Жұмысы тоқтағанмен, кірісі тоқтаған жоқ
Жұмысы тоқтағанмен, кірісі тоқтаған жоқ
Елімізде төтенше жағдай режиміне байланысты табысынан айырылған азаматтарға төленетін әлеуметтік төлем төңірегінде шу әлі де басылар емес. Бүгінде 42 500 теңгені алуға 4,5 миллионнан астам адамнан өтініш түскен. 14 сәуірдегі дерек бойынша, әлеуметтік төлем 2,3 миллионға жуық азаматқа тағайындалды.
Қалған өтініштер қаралуда. Әуелде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өтініштер 3 күн ішінде қаралатынын айтқан еді. Алайда жолданған өтініштердің тым көптігі әрі кейбірінің бірнеше қайтара жіберілуі мамандардың қолын байлап, әлеуметтік төлем тағайындау мерзімін кешіктіруде. Қаншама күннен бері 42 500 теңгені сарыла күтіп отырғандарын айтып шағымданған азаматтардан кешірім сұраған министр Біржан Нұрымбетов мән-жайды түсіндірді.
«Әлеуметтік төлемдер неге кешігіп жатыр деген сұрақтар туындауда. «Мен бір апта бұрын бергенмін», «4-5 күн өтіп кетті» дегендер көп. Бұл ретте мен сіздердің алдарыңызда министр ретінде кешірім сұраймын. Біз осы күндері үлгермедік. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, біз өзімізге 3 күн белгіледік. Бірақ одан да көбірек уақыт қажет еді. 42 500 теңге бюджеттен емес, мемлекеттік сақтандыру қорынан төленеді. Сол қор ақша береді, сол қор әлеуметтік төлем тағайындайды. Ол бөлек мекеме», – деді министр.
Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, елімізде бүкіл төлемдер «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы арқылы банктерге жіберіледі. Ал банктер азаматтардың есепшоттарына аударады. Ал өтінішті қабылдап жатқан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі оларды тексереді. Яғни, табысынан айырылған азаматтарды мемлекеттік көмекпен толық қамту ісіне үш мекеменің қызметкерлері жұмылдырылған.
Жәрдемақы кімдерге беріледі?
Әлеуметтік төлемнің тағайындалу талаптары құзырлы органдар тарапынан жіті түсіндіріліп, ақпарат құралдарында сан мәрте айтылса да, оның айналасында әлі де сұрақ толастар емес. Онлайн брифингте министр жиі қойылатын сауалдарға жауап берді. Біржан Нұрымбетов бұл әлеуметтік төлем ресми және бейресми жұмыс істеп жүрген, бірақ төтенше жағдай жариялануына байланысты жұмысы шектелген, табысынан айырылған адамдарға тағайындалатынын еске салды. Олар кімдер? Бірінші, жалдамалы қызметкерлер. Бұл – шағын және орта бизнесте жұмыс істеген азаматтар. Егер оларды мәжбүрлі түрде жұмыстан қысқартып немесе ақысыз еңбек демалысына жіберсе, міндетті түрде мемлекет тарапынан әлеуметтік төлем алады. Олардың қатарына коммерциялық емес ұйымдардың ақысыз демалысқа кеткен жұмысшылары да кіреді. Екінші, өз бетінше жұмыс істеген жеке тұлғалар. Яғни, ресми және бейресми жұмыс істейтіндер. Ресми деп отырғанымыз – жеке кәсіпкерлер. Оған адвокат, нотариус, сот орындаушы, медиаторлар, азаматтық құқықта жұмыс істеп жүрген фрилансерлер жатады. Олар төтенше жағдайға дейін тиісті әлеуметтік жарна аударса, 42 500 теңге ала алады. Ал бейресми жұмыс істейтіндер – күнделікті табыспен отбасын асырап жүргендер. Олар бұған дейін бірде-бір рет салық, әлеуметтік, зейнетақы төлем аудармаған болуы мүмкін. Сондықтан мұндай азаматтар қоғамдағы мәртебесін рәсімдеуі керек. Мәртебені рәсімдеу дегеніміз – бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеу деген сөз. Оның мөлшері қала үшін 1 АЕК мөлшеріне тең, ал ауылдық жерлер үшін – 0,5 АЕК. Яғни, сәйкесінше, 2 651 теңге және 1 325 теңгені құрайды. Аталған төлемді төлегеннен кейін ғана бейресми жұмыс істеп жүрген азаматтар мемлекеттік жәрдемақыға өтініш бере алады. Төтенше жағдай режимінің жариялануына байланысты жұмысы тоқтап, табысынан айырылғандардың бірі – Алматы қаласының тұрғыны Аягөз Абай. Карантин жарияланғанға дейін қаладағы тігін шеберханаларының бірінде тігінші болып жұмыс істеген оны басшысы ақысыз еңбек демалысына жіберуге мәжбүр болған. Бейресми жұмыс болғандықтан, бұған дейін мемлекетке салық, әлеуметтік, зейнетақы төлемдері аударылмапты. Сондықтан біріңғай жинақтық төлемді төлеп, мемлекеттік жәрдемақы алуға өтініш берген. «Жұмысымыз тоқтайтынын естігенде әрі-сәрі күйге түстік. Осы жұмыстан басқа табыс көзім болмағандықтан әрі күрделі кезеңнің қанша уақытқа созылатынын білмегендіктен сары уайымға салындым. Пәтерақы төлеу керек, күнделікті ас-суымыз бар дегендей. Табысынан айырылғандарға әлеуметтік төлем тағайындалатынын естігенде, жұмыстағы әріптестеріммен бірге қатты қуандық. 42500.enbek.kz порталы арқылы 42 500 теңге алуға өтініш жібердік. Бастапқыда бізге төленбей қалар ма екен деген күдік болған. Бірақ көп ұзамай, әлеуметтік төлем тағайындалғаны жөнінде хабарлама келді. Жәрдемақы бар қажетімізді өтей алмаса да, айтарлықтай көмек болды. Мемлекеттің қамқорлығын сезіндік. Үкімет бізді қиын жағдайда қалдырмайтынына көзіміз жетті», – дейді Аягөз Абай.Декреттегі аналар әлеуметтік төлемге өтініш бере ала ма?
