Жаңалықтар

Алматыда ауыр халде болған екі науқастың жағдайы оңалып келеді

ашық дереккөзі

Алматыда ауыр халде болған екі науқастың жағдайы оңалып келеді

Алматыда коронавирус салдарынан ауыр халде болған екі науқастың жағдайы оңала бастады. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді. Науқастардың бірі 46 жастағы азаматша ауруханаға үшінші наурыз күні келіп түскен. Оған "СOVID-19 бойынша расталған оқиға, ауруханадан тыс екі жақты полисегментарлық пневмония, тыныс алу жеткіліксіздігінің ауыр дәрежесі" диагнозы қойылған. Әйел адамды азғантай физикалық жүктеменің өзінде бірден күшейе түсетін демікпе, жөтел мен әлсіздік мазалаған. Екінші науқас 1955 жылы туған. Ол да ауруханаға дәл осы белгілер бойынша жүгінген. Емхананың жансақтау бөлімінде екеуіне де коронавирус инфекциясын емдеу хаттамасына сәйкес вирусқа қарсы және антибактериялық терапия жасалған. Оған қоса, оксигенотерапия, инвазивті емес ӨЖВ, кеуде қуысының аппаратты вибромассажы сияқты емдік шаралар іске асырылды. "Емдеу барысында оң динамика көрсеткен науқастардың жағдайы жақсарып, демікпе мен әлсіздіктің азаюына байланысты олар жай палатаға ауысты" , - деді басқарма басшысы Тлеухан Әбілдаев. Айта кетейік, елімізде коронавирус жұқтырғандар саны 880-ге жетті.