Бір әулеттен 20 ұстаз
Бір әулеттен 20 ұстаз
«Адамның адамдығы – жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай бекер айтпаса керек. Ауылдағы елге сыйлы адамдардың қашанда орны бөлек. Халықтың ілтипатына бөленген сондай жанның бірі – ұстаздардың ұстазы атанған Әбдіқайым Ысқақ. Ол жарты ғасырға жуық уақыт жас ұрпақ тәрбиесімен айналысқан. 30 жыл Ордабасы ауданы Бөржар әкімшілігіне қарасты Абай атындағы орта мектепте басшылық еткен. Наурыз мерекесі қарсаңында 85 жасқа толған тыл, еңбек және халық ағарту саласының ардагері, Қазақстанның білім беру ісінің үздігі, Ордабасы ауданының Құрметті азаматын арнайы құттықтап қайтқан едік.
Түркістан қаласынан Қазақстан педагогика акедемиясының профессоры, Халықаралық Жазушылар Одағының мүшесі Әлима Пашанова, Түлкібастан мәдениет майталманы, ақын Бақытжан Байжұма және осы жолдардың авторы ұстаздар әулетіне сәлем бере барғанда Әбдіқайым Ысқақ ағамыз жайдары көңіл күймен қарсы алды. Дәл осы күнге орайластырылған мерейтой төтенше жағдайға байланысты тоқтатылыпты. Ешуақытта өзін биікпін демеген ардагер ұстаз қанша ел құрметтісі атанса да, мансапқұмарлық, тәкаппарлық дегенді мүлдем білмеген жан.
Осы әулеттен ата жолын қуған 20 мұғалім шыққан екен. Біреуді артық, біреуді кем санамай, жұрттың бәрін құрметтейтін көкірегі қазынаға толы қарияны көрдік. Кезінде тынымсыз еңбегінің нәтижесінде 30 жылда білім ұясын республика көлеміне танытқан Әбдіқайым ақсақалдың үстінен бірде-бір рет арыз айтылып, шағым түспеген екен. Парламент тарихында аты алтын әріппен жазылған, тұңғыш қазақ тіліндегі заңның авторы Әкім Ысқақтай ұлды тәрбиелеген ардақты әкеге, ел ықыласына бөленген нар тұлғалы қария ұстазға елдің айтар алғысы шексіз. Ұл-қыздары, келіндері Кәрім-Зағипа, Забира, Гүлжан, Гүлмира, Ғали-Қарлығаш, Сакен – Гүлжазира, Нұрдәулет – Забираның ынтымағы жарасқан, бір-бірін іштей ұғысқан тәрбиесіне тәнті болдық. Бұл да өмір азығын, көңіл жазығын сыйлаған ата, әке өнегесі екені айдан анық.
Кезінде Президентіміздің өзі Алғысхатын жолдаған ардақты ардагерге «Қазақстанның ұлағатты ұстазы» медалімен марапатталғанын жеткізіп, табыс еттік.
Ұлағатты ұстаздың сонда берген «Нағыз бақыт – өзге үшін өмір сүруің, ұрпақтарыңа қуаныш сыйлай білуің! Сендерге осы бақытты тіледім» деген батасын біздер қуана қабылдадық.
Жапон халқы «Күлкі естілген үйге бақыт келеді» дейді екен. Қара шаңырақтағы шөберелерінің шат күлкісі атасына күш-қуат беретінін аңғардық. Берекесі шалқыған, ырысы тасыған, бақыты баянданған әулеттің әз тіршілігіне қанығып, көңіліміз тоғайып қайттық.
Роза ЕСЕНГЕЛДИЕВА
Шымкент қаласы