБАЕВ, академик: Қоғам ел үшін жанын қиған ерлерді білуі тиіс

Мақсұт ТЕМІРБАЕВ, академик: Қоғам ел үшін жанын қиған ерлерді білуі тиіс
ашық дереккөзі
Белгілі ғалым, медицина ғылымдарының докторы, академик Мақсұт Темірбаевты жұртқа таныстырып жату артық шығар. Саналы ғұмырын ғылымға арнаған айтулы азамат  – 1991 жылы Қазақстан стоматологтар қауымдастығын құрып, қазақ стоматология ғылымының халықаралық деңгейдегі ұйымға – Дүниежүзілік стоматологтар қауымдастығына мүше болуына тікелей ықпал етіп, аталған саланың ілгері дамуына өз үлесін қосты. Сондай-ақ, Мақсұт Әбуұлы қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысып, елімізде елеулі істерге мұрындық болған «Ер Жәнібек»  халықаралық қоғамдық қорын 6  жыл басқарып, аталған қордың Алаш баласына рухани қызмет етуіне, жас ұрпақтың тарихи санасын жаңғыртуына қызмет атқарды. Білікті ғалымның айтары аз емес.  – Мақсұт Әбуұлы, Қазақстан медицина ғылымына сіңірген еңбегіңіз елге мәлім. Бүгінде құрылғанына 25 жыл толған Қазақ стоматологтар қауымдастығының құрылу тарихы мен аталған саладағы маңызы туралы айтып берсеңіз? – Бар ғұмырымды медицина саласына арнап келемін. 1973 жылы Ленинградта аспирантураны аяқтап, 26 жасымда кандидаттығымды, 1990 жылы Мәскеуде докторлығымды қорғап, ғылымға түбегейлі кірістім. 1988 жылы Республикалық дәрігерлердің білімін жетілдіру институтында декан едім,  қалалық стоматологиялық ғылыми қауымдастықты   басқарсаңыз   деп қолқа салған соң, келісім бердім. Ол тұста қауымдастықтың жұмысы шектеулі, тек ғылыми пікірлерді талқылайтын. Өйткені, денсаулық сақтау саласын үкімет басқаратын. Содан, еліміз Тәуелсіздік алған соң, 1991 жылы қалалық қауымдастық негізінде Қазақстан стоматологтар қауымдастығын құрдық. Егемендіктің алғашқы жылдарында елдегі жағдай қиын еді. Ақшамыз жоқ болса да, халықаралық ұйымдармен байланыс жасауға мүмкіндіктер туды. Мен қауымдастықты басқарып жүрген тұста, 1995 жылы Германияның Тюбинген қаласындағы Карл Эберхард атындағы 700 жылдық тарихы бар  медицина университетінің  ғылыми және жоғары оқу, тәжірибе алмасу академиялық қызметінің стипендианты атанып, екі айлық ғылыми-клиникалық іс-тәжірибеден өтуге бардым. Сонда жүріп әлемдік деңгейдегі жаңалықтармен танысып, көп мүмкіндіктерді байқадым. Мысалы, ол тұста бізге беймәлім брекет жүйесі, имплантация, жаңа протездер технологиясының құпияларымен танысып білдік. Содан кейін-ақ Тюбинген университетімен тығыз қарым-қатынас жасап, олардың төрткүл дүниеге танымал профессоры Хайнер Веберді Алматыға шақырдық. Ол кісі студент, стоматолог-дәрігер, мұғалімдерге алғаш рет шетелден келіп дәріс оқыған ғалым ретінде бірқатар жаңа тәсілдерді үйретіп кетті. Бұдан бөлек, шетелдік әріптестерімізбен тығыз байланыс орнатуымыздың нәтижесінде Дүниежүзі Стоматологтар қауымдастығына мүше болу мәселесін жеңілдете түсті. Содан, 1996 жылы Дүниежүзі Стоматологтар қауымдастығының Лондондағы штаб-пәтеріне ұсыныс жібердік. Тәуелсіздігіне енді қол жеткізген қазақстандық ғалымдардың талабын үлкен ұйым мақұлдады. Ол кезде