Азамат Нұрматов: Спортшыларымыздың денсаулығын күнде бақылап отырамыз
Азамат Нұрматов: Спортшыларымыздың денсаулығын күнде бақылап отырамыз
Елімізде енді дамып келе жатқан саланың бірі – спорт медицинасы. Чемпион шықса, оған спортшы мен жаттықтырушыдан бөлек спорт дәрігерінің де өз үлесі бар. Қазір әлем нақты ғылымға зәру. Әсіресе, дәрігердің орны ерекше екені тағы бір еске түскендей. Бұл ретте біз Ұлттық Олимпиада комитетінің (ҰОК) медициналық-ғылыми тобының жетекшісі, дәрігер Азамат Нұрматовты әңгімеге тарттық.
– Әлемдік спорт жарыстарында спорттық медицина деген ұғымды арагідік естіп жатамыз. Біздің елде бұл сирек мамандық болса керек?
– Иә, оныңыз рас. Спорт дәрігері деген біздің елімізде соңғы 7-8 жылда қолға алына бастаған сала. Оған дейін аз болды. Мұндай мамандықтың барын қарапайым халық түгілі дәрігерлердің өзі біле бермейді. Себебі бұл сала елімізде кенжелеу дамыды. 2017 жылы Спорт медицинасы жылы болып жарияланған еді. Соның нәтижесінде спорт дәрігерлерін даярлап шығару жүзеге аса бастады.
– Өзіңіз бұл салаға қалай келдіңіз?
– Мен бала жастан спортқа қызығатын болғандықтан, оқуда жүргенде көптеген жарыстарды тамашалауға баратынмын. Сонда байқағаным ірі додаларда жүретін дәрігерлердің бәрі өзге ұлт өкілдері немесе шетелден дәрігер алдыратынын естідім. Бұл салаға келуіме сол да әсер етті. «Мұндай маман неге өзімізден шықпасқа?» деген ой келді. Осылайша бұл салаға мақсатты түрде келдім. Мен оқуға түскен жылы 800-ге жуық студент осы саланы таңдады. 7 жылдың ішінде 800-дің 185-і ғана бітіріп шықтық. Қалғаны жарты жолдан шығып кетті. Кейбірі басқа мамандыққа ауысты, кейбірінің қабілеті жетпеді. Жалпы, медицинада 5 жыл бакалавр бойынша бірдей білім беріледі. 2 жыл интернатура деген бар, жеке салалар оқытылады. Мысалы, терапия, хирургия сияқты болып бөлініп кетеді. 2 жылдық интернатураны бітіргеннен кейін, 2 жылдық резидентура деген бар. Ол 8-9 жылға жалғасады. Қосымша шетелден қысқа курстардан өттім.
Ұлттық Олимпиада комитетінде 130-ға жуық медицина мамандары бар. Оның ішінде дәрігерлер 40-45-тен асады. 60-қа жуық массажист және биохимик, физиолог, психолог, мануалды терапевттер бар. Осының барлығы спорттық биохимик, физиолог, психолог деген мамандықтар.
Мен бұл мамандықты Астана медицина университетінде оқып, меңгердім. Бір өкініштісі, қазір спорттық медицина мамандығы бойынша үлгі аларлық мықты профессорлар жоқ. Бұл салада терапевт, травматолог, хирург та бола білуің керек. Бір сөзбен айтқанда, әмбебап болуың қажет.
– Спорт медицинасына спортшылар жиі жүгіне ме?
– Көбінде спортпен айналысатын адамның денсаулығы мықты болады деген түсінік бар. Негізінде бұл қате пікір. Мысалы, адам өзі үшін аптасына 3 рет жаттықса ол қалыпты, денсаулығына жақсы. Ал егер өз мүмкіндігінен артық жаттықса, яғни күніне 3 рет 2 жарым сағаттан артық жаттығатын болса, онда спортшының денсаулығына зиян. Зорығып кетуі әбден мүмкін.
Чемпион ешқашан кездейсоқ пайда болмайды. Күнделікті жаттығуда мүмкіндігін тиімді пайдаланудан чемпион болады. Кәсіби спортшы күніне шамамен 6 жарым сағат жаттығу жасайды. Күнделікті режим осындай. Осы тұста дәрігерлердің көмегі өте қажет.
– Спорт дәрігерінің басқа дәрігерлерден ерекшелігі неде?
– Сіздер жарысты теледидардан көресіздер. Ал экранның ар жағында кім қандай қызмет атқарып жатқаны білінбейді. Мысалы, жыл бойы жоспарланған оқу-жаттығу жиыны өтеді. Кез келген спорт түрін алып қарасаңыз, бір жылда Әлем чемпионаты, Азия және басқа да 5-6 халықаралық жарыстар болады. Олардың барлығында ұлттық құрама жоспарланған оқу-жаттығу жиындарын өткізеді. Міне, осы жаттығулардың барлығында спорт дәрігері болады. Кез келген ұлттық құраманың өз дәрігерлері бар. Травматолог немесе терапевт не үшін спорт дәрігері бола алмайды? Олар әрине қажетті мамандықтар, бірақ аздық етеді. Себебі олар басқа ауруды қарамайды. Травматолог, терапевт, уролог болсын тек өзіне тиесілі ауруды ғана қарайды. Ал спорт дәрігерінде ондай жоқ, спортшының жалпы денсаулығына жауапты.
