Жаңалықтар

Қазақстанда МиГ-31 ұшақтарын пайдалану уақытша тоқтатылды

ашық дереккөзі

Қазақстанда МиГ-31 ұшақтарын пайдалану уақытша тоқтатылды

Қарағанды маңында апатқа ұшыраған МиГ-31 ұшағы әуеге көтерілгеннен кейін қозғалтқышынан өрт шыққан. Бұл туралы ҚР Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы Нұрлан Орманбетов мәлімдеді. «2020 жылдың 16 сәуірінде сағат 19.03 шамасында экипажды жауынгерлік кезекшілікке даярлау бойынша жоспарлы ұшу сапарын орындау барысында Қарағанды қаласындағы аэродромның оңтүстігіне қарай Қазақстанның әуе күштеріне қарасты МиГ-31 жойғыш ұшағы құлады. Ұшақ ұшқаннан кейін қозғалтқыштардың бірінен өрт шыққан. Экипаж тұрғылықты елдімекенге ұшақты құлатпай, ашық алаңға бұру амалын қарастырды. Бортта 2 адам болған. Ұшқыштар құрамының даярлық деңгейі жоспарлы ұшу тапсырмасының талабына сай келген. Жойғыш ұшақты тәжірибелі әскери ұшқыштар басқарған», - деді Нұрлан Орманбетов. Оның айтуынша, ұшқыштар Қарағанды облысының ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер біреуінің жағдайын қанағаттанарлық деп бағаласа, екіншісінің жағдайы орташа ауыр. ҚР Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы  елімізде МиГ-31 ұшақтарының ұшуы уақытша тоқтатылатынын жеткізді. «Қорғаныс министрінің аталған авиациялық оқиғаны зерттеу бойынша комиссия құрылды. Комиссия жұмысты тексеріп, алдын алу жұмыстарын жүргізгеннен кейін МиГ-31 жойғыш ұшақтары қайтадан ұшырыла бастайды», - деді түсіндірді ол. Еске сала кетейік, бұған дейін Қорғаныс министрлігі апатқа ұшыраған ұшақ пен оның экипажы туралы толық ақпаратты жариялаған.