Карантин режимі қашанға дейін созылады – бас санитар жауап берді
Карантин режимі қашанға дейін созылады – бас санитар жауап берді
Коронавирусқа шалдыққан 1 науқас індетті 80 адамға таратуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова мәлімдеді.
«Халықтың назарын мына жайтқа аударғым келеді: инфекцияның таралу өрісіне талдау жүргізе отырып, коронавирус жұқтырған бір адамның 80 адамға дейін жұқтыруы мүмкін екенін біліп отырмыз. Карантин кезінде де көршілер бір-бірімен әңгіме-дүкен құруды доғарар емес. Артынша бір-біріне вирус жұқтырады. Мұндай жағдайлар да бізде кездесті. Орташа есеппен бізде коронавирус жұқтырған 1 адамға байланыста болған 30 адамнан келеді. Қазіргі таңда жұқтырған адамдардың 70 пайызы ауру белгісін байқамай өтіп кететінін көріп отырмыз. Демек аурудың қылдай белгісі жоқ сап-сау адамның өзі басқа адамдар үшін инфекция таратуы мүмкін», - деді Айжан Есмағамбетова ОКҚ-да онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, баспасөз мәслихаты барысында бас санитарға «карантин тәртібі Қазақстанда мамыр айына дейін созыла ма?» деген сұрақ қойылды.
«Қазақстан Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік комиссия ТЖ режимі 30 сәуірге дейін ұзартқанын білесіздер. Карантин ары қарай созыла ма – ол өзімізге байланысты болмақ. Карантин шараларын қаншалықты сақтаймыз, өз-өзімізді қаншалықты оқшаулауға қауқарлымыз, қаншалықты қозғалысты азайтамыз – бәрі осы мәселеге кеп тіреледі», - деп жауап берді Айжан Есмағамбетова.