Жаңалықтар

Төтенше жағдай: құжат рәсімдеп үлгермеген азаматтар айыппұл төлемейді

ашық дереккөзі

Төтенше жағдай: құжат рәсімдеп үлгермеген азаматтар айыппұл төлемейді

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметі төтенше жағдай енгізілуіне байланысты Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен көші-қон қызметі орталығы уақытша жабылғанын мәлімдеді.  Бұл – коронавирус инфекциясының таралмауы үшін қолға алынған шара. Көші-қон желісі бойынша мемлекеттік қызмет тек «электрондық үкімет» порталы арқылы көрсетіледі. Мамандардың айтуынша, ел тұрғындары арасында аса сұранысқа ие қызметтің бірі – азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеу және тіркеуден шығару. Бұл өңірде жыл басынан бері осы қызметті алуға 12 мыңнан астам адам жүгінген. Бұл – көші-қон қызметі бөліністері көрсеткен қызмет көлемінің үштен бірі. Аталмыш қызметті Халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ, 7,5 мың адам «электрондық үкімет» порталы арқылы онлайн-режимде алған. «Қазіргі уақытта бірқатар қызмет түрін онлайн-режимге көшіру бойынша жұмыс атқарылуда. Әзірге бұл процесс аяқталған жоқ. Бұдан бөлек, адамдарды жауапкершілік мәселесі алаңдатады. Карантин кезеңінде техникалық себептерге байланысты құжаттарын ресімдеп үлгермегендер әкімшілік жауапқа тартылмайды», – дейді СҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбілов. Жалпы жыл басынан облыста көші-қон қызметі халыққа 36 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсеткен.