Жаңалықтар

Алматы әкімі дүйсенбіден бастап қандай нысандар жұмыс істейтінін айтты

ашық дереккөзі

Алматы әкімі дүйсенбіден бастап қандай нысандар жұмыс істейтінін айтты

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев 20 сәуірден бастап қалада қандай кәсіпорындар жұмысына кірісетінін айтты.  «Кеше, мемлекеттік комиссияның отырысында Алматыдағы өндірістік нысандардың 20 сәуірден бастап жұмыс істеуге дайын екенін жеткіздік. Осы уақытқа дейін индустриалды аймақ тоқтаусыз жұмыс істеді, бүгінгі күнге дейін құрылыс материалдарын шығаратын зауыт,тамақ, жеңіл өнеркәсіптің бір бөлігі жұмыс істеп тұрды. Енді қалған бөлігіне келесі аптадан бастап жұмыс істеуге рұқсат берілді»,– дейді Бақытжан Сағынтаев. Қала әкімінің айтуынша, құрылысшылардың өтінішіне байланысты көтерме базарлар жұмысы қалпына келтіріледі. Мегополисте олардың саны бесеу. «Сонымен қатар, « Атамекен «ҰКП өтініші бойынша нотариустар мен бірнеше халыққа қызмет көрсету орталықтарының белгілі бір бөлігі жұмыс істейді. Бұл қажет, өйткені қазір мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектер екінші деңгейлі банктер арқылы жүзеге асырылуда. Ал, ол жаққа бірнеше құжат қажет», - деп толықтырды қала әкімі. Бақытжан Сағынтаев  жұмысына кірісетін кәсіпорындар санитарлық талаптарды бұлжытпай орындау керектігін баса айтты. «Дайындық жұмыстарын барлық кәсіпорын басшылары жүргізуі керек. Қашықтық, санитайзер, маска, қолғап, жеке сақтану құралдарымен қамтамасыз етілуі тиіс. Дүйсенбіден бастап аудит жүргізіледі. Егер дайын болмаса, ол қызыл карта алады және кемшіліктерін жоймайынша ашылмайды. Алдағы уақыта да үнемі тексеріп отырамыз, кемшіліктер қайталанатын болса нысан жабылып, қайта ашылмайды. Біз осындай жазаны қолданамыз», - деді шаһар басшысы.