біздің қауымдастықта қаражат жоқ еді. Алайда отандық медицина мамандары арасынан 1997 жылы  бірінші рет Кореяның Сеул  қаласында өткен Дүниежүзі Стоматологтар қауымдастығының 85- халықаралық жиынына бес адам барып қатыстық. Мұны әлем стоматологтарының олимпиадасы десе де болады. Бұл ауқымды жиын болғандықтан, әлемнің әр түкпірінен отыз мыңдай адам келіп қатысып, мыңдаған фирма халықаралық көрмеге қатысты. Ол форумды сол тұстағы Корея президентінің өзі ашып, құттықтау сөйледі. Жиынға бұрынғы одақтас республикалардан тәуелсіз ел ретінде Қазақстан мен Ресей ғана қатысты. Форумның қалыптасқан дәстүріне сай барлық мемлекеттің туларын кішкентай балақайлар көтеріп шығады. Еліміздің көк байрағы алғаш рет ұйымға мүше 120 мемлекеттің туларымен бірге көтерілгенде біздің қуанышымызда шек болмады. Міне, содан бері Қазақстанның туы солардың қатарында желбіреп келеді. Қазір сол жасаған жұмысыма  әлі күнге дейін  ризамын. – Дүниежүзілік стоматологтар қауымдастығына мүше болу қазақстандық стоматологияға не берді? Ғылымдағы ашқан жаңалықтарыңыз қомақты шығар... – Әрине, көптеген жетістіктерге қол жеткіздік. Біріншіден, халықаралық жоғары деңгейдегі стоматология жаңалықтарымен жылдам танысып отырдық. Әлемдік ұйымның аса бай стоматологиялық мәдениетін игердік. Екіншіден, отандық стоматология әлемдік жаһандануға имене аттаса да, алғашқы қадамын жасады. Ал менің  Дүниежүзілік стоматологтар қауымдастығына мүше болып, академигі атануым, қауымдастықтың президенттері Тцурумаки (Жапония), Ли (Корея), Моннеймен (Франция) таныстығым стоматологтар қауымдастығының маңызын түсініп, іс жүргізуімізге көп септігін тигізді. Шетелде шығып жатқан жаңа технологиялар ғылыми ізденістердің көрсеткіші. Оларда ғалымдар ойлап тапқан жаңалықтарды, жаңа әдіс-тәсілдерді тіске қажетті материалдар жасайтын зауыттармен бірлесіп дайындайды. Біздегі ғылыми жұмыстарымыз біржақты, тек институтта зерттеу жасалады. Ал біздің клиникамыздың қол жеткізген табысы, стоматологияға қосқан үлесі елеулі. Мысалы, мен докторлық диссертациямда ауыздың иммундік жүйесін  молекулярлық деңгейде зерттедім. Бұдан бөлек, толықтай алмалы-салмалы тіс протезін жасауға жаңалықтар енгіздім. Сонымен қатар, бұрындары емдей алмай жүрген, емдеу мүмкін емес тістердің балалардың қисық тісін түзету тәсілін алғаш Қазақстанда жасадық. Бұл әдісті Мәскеуде докторлық диссертациямды қорғайын деп жүрген тұста Гүлсара Оспанова деген  қандасымыз: «Сіз жаңалыққа жақын жүресіз. Қазақстанның балаларына сыйлық жасайын,  брекет салуды үйреніңізші»,– деп қолқа салды. Сөйтіп, Ресейдің Стоматологиялық ғылыми-зерттеу  орталығында бір ай осы тәсілді үйреніп, 1991 жылы Қазақстанға алып келдім. Шынында да, жақсы технология екен, қисық тістерді брекет жүйесі бойынша ұстатсаң, тісті өзінің керекті орнына жылжытып, қалыптастыруға толық мүмкіндік береді және ол бұрынғы қасиеттерін сақтап қалады. Екіншіден, адамда бір тіс қалмаған жағдайда, протез салғанмен, орнықты тұрмаса жақтың етін езіп жібереді. Оған қазіргі технология – имплантация, яғни,  титаннан жасанды түбір  салынады. Швед ғалымы И.