Ақжарма тілек жауған күн

Ақжарма тілек жауған күн

Ақжарма тілек жауған күн
ашық дереккөзі

Мұхтар Әуезов театры - 90 жыл!

Ұлт театрының ұлық мерекесі киелі өнердің келешегі кемел екенін көрсетті

Қазақ өнерінің қара шаңырағы, халқымыздың заңғар ұлының есімін абыроймен арқалап келе жатқан қасиетті ошақ – Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры биыл 90-ға толды. Алтай мен Атырау, Арқа мен Жетісу аралығындағы ұлан-ғайыр республиканың түкпір-түкпірінен жиналған өнерсүйер қауым өткен аптада киелі өнер шаңырағында бас қосты. Торқалы тойдың қазақ сахнасының көзі тірі аңызы Хабиба Елебекованың 100 жас мерейтойымен қатар келуі қуанышты еселеді, өткен күнге алғысты, бүгінгіге шүкіршілікті көбейтті. Қарашаңырақтың абыз ақсақалы, КСРО және Қазақстанның халық артисі Асанәлі Әшімов театрдың өткенін еске түсіргенде: «Мен театрға келгелі 60 жылға жуықтады. Алғаш актер болып келгеннен бері қарашаңырақтың 30, 40 жылдық мерейлі мерекелерін атап өткен асылдардың арасында болған едім, міне, содан бергі мерейтойларының бәрінің куәгеріміз. Тарихы жүзжылдықтармен есептелетін әлемдік театрлар бар, солармен салыстырғанда, біздің театрдың 90 жасы – жігіт жасы» деген еді. Асылында, 90 дегеніміз – бір ғасырға жетеғабыл мерзім. Осы уақыт аралығында дамудың талай даңғылын артта қалдырған өнер ошағының сахнасы тарландардың бірнеше толқынын түлетті. Өткенін білмегеннің кемел келешектен дәмесі аз. Сондықтан театрдың берекелі бүгіні, баянды болашағын сөз етпес бұрын, тағылымды тарихына үңілу ләзім. М.Әуезов театрының тарихын 1926 жылдан, яғни көрермен назарына ең алғашқы қойылымын ұсынған уақыттан бастап жүрміз. Алайда қазақ даласындағы тұңғыш театрдың ашылуына алғышарт болған оқиғалар, мұрындық болған азаматтардың аты ауызға көп алына бермейді. Қызылорда қаласында алғашқы қ­азақ театрының отау тігуіне Қазақстан Кеңестерінің 1925 жылдың сәуір айында өткен 5-құрылтайы себеп болған еді. Қазақтың Ұлттық театрын ұйымдастыруды жеделдету мәселесі көтерілген сол жиынның шешімімен төл өнердің жаңа дәуірі басталды. Кәсіби өнер ордасының ашылып, еңсе тіктеуіне Ж.Аймауытов, М.Әуезов, Ж.Шанин, Қ.Сәтбаев, О.Беков сынды қайраткерлер атсалыс­ты. 1925 жылдың күзінде театрды ұйымдастыру жұмыстарын сол кездегі Қазақстан Халық ағарту комиссары С.Сәдуақасов өзі қадағалап отырды, театрдағы алғашқы шығармашылық-шаруа­шылық ұйымдастыру жұмыс­тарын алғашқы директоры Д.Әділов жүзеге асырды. Тарихи құжаттарды ақтарғанда театр ашу үшін үкіметтен арнайы қаржы бөлініп, сол жылдары халық арасында аты шыққан, жер-жердегі дарынды өнерпаздар, әнші, күйшілерге, бас-аяғы 23 адамға шақырту жолданғанын көруге болады. Қазақтың сол кездегі астанасы – Қызылордаға алғашқы болып Қостанайдан С.Қожамқұлов келеді. Театр шаңырағын көтеріп, керегесін тіктеуіне алғашқы бас режиссері Серке Қожамқұловпен бірге Қ.Қуанышбаев, Е.Өмірзақов, Қ.Бадыров, Қ.Жандарбеков, төкпе ақын И.Байзақов, атақты әнші Ә.Қашаубаев, балуан Қ.Мұңайтпасов, тағы да басқа көптеген өнерпаздар атсалысқан. 1926 жылдың 10 қаңтарында қазақ театрының шымылдығы Қ.