COVID-19: Өзбекстанда 1349 науқас тіркелді
COVID-19: Өзбекстанда 1349 науқас тіркелді
Өзбекстанда коронавирус індетіне шалдыққандар саны 1349-ға жетті. Бұл туралы елдің денсаулық сақтау министрлігінің Тelegram-каналында хабарланды.
16 сәуір сағат 10.00-дегі жағдай бойынша Өзбекстанда тағы 47 адамның індет жұқтырғаны анықталған.
Бүгінде елде коронавирусқа шалдыққандардың 107-сі емделіп шыққан. Ал 4 науқас көз жұмды.
Еске сала кетейік, Өзбекстанда коронавирус жұқтырудың алғашқы дерегі 15 наурызда тіркелген болатын. Франциядан келген ел азаматынан вирус анықталған.
Коронавирустың таралуын шектеу үшін ел билігі 16 наурыздан бастап өзге мемлекеттермен көлік қатынасын тоқтату туралы шешім қабылдады. 27 наурыздан бастап Өзбекстан облыстары арасындағы көлік қозғалысы шектелді. 30 наурыздан бастап республикадағы барлық әуежайлардың қызметі тоқтатылды. Ал 1 сәуірден бастап Өзбекстан билігі ел өңірлерінде өзін-өзі оқшаулау режимін енгізіп, 65 жастан асқан азаматтардың үйден шығуына тыйым салды.
Айта кетейік, Қазақстанда төтенше жағдай режимі 1 мамырға дейін ұзартылды.
ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмасын жүзеге асыру аясында Мемлекеттік комиссия 20 сәуірден бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыда жұмысын қайта бастайтын кәсіпкерлік субъектілері қызмет түрлерінің тізімін бекітті.
Жұмысына кірісетін кәсіпорындар санитарлық-эпидемиологиялық шараларды мұқият сақтауға міндеттелетіні ескертілді.