Астана театры күнін атап өтті
Астана театры күнін атап өтті
Халықаралық театр мерекесін елордалық әртістер өз деңгейінде атап өтті. Дәстүрге айналған атаулы мерекені тойлауға жиналған Астананың үздік әртістері «Жастар» театрында бас қосты. Мереке күні марапат та, қошемет те театр ұжымдарына арналды. Сахна сыртындағы грим жасаушылар, жарық беруші, декорацияға жауапты мамандардың еңбегі елеулі.
Театрдың қиындығы мен қызығын қатар көрген әртістер қауымына Мәдениет және спорт министрлігінен бастап, әкімдіктерден толассыз құттықтаулар жолданды. Мерекелік бағдарлама басында Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев елордалық театрлардың шығармашылық ұжымдарын құттықтап, оларға шығармашылық табыс пен шабыт тіледі. «Театр – жаңа бояулармен, сиқырлы дыбыстармен және сахналық құбылыстармен баурап алатын ұлы өнер. Сіздерді, әріптестерімді осы мерекемен құттықтаймын! Мұнда елорданың мәдени өмірінің маңызды бөлігіне айналған театр қызметкерлері жиналды. Соңғы жылдары театрларымыз халықаралық фестивальдарда Гран-при иеленіп жүр, бұл қажырлы еңбектеріңіздің және таланттарыңыздың арқасы, баршаңызға табыс тілеймін», ̶ деді Е.Аманшаев. Салтанатты шарада Астанадағы 7 театрдан үздік шыққан бір топ әртіс Елорда әкімі Әділбек Жақсыбековтің атынан алғыс хаттармен марапатталып, ақшалай сыйлықтарға ие болды. Шара барысында Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры, «Жастар» театры, Көңілді тапқырлар театры, Қуыршақтар театры, «Наз» мемлекеттік би театрлары әртістер қауымына арнап мерекелік қойылымдар сахналады. Мерекелік кеште сөз алған Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Талғат Теменов атаулы мерекенің әртістер қауымы үшін аса маңызды екендігін, әртістер бір жылдың ішінде сахнада көрсеткен өнеріне есеп беріп, өзінің деңгейін саралайтын, бағамдайтын, болашаққа жоспар құрып, алдыға ұмтылатын күн екендігін айтса, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, актриса Майра Омар: «Театр үшін жаңа қойылымдар сахналанатын күн мереке саналса, әртіс үшін жаңа рольге ие болған сәт мереке деп айтуға болады. Ал халықаралық театр мейрамы әртістердің жылына бір рет тойлайтын төл мерекесі. Бұл күнді асыға, қуанышпен тосамыз, тойлаймыз. Өнерде жүрген әр адам жеке, дара. Ол – жалғыздық. Бәріміз ортақ тойлағанмен, шығармашылық әр адамның өмірінде жеке сипат алады. Сондықтан, мен сахнаға шыққанда, анам да маған көмектесе алмайды. Бұл бір тылсым күш, ішкі жантебіреніс деп айтуға болады», ̶ дейді. Ұлы сахнадағы жанды дауыс, шынайы бейнеден әсер алмай кетпейтін көрермен кемде кем. Театрдан жан дүниемізді мазалайтын өмірлік сұрақтардың жауабын табатынымыз да рас. Бүгінгі қазақ сахналарында тойланып жатқан Халықаралық театр күнін тойлаудың өзіндік тарихы бар. 1961 жылы Халықаралық Театр институты Вена қаласында өткен IX конгресінде 27 наурызды «Халықаралық театр күні» (World Theatre Day) деп бекітті. Жыл сайын көктемнің алғашқы айында бұл мерекені Халықаралық Театр институты мен дүниежүзіндегі театр қауымдастықтары жоғары деңгейде атап өтеді.
Аталмыш мереке Астана қаласында осымен үшінші рет дәстүрлі түрде тойлануда. Театр мен қазақ киносының басын біріктіріп, екі саланы да теңдей қамтып келетін жас таланатты әртістер Жастар театрында баршылық. Солардың бірі, Жастар театрының актеры Дәурен Серғазинді мереке қарсаңында әңгімеге тартып көрдік. Жас әртістің арманы қазақ жастарының басын қосқан жаңа бағыттағы, жас толқынға арналған театр құру еді. Қазір өзі арман еткен сахнада өзі құралыптас жастармен бірге өнер көрсетіп келеді. «Актердің аты актер. Ол киноға да, театрға да жақын адам. Екеуі де маған ыстық. Киноға ара-тұра болмаса, күнде түсу мүмкіндігі бұйыра бермейді. Ал театр біздің күнделікті өміріміз. Айына 20 шақты спектакль ойнаймын. Театрда жүргенде киноны, кинода жүргенде театрды сағынасың», ̶ дейді жас актер. Ал халықаралық театр мерекесін атап өтудің елордалық әртістер үшін маңызы жайында: «Халықаралық театр мерекесін жағдаймыз келгенше, жылда атап өтуге тырысамыз. Әр жылдың өзіндік ерекшеліктері бар. Биылғы жылы жастар театры жаңа ғимаратқа келген соң, осында атап өттік. Өзге де театр әртістерімен бас қосып, әзіл-қалжыңға толы кеш ретінде өткізіп отырмыз. Бұл шара бір жағынан әртістер қауымының өмірде де етене жақын араласуына мүмкіндік береді. Шабыт сыйлайды», – деді Дәурен Серғазин.
Айта кетерлігі, қазіргі таңда елімізде 60-қа жуық театр жұмыс істейді. Кейінгі жылдары халықаралық фестивальдарда қазақ театрлары топ жарып келеді. Бұл жетістіктер қазақ өнерінің, театр сахнасындағы әртістердің тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Кезінде зерделі сөздің зергері Ғабит Мүсірепов театрды «Хас сұлудың көз жасындай әсем өнер» деп тегін айтқан жоқ. Бүгінгі өмірдің боямасыз бейнесі, айнасы саналған қазақ театрлары алдағы уақытта да өнер айдынында талай асу мен биік белестерге жетеді деген сенімдеміз.
Еркежан ЖҰМАТАЙ
Астана қаласы