Бранемарк ойлап тапқан бұл әдіс қазір дүние жүзіне тарап кетті. Қазақстанда да  жасалуда. Ол үлкен жетістік. Бұрын темірден, алтыннан  тіс салсақ, қазір адамның бет әлпетіне жарасымды ақ тіс – керамиканы қолданамыз. Бұл да үлкен жаңалық. Тіс жегісіне де мықты пломба салынады, бұл да жаңадан дамыған технология. – Ғылыммен қатар қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысасыз. «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қоры қалай құрылды? – Бабамыз Ер Жәнібектің ерлігі қазаққа мәшһүр. Ер Жәнібек – Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Жанатай, Өтеген, Райымбек, Баян тағы да басқа баһадүрлермен үзеңгілес даңқты батыр. Абылай ханның бас батырларының бірі ретінде халық жадында терең зерделенген, ауыз әдебиеті үлгілерінде көп кейіптелген тарихи тұлға. Ер Жәнібектің өмірі мен ерлігі жайында ел аузында бірнеше толғау, дастандар мен аңыз-әфсаналар айтылып жүр. Солардың ең көлемдісі Қытай қазақтарының рухани көсемі Ақыт қажы Үлімжіұлының «Жәнібек батыр» дастаны. Бұл дастан Қазақстан республикасы Ғылым Академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының сирек әдебиеттер мен қолжазбалар қорында сақталып, кейіннен қадым жазуынан қазіргі кириллица әрпіне түсіріліп, «Бабалар сөзі» жинағы мен Мәдениет және ақпарат министрлігі жарыққа шығарған «Қазақтың батырлық жырлары» антологиясына енгізілді. Батыр жайында қазақтың атақты Бұқар жырау, Үмбетей жыраулардың жыр-толғаулары мен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жазбалары біздің заманға жеткен. Қазақ халқының тарихнамасы бойынша Жәнібек Бердәулетұлы 1714 жылы Сыр бойында туған. Ол жоңғарлармен соғыста Абылай ханның бас сардарларының бірі болған батыр. Алайда Ер Жәнібек жайында бүгінгі ұрпақтың білетіні тым аз деп ойлаймын. Міне, біз осындай тарихи тұлғамыздың келбетін танытуға, ерлігін бүгінгі ұрпаққа өнеге ету мақсатында даңқты батыр Ер Жәнібек есімімен аталатын халықаралық қор құрылды. Бұл бастаманы 2006 жылы жазушы Жәди Шәкенұлы, Рысбек Тоқтасын, Қойшыбек Мүбарак, Ұлан Бапайұлы деген белсенді азаматтар құрған екен. Содан арада біраз жыл өткен соң ақсақалымыз, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішев ағамыз маған осы қорды басқаруды тапсырды. Содан жұмысқа кірісіп кеттік. – Қордың ең ауқымды жұмысы Ер Жәнібек батырдың 300 жылдық мерейтойын халықаралық деңгейде атап өтті. Дүбірлі тойдың дүйім жұртқа белгісіздеу ұйымдастыру жұмыстарына тоқталсақ... – Қазақ халқы соңғы 300 жылда жаншылып, езіліп қалған халық қой. 1956 жылы екі миллион 600 мыңнан асатын ғана қазақ болған. 1900 жылдары Орта Азияда қазақтан көп халық жоқ еді. Қырғын мен қуғыннан қазақтың саны орны толмастай ортайып кетті. Тарих жас ұрпақтың жадынан өшіп, рухымыз өшкендей болды. Қордың ең басты жұмысы – қазақтың тарихын таныту. Ер Жәнібек тек керейдің батыры емес, қазақтың батыры. Қазақ хандығын құруда, нығайтуда айрықша қызмет атқарған қолбасы, Абылай ханның оң тізесін басқан баһадүр. Қор құрылып, жұмысы басталған тұста тағдырдың айдауымен атажұрттан алыс кеткен біраз қазақпен, бауырларымызбен қайта қауыштық. Олардың арасында тәуелсіз Қазақстанға келіп, өз еңбегімен таныла бастаған кәсіпкерлер, ғылым докторлары, қаламгер азаматтар көп екен. Ер Жәнібек батырдың 300 жылдық мерейтойына айрықша дайындалдық. 