17 Сәуір, 19:24 609 0 Өнер Арайлым Бимендиева

Аңсаған Мұстафа: Табыс табудан бұрын қоғамға ой салатын суреттер саламын

Танымал суретші, иллюстратор Аңсаған Мұстафаның әлеуметтік та­қырыптағы суреттері көптің кө­кейінде жүрген мәселені дөп ба­сады. Сурет­шілік қабілетін биз­нес­ке ай­налдырған ол бүгінде ұлт­тық на­қыштағы киім­дерді дайын­­дау­мен айна­лысады.

– Әлеуметтік тақырыптағы су­рет­теріңіздің көпшілікке ұнауы­ның сыры неде деп ойлайсыз?

– Әлеуметтік тақырыптарды, ұлттық на­­қышты өзім жақсы көремін. Менің сурет­терім арқылы адамдар қате жолға түспесе, ата-анасын ренжітпесе, кішкентай балалар қатерге басын тікпесе деп ойлаймын. Жал­пы, менің салған суреттерім қысқа да нұсқа. Су­ретті салу барысында аз элементтерді пай­даланып, көп идеяны жеткізгім келеді. Су­реттерімнің түрлі-түсті емес, көбінесе ақ-қара болуы да сондықтан. Салған жұ­мыстарымның ең басты мақса-ты – идеяны тезірек жеткізу. Өйткені қазіргі заманда адамдардың бар­лығы асығыс, іштері тез п­ы­сады. Суретке 5-10 секунд назар салып, ұнай­­ды, ұнамайды деп шешім қа­былдайды. Суреттерімнің көп­ші­лік­ке ұнауының нақты сырын білмей­мін, өзімнің ойлауымша, дәл қазіргі өзекті мәселені өз уақытында қағазға түсіре білуім деп ойлаймын.

– Әлеуметтік тақырыпта су­рет салар кезде алдын ала ой­ша жоба­сын жасап аласыз ба?

– Өзім суреттерді іштей ой­лас­тырып жү­ре­мін. Идея келген кезде жал­пы елес­тетемін, кейде сол ойлаға­ным ұмытылып ке­теді, бірақ басқа күні тағы еске түседі. Осы­лай бір-екі апта ой­ластырып жүруім мүм­кін. Табан ас­тын­да қалам мен қағаз қо­лыңда болмай қалатын кездер де болады. Бір күні қол тиіп отырған кезде сала бас­тай­мын. Жалпы, идея келгеннен бұрын су­рет­ті салуды ойластырғанға көп уақыт ке­теді. Сурет салу механикалық жағынан тез бітеді. Баяғыда 15-30 минут ішінде салып тас­тайтынмын. Ал қазір жарты сағат ішінде су­ретті салып бітіріп, әлеуметтік желіде бө­лісу деген жоқ. Әуелі салып, оны жөн­деймін, өңдеймін. Ұнамай қалса, жыртып қоқысқа тастап, басқасын саламын. Қазір бұл процесс ұзағырақ жүріп жатқанын бай­қаймын.

– Сурет салуға идеяны қайдан аласыз?

– Суретке идея беретін – журналистер қауымы. Олардың қоғамдағы өзекті мә­се­лелерді көтерген мақалалары мен зерт­теулері маған ой салады. Сонымен қатар идея­ларын ортаға салып жүрген жур­на­листер өте көп. Мәселен, журналист Гүл­жа­зира Берікқызының идеясы, фантазиясы мықты. Оның айтқан идеясы бойынша 2-3 сурет салдым, өте сәтті шықты. Журналист Жандос Байділданың идеясымен салған «Бір қолымен әлемді, бір қолымен баланы тербетеді» деген сурет әлеуметтік желіде ерекше қабылданды.

– Бұл сурет­те­ріңіз­ді сатып, та­­­быс табуға бо­ла ма?

– Жалпы, әлеуметтік тақы­рып­тағы су­рет­тер сатылмайды. Дәл қазір шеберханамда өзім салған өлшемі 60-80 см болатын 60-70 сурет бар. Суреттерім өте танымал, әлеу­мет­тік желі арқылы жақсы та­рап, шетелден де  қызығу­шы­лық танытқандар болды. Қазіргі тілмен айтқанда көп лайк жинады. Бірақ бұл суреттерді сатып алуға еш­қандай сұра­ныс жоқ. Өйт­кені адамдар үйіне әдемі, көңіл көтеретін немесе сағы­нышын баса­тын суреттер ілгісі келеді. Сол себепті әлеу­мет­тік тақы­рыптағы суреттерден қаржы­лық жа­ғынан пайда жоқ деп айтса да болады.

– Соңғы кезде суреттеріңізді әлеу­меттік желіден сирек көретін бол­­дық. Пайда жоқ болған соң әлеу­­меттік тақырыпта сурет салу­ды азайт­тыңыз ба?

