«Еңлікгүл-2016»: Сахна саңлақтарына қошемет

«Еңлікгүл-2016»: Сахна саңлақтарына қошемет

«Еңлікгүл-2016»: Сахна саңлақтарына қошемет
ашық дереккөзі
Еңлікгүл десе, таулы жерде өсетін ақ гүлді көз алдына елестететіндер санаулы. Француздар «альпі жұлдызы», италиялықтар «күміс жартас гүлі» деп атайтын өсімдікті көрмегендер көп арамызда. Есесіне, Халықаралық театр күні қарсаңында сахна шеберлеріне табысталатын «Еңлікгүл» кәсіби сыйлығы өнерсүйер қауымға етене таныс. Қазақстан Театр қайраткерлері одағының ұйымдастыруымен 2010 жылдан бері тұрақты түрде тағайындалатын жүлде биыл алтыншы мәрте өз иелеріне жол тартты. «Еңлікгүл – 2016» кәсіби сыйлығын табыстау рәсімі М.Лермонтов атындағы Орыс мемлекеттік академиялық драма театрында өтті. Биылғы шараның сән-салтанаты да, мән-мазмұны да жылдағыдан артып түспесе, қалыс қалған жоқ. Өнердің игілігі, театр дейтін киелі шаңырақтың абыройы жолында аянбай тер төгіп жүрген сахна мамандарының қажырлы еңбегін елеп-ескеріп, жаңа жетістіктерге ынталандыру үшін жоқтан бар жасап жүрген Қазақстан театр қайраткерлері одағы бұл жолы да ел күткен өнер мерекесін жоғары дәрежеде атап өтті. Шараға Алматы мен Астана төрінде отау тіккен мемлекеттік театрлар ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен келген облыстық, қалалық, аудандық театрлардың өкілдері де қатысты. Марапат өнер ошақтарының мәртебесіне, үміткерлердің атақ-абыройына қарап емес, бір жыл бойы атқарған еңбегінің өнімділігіне қарай тапсырылды. Орталықтан қашықтаған сайын жүлдегер атану мүмкіндіктері кеми беретіндей көрінетін аймақтағы театрлардың күдігін сейілту үшін Театр қайраткерлері одағының төрағасы, Қазақстанның халық артисі Тұңғышбай Жаманқұлов кіріспе сөзінде кәсіби сыйлыққа лайықтыны анықтау кезінде барлық өнер ұжымдарының өтініштері тең қаралғанын ескертті. «Актердің еңбегі еш, тұзы сор» деген сөз көпшілік арасында кең тараған. Десе де, біздің ең бірінші бақытымыз – қасиетті сахнаға, мәртебелі көрерменнің алдына шығып, сырласу, пікір алмасу мүмкіндігіне ие болғанымыз. Біз кейіпкерді ойнамаймыз, өмірін сүреміз, сахнаға алып шыққан образымызбен біте қайнасып кетеміз. Сомдаған рөліміз көрерменнің ықыласына бөленіп, қошеметіне ие болып жатса, одан асқан рақатты сезініп көрмегендей күй кешеміз. Алатын айлығымыздың аздығын, еңбегіміздің кейде елеусіз қалатынын ұмыттырып жіберетін де сол. Соңғы 6 жылда «Еңлікгүл» жүлдесін үзбей тапсырудағы мақсатымыз – өнерге қалтқысыз берілген мамандардың бір жылғы еңбегіне алғысымызды айтып, азын-аулақ сый-сыяпат көрсету. Сонымен қатар, сахнагерлер ортасындағы бәсекелестік рухты арттыру арқылы театр өнерінің өркендеуіне ықпал жасауды көздедік. Жыл сайын еліміздің 54 театрын түгел қамтуға тырысамыз. Биыл да әдетімізден танбадық. Өнер ошақтарының актерлары мен режиссерларын ғана емес, суретшілері мен бишілерін, музыка қоюшылары мен грим жасаушылары, жарық берушілерінің де еңбегін елеусіз қалдырған жоқпыз», – деді одақ төрағасы. Тұңғышбай Қадырұлының жүлде қорын «азын-аулақ» дегені арық сөйлеп, семіз шығуды құп көретін қазақтың жиі жүгінетін сөзі демесеңіз, «Еңлікгүл» иегерлеріне тапсырылатын қаржылай сыйлықтың көлеміне бұл қос сөздің мәні мүлдем кереғар. Жеті аталым бойынша топ жарған әр жүлдегерге 1 млн теңгеден бұйырды. Осы орайда, Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында тарап кетудің аз-ақ алдында қалса да, көптің қолдауымен аяқтан тік тұрған Театр қайраткерлері одағының еңбегін ерек айтуға тиіспіз. Сыйлық жұпыны болмасын, жүлдегерлердің көңілі марқайып қайтсын деп табан тоздырып жүрген ұжым биыл да талай есікті қағуға мәжбүр болған. 