Бала күтіміне байланысты үйде отырған аналарға баласы бір жасқа толғанша жәрдемақы төленетіні белгілі. Сондықтан олар 42 500 теңге ала алмайды. Алайда үйде отырғанына бір жылдан асып кеткен аналардың төтенше жағдай кезінде жұмысына қайта оралуға мүмкіндігі жоқ. Осыған орай мемлекет оларға да бірыңғай жиынтық төлем төлеу арқылы жәрдемақы алуға жағдай жасады. Үш баланың анасы Жадыра Сәбитқызы 2018 жылы бала күтіміне байланысты демалысқа шыққан. Балалардың тәрбиесімен айналысу үшін жұмысқа шығуға асықпаған келіншек өткен жылдан бері түрлі тәттілер пісіріп, қолөнер бұйымдарын жасап, үйде отырып табыс тапқан. Төтенше жағдай режиміне байланысты тапсырыстан қағылған ана көппен бірге өтініш беріп, мемлекеттік жәрдемақыға ілінді. «Бастапқыда декреттегі аналар жәрдемақы алмайды дегенді естіп, көңіліміз түскен. Кейіннен декретте отырғанына бір жылдан асқан аналар да әлеуметтік төлемге өтініш бере алады деп хабарланды. БЖТ төлеп, өтініш жібердім. Үш күннен соң хабарлама келді. Отбасымызбен қатты қуандық. Балаларымыздың несібесі шығар. Қауіпті індет өршіп тұрған шақта тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жәрдемақыны үйде отырып-ақ рәсімдеуге мүмкіндік жасады. Құжат жинап сенделген жоқпыз. Тіпті, есепшоты жоқтарға банктер онлайн қызметтер ұсынып, жай күндері күрделі боп көрінетін шаруаларды аз уақытта оңтайландырды. Өз кезегімізде біз де карантин талаптарын бұлжытпай орындап, құзырлы органдардың ескертулеріне құлақ асқанымыз жөн. Мұның бәрі біздің қауіпсіздігіміз үшін жасалып жатқанын ұқсақ екен», – дейді Жадыра Сәбитқызы. Бір айта кетерлігі, бала күтімімен үйде отырған мемлекеттік қызметтегі әйелдерге 42 500 теңге берілмейді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министі Біржан Нұрымбетов олардың мәселесі бөлек қарастырылып жатқанын жеткізді. «Төтенше жағдайға байланысты мемлекеттік органдардың, қызметтердің жұмысы шектелген. Сондықтан біріншіден, Президенттің тапсырмасы бойынша 80, тіпті 100 пайызға дейін қашықтан жұмыс істеп жатыр. Екіншіден, декретте отырған аналар БЖТ төлей алмайды. Себебі мемлекеттік қызметкерлер кәсіпкерлікпен айналыса алмайды, заңмен тыйым салынған. Мұндай жағдайда декретте отырған мемлекеттік қызметшілер қайтадан жұмысқа шыға алады. Яғни, мемлекеттік орган оларды қайтадан қашықтан жұмыс істеуге алып, жалақы төлеуі қажет. Біз барлық мемлекеттік органдарға «бала күтіміне байланысты үйде отырған әйелдердің жағдайын шешіңіздер» деп хат жолдадық», – деді ведомство басшысы.Зейнетақы, жәрдемақы алатындарға 42 500 теңге беріле ме?
Төтенше жағдайға дейін жұмыс істемеген зейнеткерлер мен мемлекеттік жәрдемақы алушылар әлеуметтік төлем алмайды. Онлан брифингте осы санаттағы азаматтардың бірі қойған сауалға жауап берген министр: «Сіздерге мемлекеттің тарапынан ай сайын зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақы төленіп келеді. Олар төтенше жағдайға байланысты тоқтаған жоқ. Қайта мөлшері артып жатыр, индексация жасалды. Оны мамыр айында көбейген мөлшерде аласыздар. Сондықтан сіздер бұл төлемге ие бола алмайсыздар», – деп түсіндірді. Алайда зейнеткер немесе мемлекеттік жәрдемақы алып жүрген азамат төтенше жағдайға дейін ресми түрде жұмыс істеген болса, министрлік оны ескереді. «Егер төтенше жағдайға дейін бірыңғай жиынтық төлемін төлеп қойған болсаңыз, қосымша ештеңе төлеудің қажеті жоқ. Өтініш берсеңіз, біз оны көреміз. Жұмыс істегеніңіз расталып тұрса, жасыңызға, жәрдемақы алып жатқаныңызға қарамай төлемді береміз. Ал төтенше жағдайға дейін ресми түрде жұмыс істемесеңіз, бірыңғай жиынтық төлемін төлеп әуре болмаңыздар», – деді Біржан Нұрымбетов. Министр атаулы әлеуметтік көмек алушылар да еш кедергісіз 42 500 теңгеге өтініш бере алатынын айтты. Егер мұндай азаматтар төтенше жағдайға дейін ресми, бейресми жұмыс істеп, режимге байланысты кірісінен айырылса, онда әлеуметтік төлем алуға құқылы. Егер бейресми жұмыс істеген болса, өтініш берер алдында бірыңғай жиынтық төлем төлеуі қажет.Табысынан айырылған студенттердің мәселесі қалай шешіледі?