Жаңалықтар

«Атбайдың шайқасы» Якутск кинофестивалінде бас жүлдені иеленді

ашық дереккөзі

«Атбайдың шайқасы» Якутск кинофестивалінде бас жүлдені иеленді

Режиссер Әділхан Ержановтың «Атбайдың шайқасы» фильмі VI Якутск Халықаралық кинофестивалінің «Үздік фильмі» атанды. Бастапқыда фестивальді 18-22 наурыз аралығында Якутск қаласында толыққанды форматта өткізу жоспарланған болатын, алайда коронавирус індетіне байланысты оны жабық режимде өткізіп, тек қазылар алқасы үшін қатысушы фильмдердің көрсетілімі ұйымдастырылып, жеңімпаздарды жариялау туралы шешім қабылданды. Халықаралық қазылар алқасын ресейлік кинорежиссер Борис Хлебников  басқарды, сондай-ақ қазылар алқасы құрамына режиссер Эдуард Новиков пен Элла Манжеева кірді. «Жеңімпаз фильм «Атбайдың шайқасы»  – бұл әркелкі кейіпкердің таңғаларлық оқиғасы, басында ол жағымсыз боп көрінгенімен, соңына қарай оның қайғылы өмірін түсіне, сезіне бастайсың. Қарапайым оқиға өте керемет тілмен айтылған. Бұл оқиғаның айтылу мәнерінің өзінде бір сиқыр жатыр. Әрине бұл басты жүлде», – деп бағалады қазылар алқасының төрағасы Борис Хлебников. «Фестиваль командасы мен бағдарламалық директор Алексей Медведевке алғысым шексіз! Мұндай қиын уақытта кино мен өнер үшін күресетін нағыз жанашырлар бар екенін мойындауымыз керек. Сонымен бірге, қазылар алқасының барлық мүшелері мен менің сүйікті ресейлік режиссерлерімнің бірі Борис Хлебниковке «Атбайдың» жеңуіне мүмкіндік бергені үшін рахмет. Сондай-ақ фильмнің бүкіл командасын осы жеңіспен құттықтаймын және баршаңызға денсаулық тілеймін!» – кинокартина режиссері деді Әділхан Ержанов. Short Brothers және Arizona Productions компанияларының қатысуымен Sunny Production компаниясы жасаған картинаның әлемдік премьерасы өткен жылы 35-ші Варшаваның Халықаралық кинофестивалінің негізгі конкурстық бағдарламасында өткен болатын. Фильмнің бас продюсері Әсел Сәдуақасова картинада басты рөлдердің бірін орындап шықты. «Атбайдың шайқасы» фильмі аралас жекпе-жек бойынша турнирге қатысуға бел буған көше бұзақысы Атбайдың (актер Данияр Алшинов) өмірі жайлы баяндайды. Ол бұл турнирде жеңіске жетуді көздейді,  өйткені ол үшін бұл жеңіс – жаңа өмір бастау, үлкен спортқа қайта оралу және өзінің сүйіктісі Аиданы (Динара Бақтыбаева) қайтару мүмкіндігі.