Жаңалықтар

Павлодардағы кәсіпкер қандастар онлайн жиын өткізді

ашық дереккөзі

Павлодардағы кәсіпкер қандастар онлайн жиын өткізді

«Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы», «Отандастар қоры» және  Павлодар облыстық фронт-офисінің ұйымдастыруымен Павлодар облысына көшіп келіп, кәсіпкерлікпен айналысып жүрген қандас кәсіпкерлермен онлайн жиын өтті. Кездесуге «Отандастар қорының» Бизнес және жобаларды акселерациялау департаменті басшысының орынбасары Анас Баққожаев, Қандастарды ақпараттық қолдау орталығының меңгерушісі Болат Заутұлы, Департамент маманы Талант Мағжаев, Павлодар облыстық фронт-офисінің сарапшысы Сабит Жанатұлы және облыстағы қандас кәсіпкерлерден 11 адам қатысты. Кәсіпкерлер жиһаз жасау, қоғамдық тамақтандыру, көлік жөндеу, тігін, мал шаруашылығы және тағы басқа салада өз ісін табысты дөңгелетіп отыр. «Моңғолиядан көшіп келгеніме 2,5 жыл болды. Қазақы ою-өрнекпен әшекейленген сөмке, әмиян және басқа да ұлттық бұйымдар жасаймын. Мемлекеттен кәсіпкерлікті қолдауға арналған 6 пайыздық жеңілдетілген грант аясында 3 миллион теңге қаржы алдым. Ол үшін 6 миллион теңгеге кепілдік қойдым. Бізге өте ауыр болды. Алайда бұйымдарымды жасай бастадым. Әзірше қасымда көмекшім бар, барлығын екеуіміз істейміз» – деді кездесу барысында сөз алған Шарбақты ауданында тұратын кәсіпкер Гүлнар Өнерхан. Онлайн кездесуге қатысқан Аққулы ауданы тұрғыны Бейбит Гадысұлы: «Мен аяқ киім жасаумен айналысамын. Ата кәсіппен айналысқаныма 15 жыл болды. Өнімдерім сапалы, сұранысқа ие. Аяқ киім жасау үшін шикізатты Ресейден аламын, ол өте қымбатқа түсіп тұр. Аяқ киім жасайтын шикізатты, яғни қырымды еліміздегі кәсіпорындардан алсақ арзанырақ бола ма деген ойым бар. Бірақ біздің елімізде қырым өндіретін кәсіпорындар жоқ болғандықтан амалсыз шетелден алуымызға тура келіп тұр», – дейді. Май ауданының тұрғыны кәсіпкер Жанат Санат: «Қытай Халық Республикасынан көшіп келгенмін. Жиһаз жасаумен айналысамын. Кепілдік қойып, мемлекеттен 3 миллион теңге көлемінде грант алдым. Қазір кәсібімді жүргізіп отырмын. Біз жиһаз жасайтын материалдарды шеттен аламыз. Қазіргі туындаған жағдайға байланысты материалдың жоқтығынан жұмысым тоқтап тұр» – дейді. Павлодар қаласының тұрғыны Шайзада Аллаберген: «Моңғолиядан көшіп келгенмін. Үйімнің жанында шағын техникалық қызмет көрсету станциям бар. Адамдардың көліктерін оңдаймын. Енді шағын техникалық қызмет көрсету станциямды кеңейтіп, 10 адамға  жұмыс орын ашып, қала орталығынан ашсам деген ойым бар, соған қолдау көрсетсеңіздер», – деген ойын айтты. «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» мен «Отандастар қоры» КЕАҚ-тың Павлодар облыстық фронт-офисінің сарапшысы Сабит Жанатұлы Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен «Отандастар қоры» КЕАҚ  құрылғанын, қордың мемлекеттік мекемелер мен құзырлы органдар, бизнес структурасымен тығыз байланыс орнатқанын айтты. «Отандастар қоры» елге көшіп келген қандастарымызды жан-жақты қолдау мақсатында облыстарда қоғамдық қабылдау кеңселерін ашқанын баяндай келе, Павлодар облыстық фронт-офис жұмысымен таныстырды. «Отандастар қорының» бірыңғай байланыс орталығы бар екенін, 1404 тегін байланыс номерінің жұмыс істеп тұрғанын баяндады. Кездесу барысында Анас Баққожаев «Отандастар қоры» «Отандастар қоры»  КЕАҚ жанын құрылған Бизнес және жобаларды акселерациялау департаментінің жұмысымен толық таныстырды. «Шетелден көшіп келген қандастарымызды қолдау сапалы ақпарат пен кеңес беруден басталады. Биыл мемлекет тапсырысы бойынша 20 мың сұрақ-жауапты қамтитын үлкен мәлімет базасын құрып, байланыс орталығын ашылды. Осы орайда телефон, әлеуметтік желі, кейбір жағдайда видео арқылы да хабарласып, туындаған сауалдардың барлығына жауап алуға мүмкіндік бар. Бизнесті қолдауға арналған қазақстандық бағдарламаларға қатысуға көмектесе аламыз. Қазақстанда бизнесті дамыту мен қолдау бойынша ерекше жағдай жасалуда. Оның ішінде «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының субсидия мен кепілдендірілген займдары,  Еңбекпен қамту бағдарламасы, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау көрсететін бағадарламалар бар. Барлығына қандастарымыз қатыса алады. Сонымен қатар «Атамекен» іскерлік үйінің орталық офисінде жұмыс істейтін қызметкерлер мемлекеттік қолдау шараларын қосуды қарастырады. «Отандастар қорының» Бизнес және жобаларды акселерациялау департаментінің жиында айтылған ой-пікірлердің ескеріледі, кез келген сұрақтармен мамандарға жүгінуге болады», – деді Анас Баққожаев.