Қандастардың баспана мәселесі қалай шешілмек?

Қандастардың баспана мәселесі қалай шешілмек?

Қандастардың баспана мәселесі қалай шешілмек?
ашық дереккөзі
Баспана Қазақстандағы әлеуметтік жағ­дайдың басты индикаторы болып отыр. Қа­зіргі қоғам­да­ғы көзге көрінбейтін таптық жік­телім бойынша бас­панасы барлар және бас­панасыздар деп қара­сақ, әлеуметтік жағдай түсі­нік­тірек болар еді. Public Policy Research мекемесі жасаған зерттеулерге қара­ған­да, Ал­матыда тұратын жасы 30-ға тол­ма­ған азаматтардың 54,3 пайы­зы же­кеменшік пәтер жалдап тұр­са, 18,6 пайызы жатақханада тұ­ра­ды екен. Яғни, жастардың төрт­тен бірі ата-анасының немесе туыс­тарының үйін жағалап күн көруде. Елор­да­дағы жағдайда осы көр­сет­кіш­ке сәй­кес. Мұндай зерттеулер мен көр­­­сеткіштерден республика бойын­­ша басқа да ірі қалалардағы бас­­пана мәселесінің күрделі екенін бай­­қауға болады. Баспана мәселесін зерттеп жүр­­ген мамандардың мәлі­ме­тіне сүйен­сек, Қазақстандағы тұр­ғын үй тап­шылығы 28 миллион шар­шы метрді құ­райды. Шамамен 400 мың отба­сы­ның жеке баспанасы жоқ. Елдегі ең­бекке қабілетті аза­мат­тардың 25 пайызының ғана өз кү­шімен бас­паналы болуға шамасы же­теді. Бұдан басқа көптеген көрсет­кіш­ті тізбелеудің тіптен мә­ні­сі жоқ се­кілді. Қысқасы, Қазақс­тан­да бұ­рын­нан өмір сүріп келе жатқан жер­гілікті халықтың өзінде баспана мә­селесі әлі шешілген жоқ. Осы рет­те шетелден көшіп келіп жатқан қан­дастардың жағдайы тіптен қиын. Мемлекет қандастарды бейім­деу жә­не баспаналы бол­ғызу мақса­тын­да біраз шара­лар­ды жүзеге асырды. Көш­тің алғашқы жыл­дарында елге орал­ған әр қазақ отбасына көші-қон квотасымен бас­пана берілді. Кво­тасы келіп, бас­пананы өздері салғандарға Миг­ра­ция және демография басқармасы ко­миссиясы арқылы мүмкіндігінше қар­жылай көмек көрсетті. Мем­лекет өзін және отбасын қа­м­та­ма­сыз ете алмайтын, тиісті құжаттары тү­гел қандастарға қамқорлық жа­са­ды. Алайда мұнымен де қан­дас­тар­дың баспана мәселесі шешілген жоқ. Себебі жыл сайын әр елден келіп жатыр. Шетелден келген қандас­тар­дың біразы өз күшімен бас­паналы болғанымен, әлеуметтік жағ­дайы төмен отбасылар әлі күнге пә­тер жалдап жүр. Тіптен көбінің бұл жағдайға еті үйреніп кетті. Елдегі демографиялық ахуал­ды одан әрі жақсарту үшін әрі көші-қонды реттеу үшін Үкімет 2014 жылы «2017-2021 жылдарға ар­нал­ған Миграциялық саясат» тұ­жырымдамасын қабылдаған бо­латын. Жаңа миграциялық тұжы­рым­дама қандастардың тарихи Ота­нына оралуы мен сапалы кадр­лардың сыртқа ағылу мәселе­лерінің шешімін табуды көздеген. Бұл құ­жатта: «Қазақстан Республикасы шет­елдік жұмыс күшін тарту ар­қылы уақытша миграция, сонымен қа­тар Қазақстанға оралған этни­калық репатрианттарға қатысты ұзақ­мерзімді тұрақты миграциялық стра­тегия ұстанады» деп жазылған. Миг­рация классификациясына сәй­кес, ерікті түрде ұзақ мерзімге жа­сала­тын саяси және экономикалық миг­рация басқа елдерден көшіп ке­ле­тін қандастар санын арттыруды көз­дейді.

«Нұрлы көш» бағдарламасы аясында баспаналы болу

Елбасы Н.Назарбаевтың тап­сыр­масымен құрылған «Нұр­лы көш» бағдарламасына 60 млрд тең­ге бөлініп, көптеген өңірде ар­найы ауылдар бой көтерді. Атап айт­қанда, Шығыс Қазақстан об­лы­сын­да 700, Солтүстік Қазақстан об­лысында 400, Ақтөбе облысы Хром­тау қаласында 230 отбасына арнап тұрғын үй салынса, Шымкент қа­ласы маңындағы «Асар» ауылында 27 мың қандасымыз тұрақтаған. Алай­да қазір мұндай ауылдық құ­ры­лыстар тоқтады. Тек қана қан­дас­тарды қабылдауға арналған Үкімет белгілеген бес облысқа барып, квота не­месе баспана алуға болады. Бірақ қазір белгіленген өңір­лерге қоныстанған көптеген қан­дастар да әлі күнге тиісті әлеу­мет­тік көмекті ала алмай отыр­ған­дарын айтады. 2019 жылғы қараша айында «Отан­дастар қоры» ұйымдас­тырған этникалық қазақтарды қолдау жөніндегі 2018-2022 жыл­дар­ға арналған іс-шаралар жоспары аясында бас қосқан жиында Мем­ле­кеттік хатшы Қырымбек Көшер­баев: «Қандастарымызды баспана­мен және жұмыспен қамту мәселесі 2017-2021 жылдарға арналған «Ең­бек» бағдарламасы аясында өзі­нің шешімін тауып отыр. Сонымен бір­ге, қазіргі уақытта шетелден кел­ген ағайындарға құжатты рәсім­деуде көрсетілетін қызметтерді оң­­тайландыру, шетелдегі отандас­тар­ды мемлекеттік тұрғыда қолдау ту­ралы заңнамалық тетіктерді ен­гізу жөнінде де маңызды шаралар да қолға алынады», – деген болатын.