Кемең­геровтің «Алтын сақинасымен» ашылып, 13 қаңтар күні М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясы сахналанды. Республика өміріндегі аса елеулі – Ұлт театрының құрылуы бүкіл елдің қуа­нышына айналды. Қызылордаға сол жылы күзде жеткен Ж.Шанинның бас­шылығымен өнер ошағы өрге қарай құлаш сермеді. Содан бері 90 жыл сырғып өте шықты. Торқалы той кезінде өнерсүйер қауымға қара шаңырақтың тарихын тереңірек танытуды мақсат еткен ұжымның театр жүріп өткен жолды үш кезеңге бөліп, әрқайсысын тағылымды әңгімеге арқау еткені қуантты. Театр қалыптасуының алғаш­қы кезеңіндегі (1926 – 1956 жылдар) елеулі оқиғалардың бірі – 1928 жылы өнер ошағының республиканың жаңа астанасы – Алматыға қоныс аударуы. 1930 жылдар белесінде ұжымға жаңа шығармашылық күш қосылды. Бұл қатарда Қ.Байсейітов, К.Байсейітова, Қ.Бейісов, Ш.Жиен­құ­лова, М.Ержанов, Ж.Елебеков, Қ.Қар­мысов, С.Телғараев, Ә. Хасенов, Қ.Әділшінов, Ж.Өгізбаев, Р.Қой­шыбаева, Ш.Айманов, С.Майқанова, Г.Сыздықова, т.б. атауға болады.1932-1938 жылдары театрда әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеген М.Әуезовтің қара шаңырақтың іргесі бекіп, керегесі кеңеюіндегі еңбегі ерек. Көркем пьесалары өз алдына, мақалаларында да ұлттық театрдың бағыт-бағдарын айқындауға үлкен үлес қосқан суреткер әлемдік драматургия жауһарларынан аударып, репертуарды байытуда да көп жұмыс жасады. Бұл кезеңдегі ұлттық драма­тур­гия­ның қалыптасып, дамуына Қ.Кемеңгеров, І.Жансүгіров, С.Сейфуллин, Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов, Ш.Хұсайынов, Ә.Тәжі­баев, Ә.Әбішев сынды қаламгерлердің шығармашылығы елеулі үлес қосты. Театр әлем драматургиясынан Шекспир, Мольер, К.Гольдони, А.Островский, Гоголь, М.Горький пьесаларын сахналауға айрықша ден қойды. 1933-34 жылдары театр­дан музыкалық студия бөлініп, ұжым­дағы әншілік таланты басым актер­лер сонда ауысты. Бүгінгі таңда республи­камыздағы іргелі өнер ордаларына айналған Абай атындағы опера-балет театры, республикалық Жамбыл атындағы филармония, «Қазақконцерт» – сол кезде М.Әуезов театры құрамынан бөлініп шыққан, музыкалық театр негізінде құрылған өнер ұжымдары. Театр дамуының алғашқы кезеңін ерекше есте қалдырған жетістіктердің бірі де бірегейі – қара шаңырақтың 1937 жылы академиялық деген мәртебеге ие болуы. Бұл уақытта театр сахнасын­да қазақ театр режиссурасының екінші буыны – А.Тоқпанов, Ә.Ысмайы­лов, Н.Бейсеков қызмет еткен еді. Ж.Жал­мұхамедова, Х.Бөкеева, Ш.Жан­дарбекова, Б.Римова сынды актриса­лар­дың шебер ойынын көруге асыққан көрерменнің театрға деген ықыласы жыл өткен сайын арта берді. Академиялық театр тарихының екінші кезеңі, яғни 1956-1986 жылдар жылнамасына шолу жасар болсақ, теа­тр сахнасында тарихи спектакльдермен қатар жасампаз еңбек, бейбіт қоғам, замандастар өмірі, олардың әділетті қоғам құру жолындағы іс-әрекеттерін көркем бейнелейтін қойылымдар алдыңғы қатарға шыққанын көреміз. 1956 жылы С.Мұқановтың “Шоқан Уәлиханов” пьесасы, 1957 жылы М.Әуезовтің “Еңлік-Кебек”, С.Мұқановтың “Майрасы” қойылды. 1958 жылы театр қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеуде өткен онкүндігіне қатысып, «Еңлік-Кебек» (М.