Биыл мыңға жуық елдімекен 3G және 4G желісімен қамтылады
Биыл мыңға жуық елдімекен 3G және 4G желісімен қамтылады
Орталық комуникациялар қызметіндегі брифингіде ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дарын Тұяқов биыл 928 елдімекен 3G және 4G интернет желілерімен қамтамасыз етілетінін айтты.
«Қазіргі әлемде адамдар негізінен мобильді құрылғыларды пайдаланады және осы сәтте Қазақстанда 34 миллионға жуық мобильді құрылғы тіркелген. Оның ішінде интернетке қосылған ұялы байланыс құрылғысын пайдаланатын 14,9 млн абонеттік белсенді пайдаланушы бар. Олар цифрлық әлемде тұрып жатыр. Осыған байланысты министрлік әкімдіктермен бірге 13 ақпан күні меморандумға, одан кейін әкімдіктер келіскен кестеге қол қойды. Бұл кестеде ауылдық жерлерде мобильді интернетті дамыту жұмысы белгіленген», – деді вице-министр.
Оның атап өтуінше, осы жылдың соңына дейін 250-ден астам тұрғыны бар 928 елді мекен жылдамдығы жоғары 3G және 4G интернет желілерімен қамтамасыз етіледі.
«Сонымен қатар Қазақстан қосылу жылдамдығы 100 мБит/секундпен интернет қызметіне арналған ең төменгі тариф бойынша әлемнің 5 елінің қатарына кіретінін атап өткен жөн», – деді Дарын Тұяқов.