Тұрғын үй заңымен қандастар баспаналы болады

Қазірде қандастардың бас­па­налы болу мәселесі күн тәр­тібі­нен түскен жоқ. Бір айдың ішін­­де «Отандастар қоры» ақпарат­пен қамту орталығына баспана мә­­се­лесі бойынша 13 рет хабар­лас­қан. Қазақстан Тұрғын үй заңында Ха­лықтың әлеуметтiк жағы­нан осал топтарының жетіншісі «орал­мандар» деп анық жазылған. Бұл заңды қандастарымыздың көбі тү­сінбейді. Себебі тұрғын үйге ке­зекке тұру үшін «оралман куәлігіңді» алып барса ғана қабылдайды деп тү­сінеміз көбіміз. «Оралман мәрте­бе­сімен» тұрғын үйге кезекке тұра алмайтын жағдай бар, себебі кезек­ке тұру үшін тұрақты тіркеу талап етіледі. Ал тұрақты тіркеуге тұрып, ық­тиярхат яки азаматтық алған соң тұрғын үйге кезекке тұра алмай қалады. (Құжат қабылдайтындар да мұны ескермей жатады.) Азаматтық алғанға дейін мемлекеттен жер, үй, квота алмаған болса, азаматтық ал­ған­нан кейін де қандастар тұр­ғын үйге құжат тапсыра алады. Се­бе­бі заң жүзінде қандастар азамат­тық алғаннан кейін де репатриант ретінде есептеледі. Сонымен бірге «атаулы әлеу­мет­тік көмек туралы», «ар­наулы мемлекеттік жәрдемақы ту­ра­л­ы», және Жер кодексіне сәйкес, қан­дастарға қосымша жеңілдіктер, кө­тер­ме төлемақы, сондай-ақ жеке тұр­ғын үйлер салу үшін жер учас­кесін бөлу көзделген. Алайда Қазақстанда қан­дас­тар­ды қабылдаудың биылға ар­­налған өңірлік квотасы Үкіметтің қау­лысына сәйкес, 2020 жылы 1 378 адам­­ға бөлінді. Бұл өткен жылмен са­­лыстырғанда 653 адамға аз. 2019 жы­­лы 2 031 адамға квота бөлінген бо­­латын.

Ауқатты азаматтарға құлаққағыс...

Белгілі жазушы, драматург Дулат Исбеков көші-қон мә­се­лесі жайлы үнемі айтып келе жат­қан зиялының бірі. Кезінде Елбасының алдында көші-қондағы кей­бір түйткілді мән-жайды бүр­кемесіз айтқан. Жазушы тек айтып қана қоймай, мүмкіндігінше қан­дастарға көмегін де тигізіп жүре­ті­нін көп естиміз. Жазушының «Қазақ әдебиеті» газетіне берген бір сұх­баты барысында шетелден көшіп кел­ген көпбалалы отбасыға үй сый­лаған оқиғасын айтып берді. «Бір күні біздің үйге екі әйел кел­ді де, «үйіңізді әрең таптық, сіз­дің демалыс үйіңіздің қасында пә­тер жалдап тұрамыз. Монғолиядан көшіп келгенбіз, жеті баламыз бар, қолымызда үлкен-кісілер бар. Сіздің үйді сатып алсақ деп едік», – деп ме­ні сол жаққа бастап барды. Әлгі екі әйелдің бірінің күйеуі Са­ры­өзекте жол құрылысында жұмыс іс­тейді екен. «Күйеуің айына қанша жа­лақы алады?» деп сұрап едім, «500 дол­лар» деді. «Мына үйімді қаншаға алмақсыңдар?» дегенімде, «айына 500 доллардан беріп тұрайық, бізге беріңіз» деп жауап қатты. Балалары қуа­нып, «біз осы үйді алатын бол­дық, қандай бақыттымыз!» десіп үйді айналып, бірін-бірі қуалап жү­гіре жөнелгені. Әлгі сәтті көріп, же­тім өскен менің көзімнен жас тө­гіліп кетті. «Япыр-ай, егер ана ба­лалардың бақыты осы үй болса, он­да неге тегін бере салмаймын» деп ойлап, «ендеше мына баламның қолына 500 доллар салыңыз, ыры­мы болсын, осы 7 балаға қосқаным болсын, осылар аман болса, бір жөні болар, сосын үйді тегін алыңыздар» де­дім. Олар сенбей тұрып қалды. Кейін бір айдан кейін әлгі бауыр­ла­рым тағы 500 долларын алып үйге келіпті. Ол кез тамыздың аяғы еді. «Биыл балаларың мектепке барады екен, бұл ақшаға осыларға киім алып беріңдер» деп қайтардым. Осы күнге дейін жеті баланың үйді ай­нала жүгіргені көз алдымда. Оларды қуантқан сәтімді ойласам, өзіме іш­тей разы боламын. Содан кейін екі отбасы жақын араласып кеттік» деп ағынан жарылған еді жазушы Ду­лат Исабеков. Жазушының бұл жомарт­ты­ғы басқа да ауқатты аза­мат­­тарға үлгі боларлық іс. Шетелден ел деп келген көпбалалы, жағдайы төмен қандастарға мұндай да көмек керек-ақ.