2000-ға жуық медицина қызметкеріне үстемақы төленді

2000-ға жуық медицина қызметкеріне үстемақы төленді

2000-ға жуық медицина қызметкеріне үстемақы төленді
ашық дереккөзі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың коронавируспен күресіп жатқан медицина қызметкерлеріне көмек көрсету туралы тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында 1 994 дәрігер үстемақы алды. COVID-19 инфекциясымен күресте аянбай еңбек етіп жүрген мамандар жұмыс қауіптілігіне қарай 3 топқа бөлінген. Тәуекелдің бірінші тобына өте қауіпті жағдайда жұмыс істейтін 27 қызметкер енді. Екінші санат қауіптілігіндегі дәрігерлер мен фельдшерлерге, яғни 337 медицина маманына үстемақы төленді. Үшінші топқа 1 630 қызметкер еніп отыр. Үстемақы алғандар реанимация бөлімдерін қоса алғанда, жұқпалы аурулар стационарларының дәрігерлері, карантиндік аймақтағы орта және кіші буын медицина қызметкерлері, сондай-ақ провизорлық стационар мен жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері және жедел-жәрдем жүргізушілері. Қазығұрт аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері әрі облыстың бас инфекционист-дәрігері Бақтығали Ережепов қиын сәтте індетпен күресіп жүрген ұжымдағы әр қызметкердің ерлігі мен табандылығын ерекше бағалайтынын айта келе: «Қазығұрт ауданының медицина қызметкерлеріне бөлінген барлық дәрігерлер мен орта және кіші буын қызметкерлеріміз үстемақыларын алып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес беріліп жатқан бұл қаржылай көмек және ынталандыру сала мамандарына үлкен қолдау болды», – дейді. Аталған ауруханаға қарасты провизорлық госпитальдың дәрігері Бақыт Ақынғазиева 2 санат бойынша 425 мың теңге үстемақы алды. Төрт баланың анасы, асыл жар атанған дәрігер қарусыз майданда адам өмірін арашалап жүріп бір айға жуық уақыт жақын туыстарын көрмеген. Өз кәсіби қызметін басты міндет санайтын абзал жан барлық әріптестерінің атынан алғысын жеткізді.