2014 жылы Ер Жәнібектің туылғанына 300 жыл толуына орай Дүниежүзі қазақтар қауымдастығымен бірлесе отырып, Алматыда Ұлттық баспасөз клубында баспасөз мәслихаты ұйымдастырылса, содан бастап республикамыздың жоғары оқу орындарында және де басқа мәдениет ошақтарында Ер Жәнібектің мерейтойына арналған патриоттық-мәдени іс-шаралар өткізілді. Сонымен бірге «Алаш» тарихи-зерттеу орталығымен бірлесіп, «Керей шежіресі» жарық көрсе, қордың тікелей басқаруымен Сұлтан Тәукейұлының «Ақыр Жәнібек» романы, тарихшы-ғалым Жанымқан Ошанұлы мен жас ғалым Нәсихат Нәбиоллаұлы бірлесіп құрастырған «Ер Жәнібек Бердәулетұлы» атты анықтамалық-библиографиялық ғылыми жинағы, «Ел ұраны Ер Жәнібек» атты зерттеу мақалалар жинағы, Базарбек Атығайдың ұйымдастыруымен «Ер Жәнібек фольклорлық деректерде» атты аудиодиск және «Ер Жәнібек» деректі фильмі секілді біраз кітаптар мен аудиодисктер оқырмандарға жол тартты. Алматы қаласында батырға арнап ас беріліп, Республика сарайында концерттік бағдарламалар жүзеге асты. Сол жылдың мамыр айында, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы және Еуропа қазақтар қауымдастығы (ФЕКА) бірлесе отырып, Берлин қаласында Ер Жәнібектің 300 жылдық мерейтойына арналған спорттық-мәдени іс-шаралар өткізілді. Онан кейін, елордамыз Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Ел қорғаған Ер Жәнібек» атты халықаралық ақындар айтысы өткізілді. Айтыстың барлық шығыны мен жүлдесін Жомарт Омаров, Толқын Ақанұлы, Біржан Қажығалиев, Жеңіс Түркия деген төрт азамат көтеріп алды. Ал белгілі түрколог-ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы мен Жәди Шәкенұлының ұйымдастыруымен Лев Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетте «Мәңгілік ел мұраты және Ер Жәнібек» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциямен қоса, Ақмола облысы Целиноград ауданы, Қоянды ауылында ас және спорттық-мәдени шаралар жергілікті әкімшіліктердің белсене атсалысуымен өз деңгейінде өтті. Ал маусым айының соңына қарай, Алты Алашқа сауын айтылған дүбірлі ас берілді. Ас 2009 жылы батырдың жатқан жері Қалбатауға «Ер Жәнібек мемориалды кесенесін» қойған жеке кәсіпкер Қанат Сүлейменовтің басқаруымен, Семей қаласы әкімшілігі, Жарма ауданы әкімшілігінің және барлық отандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінің белсене атсалысуымен жоғары деңгейде өтті деп білеміз. Әуелі тойдың басы «Ел қорғаны Ер Жәнібек» атты ғылыми-тәжірибелік конференциямен басталды. Қоғамдық қордың арнайы жасаған «Ер Жәнібек» атты деректі фильмі ел назарына ұсынылды. Жиынға Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімов қатысып, конференцияға келген барлық қонақтар мен тарихшы, жазушы-ғалымдарға алғыс айтты. Бұдан бөлек, Жарма ауданының