Жаңалықтар

Ерлан Саиров: Бұл – пікір таластыратын уақыт емес

ашық дереккөзі

Ерлан Саиров: Бұл – пікір таластыратын уақыт емес

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің отырысында төтенше жағдай кезінде тұрғындардың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына одан әрі көмек көрсету тетіктері талқыланды. Жиынға қатысқан қордың Қамқоршылық кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері Ерлан Саиров облыс әкімдіктерінің жұмысын сынға алды. «Birgemiz қорының қамқоршылың кеңесінің мүшесі ретінде облыс әкімдіктерінің жүктелген тапсырманы орындаудағы бірқатар кемшіліктерін айтпай кетуге болмас. Көмекке мұқтаж азаматтардың тізімін жергілікті әкімдіктер жасайтыны белгілі. Өздеріне жауапты жұмыс жүктелгенін біле тұра, олар техникалық қателіктер жіберіп, тізімге жағдайы жақсы адамдарды да қосып жіберген. Тіпті, өздерінің кейбір жауапкершіліктерін қорға ысырмақ болған әкімдіктер де бар. Осы орайда қордың басты міндеті – көмекке шын мұқтаж тұрғындарға көмектесу екенін және партия мен қор қызметкерлері дәл осы істі атқарып жатқанын айтқым келеді. «Birgemiz» қорының қамқоршылық кеңесінің мүшесі ретінде өз жұмысына салғырт қарап, өңірлерде және орталықта қолайсыздықтардың тууына себепкер болатын әкімдіктер туралы жаза бермекпін», – деп жазды Ерлан Саиров Facebook парақшасында. Сондай-ақ, қоғам қайраткері қазіргі қиын-қыстау шақта күш біріктірудің маңызына тоқталды. «Ел өміріндегі күрделі кезеңде біз жұдырықтай жұмыла білуіміз қажет. Бұл – дауласатын, пікір таластыратын уақыт емес. Дәл қазір біздің көмегімізге мұқтаж азаматтарға қол ұшын созғанымыз жөн», – деді ол.