Әуезов), «Шоқан Уәлиханов» (С.Мұқанов), «Ақын трагедиясы» («Ақан сері-Ақтоқты», Ғ.Мүсірепов), «Жалғыз ағаш орман емес» (Ә.Тәжібаев) және «Асауға – тұсау» (Шекспир) спектакльдерін көрсетті. 1961 жылы 10 тамызда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен Қазақтың Мемлекеттік академиялық драма театрына ұлы суреткер Мұхтар Әуезовтің есімі берілді. Бұл кезеңде «Асауға-тұсаумен» қатар Шекспирден «Отелло», «Ричард-ІІІ», Гогольдің «Үйлену», Лопе де Веганың «Шөпқорыған ит», Пушкиннің «Шағын трагедиялары», М.Каорудың «Шығыстағы бір бейбақ», М.Фриштің «Дон Жуанның думаны», Г.Лорканың «Бернарда Альбаның үйі», Пиранделлоның «Өгей қыз», М.Булгаковтың «Жендеттер», Чеховтың «Ваня ағай», т.б. қойылымдар репертуар­ сәнін кіргізді, көркемдік көкжиекті кеңейтті. М.Булгаковтың режиссер А.Мажурин қойған «Жендеттер» (ауд. А.Сүлейменов) спектаклінде актер Н.Жантөриннің Мольер, Чеховтың режиссер Ә.Мәмбетов қойған «Сүйікті менің ағатайым» («Ваня ағай», ауд.Ә.Кекілбаев) спектаклінде Ә.Молдабеков кейіптеген Ваня ағай рольдері қазақ сахнасының табысы болды. Бұл кезеңде ұлттық режиссураның ілге­рі­лей түсуі жолында тер төккен көр­некті театр режиссері, өнер қай­рат­кері, Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетовтің есімін ерекше атау керек. Шығармашылық жолы сонау атақты 60-жылдар белесінде басталған, М.Әуезов театрына 40 жылға жуық көркемдік жетекшілік жасаған Мәмбетовтің сол кезеңде қойған атақты «Ана-Жер-ана» (Ш.Айтматов, сахналық нұсқа Б.Львов-Анохин), «Қан мен тер» (Ә.Нұрпейісов), «Қарагөз», «Қара қыпшақ Қобыланды», «Абай» (М.Әуезов), «Қозы Көрпеш-Баня сұлу» (Ғ.Мүсірепов), «Менің сүйікті ағатайым» («Ваня ағай», А.Чехов, ауд.Ә.Кекілбаев), «Көктөбедегі кездесу» (Ш.Айтматов, Қ.Мұхамеджанов), «Біз періште емеспіз» (Қ.Мұхамеджанов), «Кориолан» (Шекспир, ауд.Х.Ерғалиев) «Эдип патша» (Софокл, ауд.Х.Ерғалиев), ұлттық сахна өнерін жаңа сапалық белеске көтерді. Мәдени кеңістігімізде «Мәмбетов театры», «Мәмбетов дәуірі» деген ұғым қалыптасты. Әуезов театры Франция, Иран елдерінде фестивальдік сапарларға шығып, Мәскеуде бірнеше рет гастрольде болды. Бішкек, Ташкент, Нүкіс, Уфа, Қазан сияқты ірі қалалар халқы теа­тр өнеріне аса үлкен ризашылықпен қол соқты. Бұл – К.Қармысов, М.Сүртібаев, С.Майқанова, Б.Римова, Ш.Жандарбекова, Ә.Мұсабекова, С.Телғараев, Н.Жантөрин, Ы.Ноғайбаев, Ф.Шәрі­пова, Ә.Молдабеков, Е.Жайсаң­баев, Р.Әуезбаева, Ғ.Сүлейменов, Ж.Ме­дет­­баев, Ә.Боранбаев, Ә.Кен­жеев, У.Сұлтанғазин сынды тарландар, сондай-ақ А.Әшімов, С.Оразбаев, Н.Мышбаева, Т.Тасы­бе­кова, Қ.Тастанбеков, Р.Машурова, Т.Жаманқұлов, Б.Жанғалиева, Ш.Ах­ме­това, М.Өтекешова, бүгінде Астана театрында еңбек етіп жүрген Г.Әспетова, Т.Мей­­рамов, Ж.Мейрамова, Н.Тәшімова, Қ.Тілеуова, Л.Әбзелбаева сияқты дарындар сан қырынан жарқырай көрінген уақыт. Театр тарихының бұл кезеңіне тән тағы бір ерекшелік – ұлттық сахнаға кәсіби сценографтардың, ұлттық композиторлардың келуі. М.Ержанов, Д.Сүлеев, С.Үмекенов, М.Жолтаев сынды суретшілердің, Ә.Мәмбетов сахналаған көптеген спектакльдерге музыка жазған көрнекті композитор Ғ.