әкімі Әнуарбек Мұхтарханұлы сол тұстағы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың: «Ер Жәнібектің 300 жылдық мерейтойы – барша қазаққа ортақ қуаныш. Өйткені батырдың өзі Алты Алашқа ортақ тұлға екені даусыз», – деген құттықтау хатын оқыды. Академик Тұрсынбек Кәкішұлы: «Мұндай көлемді жиын бұрын-соңды қазақ даласында өте қойған жоқ шығар. Батыр рухын асқақтатуға сіңірген еңбегі үшін облыс әкімінен бастап, барлық азаматтарға айтар алғысым шексіз. Тарыдай шашылған қазақты көк тудың астына біріктіру үшін мұндай шараның маңызы ерекше. Жәнібектің мерейтойы барша қазақ халқын елдікке бастасын», – деп, баба тарихымызға жасалған осы бір құрметті істің жалғаса беруіне тілектестігін білдіріп, батасын берген еді. Асқа да алыс жақындағы ағайын шын ықыласымен атсалысты. Алматы облысы, Күреңбел ауылынан Бекежанов Бақтияр бастап бір автокөлік, Оңтүстік Қазақстан облысынан Есбол Қамбаров бастаған жігіттер, Қызылорда облысынан Марал ишан ұрпағы Мұхаметқан Омаров бастаған азаматтар, Қостанай облысынан Қажығали Есетов бастаған бауырларымыз әрқайсысы бір-бір автокөліктен жүлде атады. Бұдан бөлек, Шығыс Қазақстандағы азаматтар бірігіп бір автокөлік әкелді. Қытайда тұратын бауырлар атынан Кабен ақсақал, Жеңіс Қалиязымұлы қатарлы азаматтар ұйымдастырып, осы дүбірлі асқа қытай ақшасымен 120 мың юан ақша (4 милион теңге мөлшері), «Қанас» компаниясы 2 мотоцикл қосты. Алматы қаласынан профессор Нәбижан Мұхаметқанұлы «Қызай ана» қоры атынан он үй, Шұбартау өңірінен Біржан Қажығалиев пен Базарбек Атығаев бастаған «Жобалай би» атынан алты үй, Жігер Жанәбілұлы ұйымдастырып, «Қожаберген батыр» ауылы атынан үш үй, бұдан басқа да жергілікті әкімшілік пен ұйымдастыру алқасы тарапынан жүзге жуық үй тігіліп, қазақтың дәстүрін жаңғыртқан, жас ұрпақтың рухын көтеретін дүбірлі ас берілді. – «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қоры алдағы уақытта тағы қандай шараларды өткізбек? – Әрине, қоғамдық қор болған соң ол тек бір ғана тұлғаны ұлықтаумен шектелмейді. Биыл Зуқа батырдың 150 жылдығын атап өтпекпіз. Бұдан ары қарай да қазақ тарихында елеулі тұлғаға айналған, ұлтына қызмет атқарған батыр бабаларымызға, Алаш арыстарына арнап түрлі шараларды қолға алып, өткізетін боламыз. Бұдан бөлек, жақында биыл 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіп жатқан Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың еңбектерін алғашқылардың бірі болып қаржылық демеушілікпен шығарып, Анкарада, Алматыда, Астанада тұсау кесерлерін өткізіп жатыр. Сондай-ақ, келер жылы қазақ елі атап өтетін Алаш автономиясының 100 жылдық мерейтойына орай, Алаш қайраткерлерінің еңбектерін шығаруды қолға алудамыз. Бүгінгі қазақ жер үшін, ел үшін жанын пида өткен ерлерді білуі тиіс. Биылдан бастап, «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының ішкі ережесіне сәйкес қордың жаңа президенті болып Жеңіс Түркия тағайындалды. Іскер жігіттің алдағы уақытта да қордың ісін жоғары деңгейде жүргізетініне сенімдіміз. – Әңгімеңізге рахмет.  

 Сұхбаттасқан Жәнібек ҒАЛЫМ