Бас жаттықтырушы оқу-жаттығу барысында спортшыларға белгілі бір межеде жаттығу жасауды тапсырады. Бір күнде әр спортшы 6 жарым сағат жаттығу жасайды. Бұл аз уақыт емес. Спортшы енді келесі күнгі жаттығуға тұра алмай қалмауы керек, дайын болуына спорт дәрігері жауапты. Мысалы, сізді бүгін 6 сағат жүгіртіп қойса, сіз ертең тағы 6 сағат жүгіре алмай қаласыз. Енді бұл жерде заңды сұрақ туындайды. Келесі күнгі 6 сағаттық жаттығуға спортшы не істесе дайын болады? Міне, осы кезде спорт дәрігерінің кеңесіне жүгінеді.
– Қазіргі пандемия кезінде спортшыларға қалай қарап жатырсыз?
– Наурыздың алғашқы онкүндігінде бірінші науқас тіркелді. Оған дейін шетелде шығып жатқанын ақпараттардан көріп, біліп отырдық. Біз бұл вирус алғаш шықты деген кезден бастап спортшылардың арасында профилактикалық шараларын қолға ала бастадық. Бір сөзбен айтқанда, ерте қимылдадық. Ұлттық Олимпиада комитетінің нұсқауымен біз барлық ұлттық құрамадағы спортшыларға вирустан сақтану шараларын түсіндірдік. Маска, антисептик, қолғап басқа да вирустан сақтанатын медициналық құралдармен қамтамасыз етілді. Сол қаңтар кезінде шетелге жарысқа шыққан спортшыларға да қалай сақтану қажетін түсіндірдік және жіті қадағалап отырдық. Бүгінгі күнге дейін спортшылардың денсаулығын мұқият бақылап отырмыз. Күн сайын олар дене қызуын өлшейтін құралмен температураларын түсіріп жіберіп отырады. Қажетті медициналық сақтану құралдары жіберіліп тұрады.
– Ал өзіңізде арнайы қарайтын спортшыңыз бар ма?
– Ондай болады. 2012 жылғы Лондонда өткен Жазғы Олимпиадалық ойындардың қатысушысы, Қазақстан құрамасының байрағын көтеріп барған Грек-рим күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Нұрмахан Тінәлиевтің дәрігерімін. Жалпы, жеке жұмыс істеуге мүмкіндік аз. Себебі ұлттық құраманың барлық спортшыларының денсаулығын қадағалып отыру қажет. Бір ғана спортшымен жұмыс істеу көп уақытты қажет етеді. Спортшының басынан аяғына дейін не болып жатқанын біліп отыруың керек. Әйтпесе, рецепт жазып беріп, мынаны ішсең күшті болып кетесің деген нәрсе жоқ. Барлық процесс көз алдыңнан өтуі керек. Спортшының мүмкіндіктерін, күнделікті жаттығуын, түнде қалай ұйықтап жатқанын қарайсың. Кейде ол ұйықтап жатқанда да оның тынысын, жалпы күйін тексересің. Ол жерде көптеген нюанстар бар. Мысалы, спортшыларда, әсіресе балуандарда салмақ қуу деген бар. Егер дұрыс жүзеге аспаса, спортшының денсаулығына кері әсер етеді. Сол салмақ тастау үшін қандай дәрумен қолдануы, қалай тамақтануы керек, соның бәрін спорт дәрігері өлшеп береді. Мұндайда дәрігердің көмегінсіз спортшы үлкен қателіктер жіберуі мүмкін. Қазы-қарта жесем күшім мықты болады деп жүретін спортшылар болады. Бұрын спорт медицинасы жоқ кезде болған мұндай ұғым-түсінікті ұмыту керек. Еттің құрамында мынандай күш қосатын эффектісі бар деген ғылыми дәлелді факті жоқ. Иә, ата-бабаларымыздың өмір салтында бар екені рас. Себебі көшпенділер үшін қайта-қайта тамақтану оңай емес. Ат үстінде ұзақ жүретін болғандықтан сүрленген еттен бір жеп алса, ол ұзақ уақыт қарын аштырмайды. Яғни, қорытылу мерзімі ұзақ. Ол ұзақ уақыт күш беріп отырады. Міне, сол үшін қажет.
– Қазіргі вирус жылдам қарқын алып бара жатқанына байланысты спортшыларға қандай кеңес бересіз, олар қалай қорғануы қажет?
– Бүкіл ұлттық құрама командасының бір жылға жоспарланған оқу-жаттығу жиындары тоқтатылды. Спортшылардың барлығы карантинде. Барлық спорт дәрігерлері онлайн режимде жұмыс істеп жатыр.
Бұл вирустың ең бірінші симптомдарының бірі – температура, жөтелдің және демікпенің пайда болуы т.б. Осыларды қадағалап отыруы керек. Ал бұл бойынша барлық спорт дәрігерлері өздеріне тиесілі спортшылардан күнделікті таңертең есебін онлайн түрде алып, бақылап отыр.
Спортшылардың барлығы үйлерінде жаттығуда. Себебі Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Асқарұлы: «Ең бастысы чемпион мен медаль емес, спортшылардың амандығы» деген болатын. Сол міндетті мүлтіксіз атқарып шығуымыз қажет.
Қорыта айтатын кеңес – барлығына бірдей үйден шықпау, адам көп жиналатын жерден аулақ болу, тазалық сақтау. Бұл вирустан солай ғана қорғана аламыз. Себебі жұғуы азайса, өздігінен күшін жоятын вирус. Мұндай климатта ұзақ тұра алмайды. Сондықтан шыдап, осы қарапайым талаптарды орындаған жөн.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Бақытбек ҚАДЫР