Қытай статистиканы өзгертті: Уханьда 1,2 мың науқастың өлімі тіркелмей қалған

Қытай статистиканы өзгертті: Уханьда 1,2 мың науқастың өлімі тіркелмей қалған

Қытай статистиканы өзгертті: Уханьда 1,2 мың науқастың өлімі тіркелмей қалған
ашық дереккөзі
Қытайдағы Ухань қаласының билігі коронавирустан қаза тапқандар статистикасына өзгерту енгізді, деп хабарлайды «Синьхуа» агенттігі. Жаңа статистика бойынша қаладағы індет құрбандарының саны 1290 адамға артып, 3869-ға жетті. Ал вирус жұқтыру деректерінің саны 325-ке көбейіп, 50 333-ті құрады. Нәтижесінде Қытайда эпидемия басталғалы бері тіркелген науқастардың жалпы саны 82 692-ге, ал коронавирустан қайтыс болғандар саны 4632-ге жетіп отыр. Құзырлы органдар статистиканың өзгеруін көптеген пациенттің медициналық ресурстардың жетіспеуінен үйде қайтыс болуымен байланыстырады. Ал медицина қызметкерлері жұмыстың тым көптігінен жаңа деректерді хабарлап үлгермеген. Көрсеткіштердегі сәйкессіздік инфекцияны емдеуге жұмылдырылған медициналық мекемелердің көптігінен де болуы мүмкін. Індетті емдеуге жекеменшік клиникалар да жұмылдырылғандықтан, деректерді жинау жұмыстары қиындай түскен дейді мамандар. Еске сала кетейік, 11 миллион тұрғыны бар Ухань қаласында өткен жылдың желтоқсанында пневмониядан көз жұму деректері күрт көбейді. Кейіннен мамандар бұл дертті коронавирустың жаңа түрі өршіткенін анықтады. Вирус ресми түрде SARS-CoV-2 деген атауға ие болып, ол тудыратын кесел COVID-19 деп аталды.  2020 жылы жаңа індет Қытай шекарасынан асып, әлемнің барлық елдеріне тарады. 11 наурызда ДДСҰ коронавирусты пандемия деп атады. Бүгінде  әлем бойынша қауіпті вирус жұқтырғандар саны 2,2 млн адамға жуықтады. Індет құрбандарының жалпы саны – 145 521 адам. Коронавирусқа шалдыққан науқастардың көрсеткіші жөнінен АҚШ алда тұр. Онда 677 570 адамнан вирус анықталды. Науқастардың 34 617-сі қайтыс болды. Екінші орында Испания (науқастар – 184948, көз жұмғандар  –19 315, емделіп шыққандар – 74 797), үшінші орында Италия (науқастар – 168941 , көз жұмғандар – 22170 , емделіп шыққандар – 40164). Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға келсек, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 1480-ге жетті. Бұған дейін Алматыда 234 медицина қызметкерінің індетке шалдыққанын хабарлағанбыз.