2011 жылдан бері «Еңлікгүл» кәсіби сыйлығына тұрақты демеушілік жасап келе жатқан «ҚазМұнайГаз» компаниясы қаржылық қиындықтарға байланысты өткен жылдан бастап шараға қолдау көрсетуден бас тартқан еді. Қазақ өнерін жоғары бағалайтын, оның дамуына бейжай қарамайтын қайырымды азаматтың арқасында биыл жүлде қоры бұрынғы қалпына келді. Меценат өз атын атамауды өтінгенін естіп, жасаған қайырымдылығын пұлдамайтын, саф өнерге шын жанашыр жандардың арамызда бар екеніне көзіміз жетті. Жеті аталым бойынша табысталған жүлденің «Жылдың ең үздік актері» аталымы бойынша Маңғыстау облыстық Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрының белді актері Медғат Өмірәлиев марапатталды. Қазылар алқасының ортақ шешімімен «Жыл актрисасы» атағына Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актрисасы Айнұр Бермұхамедова лайық деп танылды. «Жыл режиссері» аталымы осымен үшінші мәрте Астана жастар театрының көркемдік жетекшісі, белгілі режиссер Нұрқанат Жақыпбайға бұйырды. «Театр өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін» аталымымен биыл 100 жасқа толған кейуана, Қазақ КСР-інің халық артисі Айша Абдуллина марапатталды. Ғасыр жасаған өнер иесі көптің алдына шығып, алғысын айтты, ізбасарларына ақ батасын берді. Театрға қабылдану үшін жасын үлкейтіп жазып, 15 жасында М.Әуезов театрының сахнасында Еңлікті сомдаған актриса «Еңлік-Кебек» қойылымында салған әнін еске түсіріп, сыны кетпеген әдемі даусымен сызылта айтып берді. Бесінші аталым – «Жылдың театр суретшісі» атағына Жамбыл облыстық драма театрының суретшісі Рахат Сапаралиева лайық деп танылса, «Балаларға арналған спектакльдегі жылдың шығармашылық жұмысы» аталымы бойынша Айдын Жақыпбаев марапатталды. Ал «Жылдың опералық, балет партиясының үздігі» аталымына лайықты үміткерлердің ұсынылмауына байланысты, қазылар алқасы биыл ешкімге жүлде ұсынбады. Театр-115Басты сыйлықтардан бөлек, «Жыл драматургы», «Жылдың театртанушылық мақаласы», «Жылдың театр менеджері», «Жылдың озық музыкалық көркемдеушісі», «Жылдың жарық берушісі», «Жылдың суретші-гримері», «Театр оркестрінің жыл артисі» аталымдары бойынша жеті ынталандыру сыйлығы табысталды. қа бұйырса, «Жылдың театртанушылық мақаласы» аталымы бойынша театртанушы Айзат Қадыралиева марапатталды. Ал С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облысының қазақ драма театрының директоры Сансызбай Бекболатов «Жылдың театр менеджері» атанды. «Жылдың музыкалық көркемдеушісі» аталымы бойынша ынталандыру сыйлығы. Астанадағы М.Горький атындағы орыс драма театрының музыкалық бөлімінің меңгерушісі Найля Терехинаға табысталды. «Жылдың суретші гримері» аталымы бойынша Ж.Шанин атындағы ОҚО драма театрының суретші-гримері Т. Балабаева марапатталды. Қазақстан театрларының бір жылдық жұмысын қорытындылаған шараның соңында эстарада әншілері әннен шашу шашып, жүлдегерлерді, өнерсүйер қауымды Халықаралық театр күнімен құттықтады.  

Анар БАУЫРЖАНҚЫЗЫ