Дулат Исабеков: Абайды зерттеушілер трафаретті ойлардан арыла алмай келеді
Дулат Исабеков: Абайды зерттеушілер трафаретті ойлардан арыла алмай келеді
– Төтенше жағдай кезінде қал-жағдайыңызды сұрап, көңіл күйіңізді білейік деп едік...
– Біз ескі жигули сияқтымыз ғой. Бір жерін жөндесе, екінші жері бұзылады. Оны жөндесең, үшінші жері шығады. Осылай өзімізбен-өзіміз әлек болып жатқан жайымыз бар. Індетке байланысты қалыптасқан жағдай көңіл күйімізді түсіріп жіберді. Қоршаған ортамен, қоғаммен бұрынғыдай емен-жарқын қарым-қатынас болмағаннан кейін де адам өзінен-өзі жүнжіп, қожырап кетеді екен. Жарайды, жазушы біздер әйтеуір қағазға үңілеміз-дағы, сонымен өзімізді өзіміз құтқарамыз. Ал жазбайтын адамдар не істейді? Айналдырған 2-3 бөлмелі үйде төрт қабырғаға қарап отырғаны, ешқайда шықпай жатады. Құдай ақырын берсін, бұл да өтер, кетер. Абай айтқандай, баяғыдай көрінер бәрі де.
– Карантин жағдайында үйде отырған жұрттың бос уақыты көп қазір. Бұл оқшаулану әсіресе, қалам ұстаған қауым үшін бір жағы жазуға таптырмас мүмкіндік емес пе?! Өзіңіз не жазып жатырсыз?
– Иә, карантин деп бәріміз үйде қамалып отырмыз. Тіпті, немере-шөберелерімізді үйге кіргізбейтін жағдайға жеттік. Үй баққан адам не істеуі керек? Мен басқа адамдарды білмеймін, бірақ жазушының жағдайы басқаларға қарағанда сәл жеңілірек шығар деп ойлаймын. Өйткені олар қашанда жалғыздықты жақсы көретін жандар ғой. Жаңа бір пьесаға кіріспекші едім. Соны бастау қиын болып жатыр. Енді қалай болғанда да осы бір айдың ішінде бітіру керекпін деп ойлаймын. Шығармаларды түрткілеп, бірдеңе жазғандай болып жүрмін. Өз басым оқымай қалған кітаптарды оқып, жазушылар қандай жаңа шығармалар жазды екен, әдебиетке қандай жас жазушылар келді екен, олар несімен ерекшеленеді екен деген ниетпен 2-3 кітапты оқып шықтым. Жас жазушылардың аяқ алысына өзім риза болып отырмын.
Биыл Абайдың 175 жылдығына арнап көптеген мақала жарық көріп жатыр. Соның бәрінде Абайды кемеңгер дейміз, данышпан дейміз. Сол мақалалардың көбісін оқып шығып, өзім іштей қанағаттанбай отырған жайым бар. Қарап отырсам, стандартты, трафаретті ойлардан ары аса алмайды. Өйткені мақала авторлары, жазушылар, ақындар, абайтанушылар Абайдың несімен данышпан екенін ашып көрсете алмай жатқан сияқты. Абай несімен құнды? Несімен данышпан? Тек өлеңдерімен, қара сөздерімен ғана данышпан ба? Абай философиясын әлемдік философиямен салыстыру керек. Мен осы жолда өте көп кітап оқыдым. Сонау Сократтан бастап Платон, Аристотель, Сенека, одан кейін Пушкин. Пушкин мен Абайдың өзі бір тақылеттес ақын ғой, өздері ағайынды адамдар тәрізді көрінеді маған. Бұл Пушкиннің 10 томдық шығармасын бір емес, бірнеше рет оқып шыққаннан кейінгі түйген ойым. Пушкин өзіміздің ауылдың баласы сияқты болып кетті ғой қазір.
Абай айдалада, сонау Жидебайда жатып Сократпен бірдей философиялық тұжырымдар жасаған. Әлемдік әдебиетті Абай әрине, оқи алмады. Өйткені Сократ та, Платон да латын тілінде жазды, ал кейінгі Сенека көне грек тілінде жазған адам. Олардың бәрін Абай оқыған жоқ. Бірақ соған қарамастан Сократта, Сенекада бар ең асыл ойлардың бәрі Абайдан табылады.
Абайдың философиялық ойларының әлем философтарымен қатар шыққаны, солардың ойларын мына Семейдің даласында жатып қайталауы, бұл ненің құдіреті? Семей кітапханасы деген кішкентай ғана жұпыны кітапхана. Оның бәрін Абай тауысып оқи алмайды және Оразбай сияқтылар Абайға кітап оқыттырып қарап отыра ма? Абайдың өмірі деген арпалыспен өткен. Ағайын арасындағы талас, руаралық бақталастық, тайталастар, бақай есеп, барымта дауы. Ал Сократ, Платон, Аристотель, Сенекалар туғаннан философия деген ұлы теңізге шомылып өскен кәсіби адамдар. Ал олармен ешқандай байланысы болмаса да, Абай сол ойларды қалай қайталады? Міне, осының бәрін тізіп, көлемі 30 беттік «Пушкин, Абай және басқалар» деген үлкен мақаланы жазып бітірдім. Еңбекті жазып бітірген соң өзім де бір жеңілдеп қалдым. Осының бәрін ертең Құдай қаласа газетке беремін. Қазір күнде сол мақаланы қарап шығамын, ұмытқан бір сөзімді қосамын.
– Мақалаңыздың түйіні қандай болмақ?
– Аристофан қайтыс болғанда Платон егіліп жылап отырып халыққа көңіл айтқан. Кеше ғана ұрысып-таласып жүрген Аристофан туралы: «Поэзия музасы аспанда ұзақ уақыт бойы қалықтап ұшып жүрді. Ол өзіне бір қасиетті қонатын ұя (храм) іздеді. Ақырында ол ондай үлкен храмды Аристофанның кеудесінен тапты. Содан кейін де ол ұлылардың ұлысы болып шықты» деген.
Поэзияның музасы жер таңдамайды. Сахара ма, Африка ма, Европа ма, Греция ма, бәрібір. Сол ұшып жүріп қазақ даласына да келген болуы мүмкін. Поэзия музасы ұзақ іздеп жүріп Абайдың кеудесіне қонған болуы керек. Осылайша поэзия музасы Абайдың кеудесіне ұя салған. Данышпандық үлкен бір адамға ғарыштан келген қасиет болуы керек. Өйткені Абай заманында да, оған дейін де ұлы болуға дайын, ұлы деп атауға лайықты адамдарымыз болды. Ал бірақ олардың кеудесіне ондай муза қонбаған сияқты. Абайдан басқалар да ұлы ақын болып қалды. Бірақ Абай сияқты данышпандықтың ғарыштық биігіне көтеріле алмады. Міне, осы тұрғыдан келіп Абай несімен данышпан деген сұраққа жауап берген болдым.
Әңгімелескен
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