Жұбанованы және Н.Тілендиев есімдерін ерекше атауға тиіспіз. Белгілі театртанушы Әлия Бөпе­жа­нова театр жылнамасындағы үшінші кезеңге 1986 жылдан бүгінгі күнге дейінгі 30 жылды біріктіруді жөн көріпті. Бұл уақыт тарихта Желтоқсан оқиғасы деген атпен қалған ақтаңдақ кезеңдер, жабық тақырыптардың терең қаузалуымен есте қалды. Атап айтар болсақ, Режиссер Ә.Мәмбетов қойған «Біз періште емеспіз» (Қ.Мұхамеджанов) спектаклі 1988 жылы Қазақстан мен Орта Азия театрларының Алматыда өткен халықаралық І «Наурыз» фестивалінде топ жарды. 1988-1992 жылдары қара шаңырақ сахна­сында алғаш рет «Кориолан» (ауд.Х.Ерғалиев, реж.Ә.Мәмбетов), Софоклдың «Эдип патша» (ауд.Х.Ерғали­ев­, реж. Ә.Мәмбетов), Еврипидтің «Медея» (ауд.Қ.Жұмағалиев, реж.А.Пашков), трагедиялары, Шиллердің «Генуядағы қас­тандығы» (реж.Ф.Зольтер), Мольер­дің «Ақымақ болған басым-ай» (ауд.А.Сүлейменов, реж.Ә.Рахимов) комедиясы қойылды. Көркемдік-эстетикалық бағыттағы ізденістерін тоқтатпаған театр дәстүр мен жаңашылдықты үйлестіріп, тарих пен бүгінгіні, болашақты сабақтастырып отыр. Жастары алпысты алқымдап, жетпісті еңсеріп, сексеннің сеңгіріне шықса да қасиетті сахнаға адал қызмет етуден қол үзбеген ақ сақалды аталар мен ақ жаулықты аналарымызды, олардың ізін жалғаған аға буынды, үлкендердің өсиет-өнегесімен бой тіктеп келе жатқан талантты жастарды түгел тізіп шығу бір мақаланың шеңберіне сыймайтын дүние. Бүгінгі таңда театрда 1 КСРО халық артисі, 10 Қазақстанның халық артисі, 11 Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, 1 ҚазКСР еңбек сіңірген өнер қайраткері, 21 Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 1 КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, 3 ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, 3 «Дарын» Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 3 Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, 15 «Серпер» Жастар одағы сыйлығының лауреаты, 1 Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, 2 Жалпыұлттық тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, 3 «Отан» орденінің иегері, 1 «Барыс» орденінің иегері, 7 «Парасат» орденінің иегері, 16 «Құрмет», 1 «Достық» орденінің иегері, сондай-ақ 6 профессор, 9 доцент қызмет ететінін айтсақ та, жетіп жатыр емес пе? Бірлігі мен берекесі жарасқан ұжымның шығармашылық әлеуетін таныту үшін бұдан артық қандай сипаттама керек? Торқалы тойды барынша сән-салтанатты әрі мән-мағыналы өткізу үшін барын салған өнер ұжымы еліміздің түкпір-түкпірінен келген қонақтарды төрт күн бойы аяқтан тік тұрып күтті. Қара шаңырақты мерейлі жасымен құттықтау үшін Елбасының ақ тілегін арқалап ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыс­танбек Мұхамедиұлы Алматыға арнайы келді. «Бірнеше күн бұрын театрдың көркемдік жетекшісі, ел ағасы Асанәлі Әшімов Елбасыға құттықтау хат жолдап, осы тойдың құрметті қонағы болуға шақырған болатын. АҚШ-қа жұмыс сапары жоспарланып қойған Мемлекет басшысы жылдың басқа бір мезгілінде міндетті түрде уақыт тауып, театр ұжымын мерейтоймен құттықтау үшін арнайы келуге уәде берді. Менің