Әсет Қанапиянов: Мемлекет қолдамаса, біздің кәсібіміз де алға баспас еді
Әсет Қанапиянов: Мемлекет қолдамаса, біздің кәсібіміз де алға баспас еді
Қазіргі күрделі жағдайда қоғамның қай саласына болмасын, оңай болып тұрған жоқ. Халықты азық-түлікпен қамтамасыз ететін ауыл шаруашылығы саласындағы науқандық маңызды жұмыстарды тоқтатуға тіптен болмайды. Төтенше жағдай кезінде мемлекетіміз ауыл шаруашылығындағы кәсіпкерлерге айрықша назар аударып отыр. Мемлекет басшысы бұл салаға 70 миллиард теңге бөлінетіні жайлы жақында ғана атап өткені ел есінде. Біз көктемгі қауырт жұмыс кезіндегі жағдайды білмек мақсатта Ақмола облысы, Ерейментау ауданында мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкер Әсет Қанапияновқа хабарласып, жағдайларын білген едік.
– Әсет мырза, ежелден «мал-жан аман ба?» деп амандық-саулық сұрасатын халықпыз. Шаруаларыңыз қалай, қыстан қысылмай шықтыңыздар ма?
– Рақмет, мал-жан аман. Шаруамызға келсек, дәл қазір мал жайылымға шықты, ауа райы да қуантып тұр. Биылғы қыс аса бір жайлылығымен есте қалатын болды. Аздап боранды күндері болғанымен, мал-жанның берекесін қашырған жоқ. Қар көп болды. Жылқы малына біраз қиындау болғанымен, жем-шөпті артығымен даярлағандықтан, ол қиындықтардың да алдын алдық. Қардың көптігіне де қуандық. Себебі жердің құнарлылығы артса, мал да бұл жылдан күйлі болатынын білеміз. Бастысы, мал шығынысыз қыстан аман-есен шыққанымызға қуаныштымыз. Мал жақсы төлдеді, әлі де төлдеп, басы көбейіп жатыр.
– Жеке шаруа қожалық болып өз ісіңізді қашан бастадыңыз? Біраз өткенге оралайықшы, мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына беріліп жатқан мүмкіндіктерді пайдаландыңыз ба, жоқ әлде кәсібіңіз өз қаражатыңызбен аяғынан тұрды ма?
– 1996 жылы біздің Қойтас кеңшарымыз бөлініп таратылды. Сол кезден бері міне, 24-тен 25 жылға аяқ басыппыз. Мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығының барлық қыр-сырына қанып келемін. Әуелде әкеміз екеуміз 545 гектар жер алып, қолдағы бар малдың санын көбейтіп алуға жанымызды салдық, 100 гектардай жерге егін ектік. Бәрі бірден жақсы бола қойды десем өтірік болар, бастапқы онжылдықта әжептәуір қиналдық. Содан мен 2006 жылы мемлекеттен 1 млн 920 мың теңге несие алдым. Оған 30 бас ірі қарадан тайынша сатып алып, содан ақырындап мал басын өсірдім. 2011 жылы «Аграрлық несие корпорациясынан» 15 млн теңге несие алдым. Ол қаражатты бірден бір жарым жасар 80 бас сиыр сатып алуға жұмсадым. Кейін 2016 жылдан бастап тағы да мемлекет қолдауына ие болып, 125 млн теңге мөлшерінде несиеге қол жеткіздім. Оған шаруаға қажетті техникадан 4 МТЗ 80 тракторын, шөп буғыш, шөп шапқыш техникаларды, жүк тасушы КаМАЗ, жүк артқыш техника түрлерін алдым. Себебі қыруар малдың жем-шөбін өзгеден сатып алмай, өзім табуды ұйғардым. Дәл сол уақытта 270 ұрықтандырушы қара мал да сатып алдым. Соның нәтижесінде мен бүгінгі таңда сауынды ақ бас сиырдың санын 575-ке, қарапайым аналық сиыр басын 180-ге, барлығын қосқанда ірі қараның басын 800-ден арттырып отырған жайым бар. Жылқы санын 550-ге жеткіздім. 