– Жалпы, соңғы кездері сурет салмай кет­тің деген пікірлерді көп естимін. Мен күн­де сурет саламын, бірақ оның барлығы әлеу­меттік тақырыпта емес. 99 пайызы ұлт­тық на­қыш­тағы футболкаларға ар­налған сурет­тер. Нақты ай­т­сам, соңғы 5 жыл ішінде 994 сурет салыппын. Айна­лыс­қан кәсібім, жеп отырған на­ным болғандықтан, көп уа­­қыт жұмсауға тура ке­леді.

– Ұлттық на­қыш­­­ты басу үшін дайын футбол­ка­лар­ды шетелден са­тып алады екен­сіз. Ота­н­дық фут­бол­калар көңіліңізден шық­пай ма?

– Біздің ең үлкен проблемамыз – хал­қы­мыздың санының аздығы. Сол себепті отан­дық өнімдер өз-өзін ақ­та­майды. Са­тылым, таралым жағынан аз бо­лып қалып жа­тады. Сонымен қатар бізде адамдар аз ең­­бектеніп, көп ақша тапқысы ке­леді. Тү­ріктер, қытайлар кез келген жұ­мысқа кірі­сіп кетеді, жұмыс істеуден қаш­пайды. Өйт­кені оларда халық саны көп, бә­секелестік жоғары. Жұмыс істемеймін деп шіреніп, ба­ғаны көтеріп отырған болса, пайда бә­секелестеріне түсіп нансыз қа­латынын бі­леді. Ал бізде қай саланы алып қарасаң да, мо­нополистер отырып алған. Үкіметтен, бюд­жеттен ақшаны, дотацияны алған­дарымен қоймай, тауар бағасын да көтеріп қояды. Өйткені бәсекелік орта болмаған­дық­тан адамдарда таңдау да жоқ. Мен де алғашында дайын тігілген фут­бол­каны өз елімізден сатып ал­ғым келді. Бірақ бағасы өте қым­бат болды, дайын тігілген фу­т­бол­ка­ның бағасы 4 500-5 000 теңге. Ал мен сол ба­ғада са­тып алып, сурет салып сатар бол­сам, бағасы кемінде 7 000 теңге бо­лады. Ал дүкен бізден сатып алған соң бағасын екі еселеп, 14 мың дейді. 14 мы­ңға кім футболға са­тып алғысы келеді? Са­тылмай қалып кетуі мүм­кін, сондықтан өкінішке қарай, фут­болкалардың барлы­ғын шетелден өзімізден арзан бағада алып отырмын.

– Еліміздің көптеген қала­ла­рын­­да сіздің жеке көрмеңіз ұйым­дас­­тырылды. Шетелде көрме ұйым­дас­тыру туралы ұсыныстар бол­ды ма?

– Шетелде көрме өткізу – кез келген сурет­­шінің арманы. Шетелдіктер сурет­терім­ді әлеуметтік желі арқылы жақсы қа­былдап жатады. Бір жағынан өзім де прин­ципті түрде суреттеріме тек қана қа­зақша жа­замын, бірақ олар суретті ма­ғынасына қа­рай бәрібір түсініп алады. Нақ­ты айтсам, ма­ған көрме өткізу туралы ұсы­ныспен Кипрден, Әзербайжаннан ха­барласты.  Ме­нің салмағы ауыр, өлшемі 60-80 см болатын 60-70 суретімді көріп, өздері кешірім сұрап ұсыныстарынан бас тарт­ты. Өйткені олар­дың сурет галереясы қуықтай ғана екен. Өздерінің салған сурет­терінің өлшемі де кішкентай. «Жол шы­ғы­ның­ды өзің төлеп ке­ле аласың ба?» деп сұрады. Мен жоқ дедім, өйткені әлеуметтік тақырыптан маған ақша түспейді. Ақша түсетін болса, мүмкін бар шығы­ным­ды өзім төлеп барар ма едім. Маған көрме өт­кізу үшін үлкен кеңістік керек. Қа­зақстанда көрмелерім метроның ішін­де, университеттің фойесінде, үлкен сау­да үйлерінің дәліздерінде өтті.

– Жеке ansa.kz сайтыңызға өзге де суретшілердің суреттерін де жүк­теп отырады екенсіз.  Он­дағы мақ­сатыңыз қандай?

– Суреттер шеберханада тығылып тұр­­май, халыққа қолжетімді болғаны дұрыс. Халықтың көзі әдемілікті көр­ген сайын, ұлт­тық нақышты таныған сайын рухани бай­лығымыз арта түседі. Біздің сайтқа өзі­нің сурет­терін тегін берген суретшілер де бар. Олардың жұмыстарын қуана қа­был­да­дым. Мысалы, мен еліміз бойын­ша билборд­тар­ға суреттерімді тегін ілуге келістім. Өйт­кені осы ар­қылы адамдарды қолымнан кел­ген­ше
бір жамандықтан сақтауды ой­­ла­дым.

Соңғы жаңалықтар