ЖАҚСЫНЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫН АЙТ, НҰРЫ ТАСЫСЫН
ЖАҚСЫНЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫН АЙТ, НҰРЫ ТАСЫСЫН
Мемлекет басшысының «Біз біргеміз» атты үндеуінің аясында елімізде тындырылып жатқан істер аз емес. Осы орайда ел ішінде үлкен жүректі атымтай жомарт жандардың әлеуметтік көмекке мұқтаж талай жандардың алғысын алып, шарапатын тигізіп жатқаны қуантады. Редакциямызға хабарласқан сонау Алматы облысы, Қарасай ауданының тұрғыны, тұрақты оқырманымыз да телефон арқылы ақжарма тілегін жаудырған-ды.
СӘУЛЕ ХАМЗАҚЫЗЫ, Алматы облысы, Қарасай ауданының тұрғыны:
– Амансыздар ма, менің сүйікті басылымым, «TYRKISTAN» газетінің ұжымы. Сіздер билік пен бұқараны байланыстырып тұратын алтын көпір тәрізді қашанда тек жақсылықтың жаршысы болып жүресіздер. Сіздер арқылы елдегі көптеген саяси және қоғамдық маңызы бар оқиғаларды қалт жібермей, апта сайынғы нөмірлеріңізді тағатсыздана күтіп отыратын оқырмандарыңыздың бірі боламын. Мен өз басым, Президентіміздің мұрындық болуымен қолға алынып отырған осы бір бағыт-бағдар мен нақты тапсырмаларды үлкен жүрекпен қабылдап, азаматтық іс-әрекеттермен көрсетіп, көпке үлгі болып жүрген қазақтың мәрт, жомарт ер-азаматтарының барына ерекше сүйсіндім. Мәселен, біздің облысымыздың Қарасай ауданы мен ауылының бірқатар тұрғындары «Тәуекел Газ Құбыры» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің иесі Нұрбаев Данияр Молдиярұлының сын сағаттағы жасап отырған қайырымдылық көмектеріне дән риза. Облыстық мәслихат депутаты Д.М. Нұрбаевтың жеке бас демеушілігімен «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық» атты арнайы жобалардың аясында жалғызбасты қарттарға, тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға, өзге де ерекше қажеттілігі бар әлеуметтік топтар статусын иеленген азаматтарға, жалпы алғанда 30 отбасына дәл қазіргі қиын жағдайда бірінші кезектегі қажетті тауарлар мен азық-түліктер тегін таратылу жолымен үлестірілді.
Айта кету керек, ол жерде антисептикалық құралдар да назардан тыс қалмаған. Бұдан бөлек, Ұзынағаш ауылында орналасқан аталған жекеменшік кәсіпорын өңірдің Қарасай, Жамбыл және Талғар аудандарындағы елді мекендеріне табиғи газ құбырын жүргізіп, тұрғындарға көгілдір отынның игілігін ұсыну ісімен айналысып келе жатқан кәсіп иесі Данияр Молдиярұлы жоғарыда атап өткенімдей айтулы санатқа енетін бірқатар жанұяларға тегін газ құбырын үйіне тартып беріп, тұрғындардың ерекше ықыласы мен алғысына кенеліп отыр.
Бүкіл әлемді әбігерге салған індеттің әсері бәрінен бұрын халықтың әлсіз топтарына салмақ салғаны белгілі. Елімізде қолға алынған осы «Біз біргеміз» акциясына еліміздің осындай белгілі азаматтарының үн қосып жатқандығы – көңілге қуаныш ұялатады.
Пікірді дайындаған: Әсел Жақсыбай