Жаңалықтар

Birgemiz: Тағы 210 мың мұқтаж отбасыға қаржылай көмек көрсетіледі

ашық дереккөзі

Birgemiz: Тағы 210 мың мұқтаж отбасыға қаржылай көмек көрсетіледі

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің отырысында төтенше жағдай кезінде тұрғындардың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына одан әрі көмек көрсету тетіктері талқыланды. Жиынға облыс әкімдерінің орынбасарлары, партия филиалы төрағаларының бірінші орынбасарлары және «Birgemiz» аймақтық қорларының басшылары онлайн-режимінде қатысты. Қордың Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Бауыржан Байбек Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолға алған ауқымды қолдау шараларына қосымша бүгінге дейін 152 мыңнан астам отбасыға 50 мың теңгеден біржолғы көмек көрсетілгенін атап өтті. «Партия Төрағасы осы бағыттағы жұмысты ары қарай жалғастырып, қолдау шараларының екінші кезеңін мамыр айының басында өткізуді тапсырды. 23 қалада 50 000 теңге көлеміндегі біржолғы төлем бұрын көмек алмаған 210 мың мұқтаж отбасына қолдау ретінде беріледі. Отбасылық коэффициентті ескерсек, осы жолы берілетін көмек 1 миллионға жуық адамды қамтымақ. Біз мұны жүзеге асыру алгоритмін жасап қойдық. Өңірлерде қажетті инфрақұрылым – жедел штаб және аймақтық қорлар құрылды. Жауапты басшылар мен атқарушы менеджерлер бекітілді. Екінші деңгейдегі банктермен өзара іс-қимыл жолға қойылды. Қазіргі таңда кәсіпкерлер Қордың ашық та айқын қызметіне көз жеткізіп, Қорға қайырымдылық көмек аударуға ниеттілердің қатары артып келеді», - деді Бауыржан Байбек. Сонымен қатар, «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары жиынға қатысушыларға бірінші кезең барысында анықталған кемшіліктерге, оның ішінде бірқатар өңірлерде мұқтаж адамдардың тізімдерін жасауда кеткен олқылықтарға осы жолы баса мән беруді тапсырды. «Тізімге шынында көмекке мұқтаж, материалдық жағдайы төмен  азаматтар ғана енуі керек. Қордың ресурстары шектеулі. Сондай-ақ, біз азаматтар «Birgemiz» қорынан 50 мың теңге аударылғаны туралы SMS-хабарлама алып, бірақ іс жүзінде карталарына ақша түспеген жағдайды да анықтадық. Теміртауда осындай 11, Қызылордада – 10, Қостанайда – 9, Көкшетауда – 7, Семейде – 2 жағдай орын алған. Партияның аймақтық филиалдарының жетекшілері  азаматтарға қаржының түсуіне мониторинг жүргізіп, туындаған мәселелерді тез арада шешуі қажет. Жалпы, көмек алушылардың тізімін әкімдіктер жасайтынын тағы да бір рет баса айтып өткім келеді. Бұл – сіздердің жауапкершіліктеріңіздегі жұмыс. Егер азаматтар сіздерге өтініш жасаса, бастарыңызды алып қашпай, олардың мәселелерін жергілікті жерде шешіңіздер. Осындай фактілер анықталған жағдайда, Партиялық бақылау комитеті тексеріп,  партияның мұндай мүшелеріне қолданылатын тиісті шаралар жөнінде ұсыныстар әзірлеуі керек. Жауапкершілік алып, қарапайым адамдардың мәселелеріне «құлақ асуға» және шешуге дайын емес шенеуніктерге қатысты Мемлекет басшысының тиісті нұсқауы бар», - деді Бауыржан Байбек. Айта кетейік, «Birgemiz қорының аясында кеше «Jas Otan» еріктілері Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларындағы 100 мыңнан астам әлеуметтік осал отбасыларға 5 миллион қорғаныс маскаларын тегін жеткізуді бастады. Қазірдің өзінде бүкіл ел бойынша 60 мыңнан астам мұқтаж отбасы азық-түлік себеттері мен бірінші кезекте қажетті тауарлармен қамтамасыз етілді. Індетке қарсы іс-шараларға жұмылдырылған 2 мыңнан астам медицина қызметкері қордан 50 мың теңгеден алды.