Жаңалықтар

«Қазақ» атымыз қайтқан күн

ашық дереккөзі

«Қазақ» атымыз қайтқан күн

Биыл мемлекеттілік тұрғысынан болашақ тәуелсіз Қазақстанның іргетасына айналған Қырғыз (Қазақ) АКСР-інің құрылғанына 100 жыл толады. Ал бүгін халқымыздың «қазақ» деген тарихи атауының қайтарылғанына 95 жыл толды. 1920 жылдың тамыз айында Мәскеуде Совнарком шекара мәселесін жан алысып талқылағанда «Алаш» партиясы мен «Алашорда» қозғалысы жетекшілерінің бірі, қазақтың тұңғыш математигі Әлімхан Ермеков бірнеше рет баяндама жасады. Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан сынды азаматтар бастаған қазақ делегациясының 12 мүшесі сол жолы ғылыми деректерге сүйеніп, қазақ жерінің тұтастығын дәлелдеп шықты. Нәтижесінде 1920 жылдың 16 маусымында Қырғыз автономды кеңестік социалистік республикасы құрылды. Ал 1925 жылдың 15 сәуірінде Қызылордада өткен Қырғыз (Қазақ) АКСР Кеңестерінің V съезінде Ахмет Байтұрсынұлының ұсынысы бойынша халқымыздың «қазақ» деген тарихи атауын қайтару туралы қаулы қабылданды. Қазақты дербес мемлекетке айналдыруды басты мұрат тұтқан Алаш қайраткерлерінің жолы өте күрделі күрес жолы-тын. Олар бастарына қандай қауіп төнгенін, алдарынан қандай кедергі шығарын білсе де, алған бағыттарынан қайтпады. Алаш зиялылары қазақ елінің сан ғасырлық даму тәжірибесін, салт-дәстүрін революциялық әдіспен күрт өзгертуді емес, қайта оларды эволюциялық жолмен, басқа өркениетті елдердің өмір тәжірибесін ескере отырып, одан әрі жетілдіре түсуді көздеді. Алаштықтар ұстанған осы бағыт Қазақ елін өзін-өзі билеуге, сөйтіп өзінің ішкі мәселелерін өзі шешуге, өз жеріне өзі ие болуға жетелейтін дұрыс жол еді. Осы бір қастерлі миссия Қазақстанның тәуелсіздік алуының арқасында орындалып, ұлт зиялыларының ұлық арманы – ұлт бостандығына бүгінгі ұрпақ қол жеткізді. Шежірелі тарих беттерін парақтап отырып, халқымызды егемендікке жетелеген жолдың қиындыққа, сынаққа толы болғанын көреміз. Ұжымдастыру жылдарындағы сүргін, ашаршылық, соғыс, тың игеру – еліміз небір күрделі кезеңдерді бастан өткерді.  Бұл сынақтар қазақты жасытқан жоқ, керісінше, қайрай түсті, жігерін жаныды, рухын биіктетті. Жұбан ақын жырлағандай,  «мың өліп, мың тірілген» халқымыздың тәуелсіздік жолындағы сан ғасырлық күресі 1991 жылы аяқталып, сол жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан өзін дербес мемлекет деп жариялады. Егемен еліміздің тұңғыш президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды. Елбасымыз  Алаш қайраткерлерінің ұлттық бірлікті нығайту идеясын Тәуелсіз Қазақстанның бағдаршамына айналдырды. Түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерін өз маңына топтастырып, шаңырағының астына ұйыстыра білген қазақты бүгінде әлем мойындайды. Адамның өмірімен өлшесек те, тарихи тұр­ғыдан бағамдасақ та, 30 жыл ұзақ мерзім емес. Соған қарамастан, тәуелсіздіктің алғашқы жыл­да­рындағы экономикалық-әлеу­меттік және саяси қиын­шы­лықтарды еңсере білген Қазақ елі әлемдік қауымдастықтан ойып тұрып орын алды. Елі­міздің саяси өмірі жаңар­тылып, түбегейлі өзгерістер жасалды. Мемлекеттіліктің бар­лық институттары құры­лып, экономикамыз нарықтық жолға түсті. Халықтың әл-ауқа­ты жаңа деңгейге көтеріл­ді, әлеуметтік салада жаңа асу­лар бағындырылды. Мемлекеттік шекарамыз айқын­далып, елдің тұтастығы, жер­дің бүтіндігі қамтамасыз етілді. Елбасының көрегендігі мен ерік-жігерінің нәтиже­сінде Қазақстан әлемде ядролық қарудан бас тартқан тұңғыш мемлекет атанды. Семей сынақ полигонын жапқан батыл қадамының арқасында мемлекетіміз тәуелсізді­гінің қауіпсіздігіне әлемнің іргелі мемлекеттері кепілдік берді. Тұңғыш Президентіміздің сарабдал саясатының арқасында тарихымыз түгенделіп, тіліміз, дініміз және діліміз жанданып, төл рәміздеріміз тұғырына көтерілді. Азаттықтың арқасында Қазақстан аз уақыттың ішінде әлемнің алпауыт мемлекеттерімен дипломатиялық байланыс орнатып, іргелі халықаралық ұйымдардың мүшесі атанды. ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ҰҚШҰ секілді іргелі ұйымдарға төрағалық етті. Бүгінде Қазақстан – дәстүрлі дін басшыларының 3 жыл сайын жиналып, пікір алмасатын алаңы. Ең бастысы, 30 жылда «қазақ» деген қастерлі сөз елдің байрағы, ұрпақтың мақтанына айналды. Ұлт үшін одан артық бақыт бар ма? Басымызға қонған бұл бақ – ата-бабаларымыздың орындалған арманы, қабыл болған тілеуі. Ендігі мұрат – тағылымды тарихын тұғырынан түсірмейтін, даму даңғылынан жаңылмайтын, келешегіне сеніммен қарайтын Мәңгілік елге айналу.