Коронавируспен күрес: Президент оң нәтижеге жетудің басты жолын айтты
Коронавируспен күрес: Президент оң нәтижеге жетудің басты жолын айтты
Коронавируспен күресте оң нәтижеге жету үшін карантин режимін міндетті түрде сақтау керек. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада әскери жиынға шақырылған әскери қызметшілермен кездесуі кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Қазақстан президенті Қарулы күштердің техникалық дайындығын және қала әкімдігінің төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі жұмысын тексерді.
"Нысандарды күзету, көшедегі тәртіпті сақтау аса маңызды міндет екені түсінікті. Дегенмен, қазіргі жағдайда басты міндет – дезинфекция жасау. Бұл – өте қауіпті вирус. Сондықтан дезинфекция жасамаса, ешқандай оң нәтиже болмайды", – деді президент.
Мемлекет басшысы төтенше жағдай режимінің барлық талабын бұлжытпай орындау қажет екенін айтты.
"Шағын бизнесті шығарамыз деп жатырмыз. Жалпы қаланың тұрғындары карантин режимін міндетті түрде сақтауы керек. Онсыз болмайды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы әлеуметтік міндеттемелерді орындаудың және медицина қызметкерлеріне сыйақы төлеудің маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар жаңа жұқпалы аурулар емханасын салу мәселесіне арнайы тоқталды.
"Келесі аптада аталған емхананы барып көреміз. Бұл емхана өте қысқа мерзімде салынып жатыр. Оның құрылысы бар-жоғы екі аптаның ішінде бітуі керек. Ең алдымен, оның сапасына ерекше мән беру қажет", – деді президент.