Алматыдан облысқа кіріп-шығу схемасын жасаған такси жүргізушілері ұсталды
Алматыдан облысқа кіріп-шығу схемасын жасаған такси жүргізушілері ұсталды
Алматы полициясы жолаушыларды карантин аймағынан заңсыз шығарып жүрген такси жүргізушілерін анықтады, – деп жазды ҚазАқпарат.
Қалалық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, мұндай заңбұзушылықпен Алматы және Алматы облысының шекарасында орналасқан екі үйдің тұрғындары айналысқан. Олар азаматтарды қаладан облысқа және кері тасымалдау схемасын жасаған.
«Олар қалай әрекет етті? Такси жүргізушілерінің бірі шартты түрде қаладан клиент алып, оны Алатау ауданындағы Теректі ықшамауданында орналасқан жеке үйге алып барады. Клиент одан әрі жаяу жүріп, ауладан өтеді, содан кейін жалпы қақпадан Алматы облысының Қарасай ауданы, Көксай ауылында орналасқан тағы бір жеке ғимараттың ауласына кіреді. Жолаушыны қақпаның ар жағында тағы бір такси жүргізушісі күтіп тұрады және ол клиентті діттеген жеріне жеткізеді. Жүргізушілер Талғарға жеткізгені үшін 8 мың теңге алған. Ал екі көрші бір адамды бір бағытқа өткізгені үшін 3 мың теңгеден алып отырған», – деді Алматы қалалық полиция департаменті басшысының орынбасары Берік Әбілбеков.
Өткен түнде «транзиттік бизнестің» барлық ойыншылары ұсталды. Олардың әрқайсысының әрекетіне заңға сәйкес шара қабылданғаннан кейін құқықтық баға беріледі.