1 000 бас қойым болған еді, оны сатып жібердім, қазір қой ұстамаймын. Сіздің нақты сұрағыңызға нақты жауабым осы болсын. Себебі шаруашылықпен айналысқан ел азаматтарын мемлекет қолдамаса, біздің кәсібіміз де алға баспас еді. Несиені мезгілінен қалдырмай төлеп келемін. Үкіметтен жылына 15 млн теңгеге жуық субсидия аламын. Әрбір аталық сиырға 20 мың теңгеден Үкімет жылына ақша бөледі. Ал жергілікті сиырларға 10 мың теңгеден 2 миллионға жуық қаражат тағы беріледі. Одан қалды әр техника басы есептелінеді. Соның бәріне шаққанда мөлшерлік пайызы қалта көтеретіндей субсидияның беріліп жатқанына дән ризамыз. Қазір 12,5 мың гектар жайылымдық және 400 гектардай шабындық жерім бар. Мал басы шүкір, өсіп келеді, Үкіметке еш өкпеміз жоқ. «Мал – баққанға бітеді» дейді ғой, ерінбеу керек. Қолдау барда, қолға жұмыс та бар.
– Дәл қазіргі елдегі жағдаймен таныссыз, денсаулықтың бар байлықтың алды екенін енді аңғарып жатқандай кейіптеміз. Жер бетіндегі бар халықтың әлеуметтік хал-ахуалын әлсіретуге себеп болып отырған бұл күндер сіздерге қалай әсер етіп жатыр? Қанша адамды жұмыспен қамтып отырсыз, жұмыскерлер санын қысқарту ойыңызда бар ма?
– Менің шаруа қожалығымда 12 адам жұмыс істейді. Оның үшеуі жылқышы, алтауы қара малда, 3 тракторшы қыстыгүні қызметін атқарады. Өзіммен 13 адам. Жұмыскерлер саны артық емес, сондықтан қысқарту болмайды. Биыл жылдағыдай Үкіметке жаңа төлден 150 бас ірі қараны сатуды жоспарлап отырмын. Бүгінге дейін жылда осылай Үкіметке ет өніміне малды өткізіп келдік, сол жұмысымызды тағы да жалғастырмақпыз. Мал басын азайту да ойда жоқ, керісінше, аналық малды арттыруды жоспарлап отырмын. Бір толғандыратын мәселе – біздің енді жылда төлеп жатқан несиеміз бар ғой, соған сәйкес күзгі уақытта мал тапсыруымыз керек. «Сол жағы биыл қалай болады екен, етке өткізе аламыз ба, жоқ па?» деп ойланып отыр едік, бірақ Президенттің осы «ауыл шаруашылығын айрықша қолдау қажет» деген мәлімдемесі біраз қуантып тастады. Себебі «енді сырттан ештеңе келмесе, жергілікті халық ауыл шаруашылығы өнімдерін тұтынуда сұранысты көбейте ме?» деген үмітіміздің бары рас. Қазір тек елдің амандығына алаңдап, індеттің беті қайтып, карантин тезірек аяқталып, жолдардың ашылуын ғана күтіп, тілеп отырған жайымыз бар. Әйтпесе, ауылымызда мал азығы да, жан азығы да жеткілікті. Жұмысшыларымның жалақысын төлеп жатырмын, оған жағдайымыз бар. Қыстыгүні әр жұмыскеріме шаруа қожалығы атынан жылда бір-бір жылқыдан тегін соғым үлестіремін. Жол ашылса, арнайы келісімшарт жасасып қойған тағы бірді-екілі трактор техникаларымызды Павлодардан жеткізіп алсақ деп отырмыз. Бастысы, індет енді өршімесе екен, басымыз аман болса, мал да болар, тіршілік те оңалар елде.
Сұхбаттасқан
Әсел ЖАҚСЫБАЙ