Ресейде бір тәулікте 3,5 мың адамнан коронавирус анықталды
Ресейде бір тәулікте 3,5 мың адамнан коронавирус анықталды
Ресейде соңғы тәулікте коронавирус жұқтырудың 3500-ге жуық жаңа дерегі тіркелді. Бұл туралы инфекцияның таралуын бақылау және мониторингілеу жөніндегі жедел штаб хабарлады, деп жазады Lenta.ru.
Қауіпті індетке шалдығудың жаңа жағдайлары елдің 78 өңірінде тіркелген. Науқастардың көпшілігі Мәскеуде (1370), Мәскеу облысында (467) және Санкт-Петербургта (154) анықталған. Елде коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны 27 938-ге жетіп отыр.
Ресейде індеттен 232 адам көз жұмды. 2304 адам емделіп шықты.
Сарапшылардың бағалауынша, пандемияның Ресей экономикасына келтірген шығыны 17,9 трлн рубльді құрауы мүмкін. Дағдарыстың зардабын қызмет көрсету саласы көбірек тартпақ.
Ресейдің денсаулық сақтау министрлігінің бас эпидемиологы Николай Бриконың айтуынша, Мәскеуде індет маусым-шілде айларында басылады деп күтілуде. Ол ел тұрғындары карантин тәртібін сақтаған жағдайда ғана оң өзгерістер болатынын ескертті.
Соңғы дерек бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 2,064 млн адамға жетті. Вирустан 137 мыңнан адам көз жұмды. 512 мың адам емделіп шықты.
Ал Қазақстанда 1341 адамнан коронавирус анықталды. Науқастардың 263-і дертінен айықты. Ал 17 адам көз жұмды.
Бұған дейін Алматыда 60 жастағы науқас көз жұмғанын хабарлағанбыз.