Жаңалықтар

Алматыда дүйсенбіден бастап жұмыс істейтін кәсіпорындарға қандай талап қойылады?

ашық дереккөзі

Алматыда дүйсенбіден бастап жұмыс істейтін кәсіпорындарға қандай талап қойылады?

Бақытжан Сағынтаев Алматыдағы 20 сәуірден бастап жұмысы жандануы тиіс кәсіпорындар мен құрылыс компанияларының басшыларымен онлайн кездесу өткізді. Жиналғандар ең алдымен жұмысшылардың қауіпсіздігі мәселелерін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бұл процесті біз 20 сәуірден бастап іске қосамыз. Басты талап санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті сақтау және жұмыскерлердің денсаулығына қауіп төндірмеу», – деді әкім. Қала басшысы бұл талапты бұзған кәсіпорындарға ТЖ аяқталғанша жұмыс істеуге тыйым салынатынын айтты. «Атамекен» ҰҚК, әкімдік, қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті қызметкерлерінен тұратын комиссия алдағы 2-3 күн ішінде кәсіпорындардың дайындығын тексереді. Басты назар жеке қорғаныс құралдарының, санитайзерлермен жабдықталуына, өндірістік және кеңсе үй-жайларын өңдеуге, кіреберістегі қызметкерлердің дене қызуын бақылауға және санитарлық қорғауды қамтамасыз етудің басқа да шараларына аударылатын болады. Жекелеген салалар бойынша арнайы әзірленген хаттамаларда көрсетілген талаптарға сәйкес келген кезде қызметке рұқсат беретін акт беріледі. Тұрақты мониторинг кезінде заң бұзушылықтар анықталған жағдайда акт кері қайтарылып, қызметі тоқтатылады. Кәсіпорын басшылары жұмысты жаңа жағдайда бастауға және өз қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайын екендіктерін білдірді. Олар әкімдік пен Жедел штаб қабылдаған қаланың экономикалық белсенділігін қалпына келтіруге бағытталған шешімдерді қолдады.