Елордада 22 нысан карантинге алынды
16 сәуірдегі жағдай бойынша елордада коронавирустың таралуына байланысты 22 нысан карантинге алынды, деп хабарлайды қала әкімдігі.
"Елорданың бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысымен Абылай хан – Рысқұлбеков – Мүсірепов – Мұстафин көшелері квадратында шектеу енгізілді. Периметр бойынша қоршау белгілері қойылды, полицейлер кезекшілік етеді. Бұл учаскенің тоғыз үйі карантинге алынды", -делінген хабарламада.
Олар: Мүсірепов көшесі, 4, 7, 7/1, Рысқұлбеков көшесі, 4/1, 4/3, 16/1, 8а, Мұстафин көшесі, 21, 21/5.
Бұл үйлердің тұрғындарына далаға себепсіз шығуға тыйым салынады. Тек жақын маңдағы дүкенге баруға рұқсат етіледі, дәрі-дәрмекті тапсырыспен алуы керек.
Әскерилер учаскеде дезинфекция жұмыстарын жүргізіп жатыр.
"Қысқа уақыт ішінде коронавирус жұқтырған науқастар Абылай хан – Рысқұлбеков – Мүсірепов – Мұстафин көшелері квадратында тұрған. Сол себепті аумақ карантинге алынды",- деп түсіндірді әкімдіктен.
Барлығы Нұр-Сұлтанда 16 сәуірдегі жағдай бойынша 22 нысанда карантин енгізілді:
- 4 – денсаулық сақтау нысаны,
- 2 – жатақхана,
- "Шарапат" қарттар үйі,
- Ұлы Дала көшесі, 17/1, 38 көшесі, 10 үй, Е-10 көшесі, 2 үй, Бастөбе көшесі, 33, Сығанақ көшесі, 18/1, А.Чехов көшесі, 40, Мүсірепов көшесі, 7, Рысқұлбеков көшесі, 8а, Брусиловский көшесі,18, 187 көшесі, 20 үй, Иманов көшесі, 41,
- Абылай хан – Рысқұлбеков – Мүсірепов – Мұстафин көшелері квадратында орналасқан үйлер.
№1 автопарк, екі жатақхана, 10 кіреберіс пен үш медицина ұйымынан карантин алынды. Дезинфекциядан кейін карантинге жабылған үйлер саны азаюы мүмкін, деп мәлімдеді әкімдіктен.