бүгін сіздердің алдарыңызға келіп отырғаным да – Елбасының ерекше тапсырмасы», – дей келе министр көпшілік алдында Нұрсұлтан Назарбаевтың ықылас хатын оқып берді. Ұлт руханиятының дамуына өлшеусіз үлес қосып отырған өнер ұясына шығармашылық табыс тіледі. Өнерсүйер қауымға ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізуді парызым деп білген депутат, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин еліміздегі үш биліктің бір тармағы – заң шығарушы органда отырған халық қалаулыларының ғана емес, қалам ұстаған қауымның атынан да сөз алды. Қиын-қыстау кезеңде халықтың еңсесін жықпаған, рухын таптатпаған өнер дейтін болсақ, сол өнердің ең биігі, ең тектісі – театр. 1926 жылы шаңырағын көтерген театр бауырынан бірнеше өнер ошағы бөлініп шығып, бүгінде әрқайсысы бір академиялық театрға айналды. Сол ұжымдардың бәрінің атасы да, анасы да – қазақтың заңғар жазушысы М.Әуезовтың есімін иемденіп отырған қасиетті қара шаңырақ. Еліміздегі театр атаулының бәрі осы өнер ордасына қарап бой түзейді. Сондықтан ұлт өнерінің көшбасшысы екендіктеріңізді ұмытпаңыздар. Қанаттарыңыз талмасын, ұлт игілігі үшін қызмет ете беріңіздер!», – деді Нұрлан Оразалин. М.Әуезов атындағы Қазақ мемле­кеттік академиялық драма театрының 90 жылдығы, қазақ сахнасының ақ жаулықты анасы, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Хабиба Елебекованың 100 жылдығымен тұспа-тұс келгенін жоғарыда атап өттік. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Театр көктемі» фестивалінің биыл ғасыр жасаған актрисаның атымен аталып, Халықаралық Театр күнінде өз мәресіне жетуі де – қазақ руханиятындағы айтулы оқиға болды. Осымен алтыншы мәрте өткен фестиваль халықаралық немесе республикалық деңгейдегі шара емес. Бұл – бір маусымда жасалған шығармашылық жұмысқа есеп беру, актерлердің кәсіби деңгейін бағалауды мақсат еткен ұжымдық фестиваль. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген театр мамандары қазылық еткен сахна бәйгесі өнер ұжымының бір жыл бойғы қажырлы еңбегін қорытындылады. Қазылар шешімімен «Үздік режиссура» аталымы бойынша Асхат Маемиров («Қоштасқым келмейді») үздік деп танылса, КСРО және Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов сахналаған «Қаза мен жаза» қойылымы «Үздік спектакль» атанды. Ал «Үздік әйел адам бейнесі» аталымында Дәрия Жүсіп, («Ай мен Айша»), «Үздік ер адам бейнесі» аталымы бойынша Азамат Сатыбалды («Қоштасқым келмейді») топ жарды. Сахна шеберлерінің еңбегі бұдан өзге 14 аталым бойынша елеп-ескерілді. Төрт күнге созылған театр мере­­кесі қорытындыланып, қара шаңы­рақтың 90 жылдық мерейтойы атап өтілген көктемнің жаймашуақ жексенбісі ұлттық өнердің абыройы асып, мәртебесі биіктеген күн болды. Бұл – өскелең ұрпаққа қазақ театрының тарихы терең, келешегі кемел екенін танытқан күн. Бет түзейтін құбыласы, бағыт көрсететін темірқазығы барда өнер ордаларының тура жолдан адаспайтынына көз жеткен күн. Ең бастысы, ақжарма тілек, ақ бата жауған күн. Көппен бірге біз де ұлт театрына, оның іздеушісі – қазақ дейтін халыққа баянды ғұмыр тіледік. Қабыл болғай!  

Анар ЛЕПЕСОВА